Мәдениет

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

еңбегің мен ақылың екі жақтап

Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен Жамбыл политехникалық колледжінде еліміздегі көшбасшы партияның «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында өткен шарада өңір жастары «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергенмен жүздесті. Талас ауданының шалғайдағы Үшарал ауылындағы орта мектепті 1974 жылы бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінен журналистика мамандығын алып шыққан Мейрамбек Мылтықбайұлы – өмірдегі орнын өз мамандығы арқылы тапқан қаламгер. Сондықтан да болар, ол 35 жыл республикалық бірнеше басылымдарда, соның ішінде «Егемен Қазақстан» газетінде 10 жыл жемісті еңбек етіп, саяси қызметтер атқарумен қатар, Президентімізбен бірге әлемнің бірқатар елдеріне іссапарға шыққан. Президент сыйлығы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесінің лауреаты атанған. Осындай жауапты қызметтерді атқара жүріп, сегіз кітап жазып үлгерген екен. – Мемлекетті құраушы халық болғанымен, мемлекет халықты тәрбиелеуі тиіс. Еліңе пайдаңды тигізу үшін білімді болу аз. Жастар жан дүниесі рухани бай, тәрбиелі, мәдениетті болуы тиіс. Отанына, отбасына адал, жауапкершілікті сезіне білсе ғана жалпы қоғамдағы орны елеулі болады. Адамның өмірден өз жолын табуы алған тәрбиесі мен мәдениеттілігіне байланысты. Сол себепті, жастардың кітапты көп оқығаны дұрыс. Мысалы, қолына кітапты алғаш ұстаған балаға алдымен ертегі, батырлар жырын оқуға кеңес берер едім. Өйткені, ондағы оқиға қиялдан өрілсе де оқырманын отаншылдыққа, ерлікке, жауыздықпен күресе білуге тәрбиелейді. «Менің атым Қожа» атты кітапты оқығанда әркім өзінің балалық шағымен қауыша алады деп ойлаймын. Ұлттық болмысыңды тану үшін Абайды, М.Әуезовтің «Абай жолын» оқы. Ақындардан Мұқағали Мақатаевты, Тұманбай Молдағалиевті оқыған дұрыс. Ақыл қажет болса, Қадыр Мырза Әлінің шығармасына жүгін. Бір адам кітап оқымаса, ол сол адамның қасіреті. Ал бүкіл адам кітап оқымаса, онда ол бүкіл ұлтқа төнген қасірет. Сол үшін жастардың әдеби кітаптармен сусындап өскені қажет. Көбіне біз абырой-бедел ұғымына біржақты қараймыз. Негізінен, ол екеуі екі басқа. Абыройдың құны басым. Ол адамға еңбек, адалдық, шыншылдық, жауапкершілік секілді жақсы қасиеттермен келеді. Ал бедел – уақытша нәрсе. Өйткені, ұры да, қылмыскер де айналасына беделді болуы мүмкін. Бірақ, ол абыройлы емес және ұзаққа бармайды, – дейді Мейрамбек Төлепберген.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».