«Денсаулық» бағдарламасы дамуға бастайды
«Денсаулық» бағдарламасы дамуға бастайды
Толқын Өмірбаева, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі орынбасары.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 100 нақты қадам» – Ұлттық жоспарын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдың 15 қаңтарынан бастап 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Аурушаңдықтың алдын алу, адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігін арттыру және саламатты өмір салтын сақтауды кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан бағдарламадан күтілер нәтиже көп. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының негізгі қызметі де аталған бағдарламаның бірінші кезеңі аясында көзделген міндеттерді орындауға байланысты өрбуде. Биыл облыс бойынша денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 40 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге 34,1 миллиард теңге қарастырылған. Облысымызда жыл сайын жаңа медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салынып, денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылып, қазіргі заманға сай соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 1 454,5 миллион теңге қаржыға Талас ауданы, Қаратау қаласындағы және Меркі ауданы, Меркі ауылындағы бір ауысымда 250 келушіге арналған аудандық орталық емханалар құрылыстарын аяқтап, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, осы жылы облыстық бюджет есебінен 4 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы бір ауысымда 40 келушіге арналған, Сарысу ауданы, Жайылма ауылындағы 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар, Талас ауданы, С.Шәкіров ауылындағы 10 келушіні қабылдау мүмкіндігіне ие фельдшерлік-акушерлік пункт және Мойынқұм ауданы, Қияқты бекетіндегі ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункт салуға 366,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, материалдық-техникалық базаны нығайтуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 1,3 миллиард теңге қарастырылған. Есепті кезеңде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 73,56 пайызға жетті. «Денсаулық» бағдарламасын іске асыру үшін есепті кезеңде 2,5 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде «Денсаулық» бағдарламасының мақсатты индикаторлары бойынша біршама көрсеткіштерге қол жеткізілді. Нақтырақ айтсақ, алғашқы жартыжылдықта жалпы өлім-жітім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тұрақты деңгейде 100 мың тұрғынға шаққанда 2,8-ді, табиғи өсім 7,6-ны құрады (2015 жылы 7,5 болған). Сондай-ақ, нәрестелердің шетінегені азайып, әр 1000 туған балаға 9,8-ді құрады (2015 жылы – 11,1). «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 5-бағыт бойынша «Жол карталары» бекітіліп, облыста нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Онкологиялық аурулардың ықпалдастырылған моделін енгізу» бағыты бойынша тұрғындар арасында қатерлі факторлар, ерте диагностикалау және алдын алу, скринингтік тексерулер бойынша тиісті іс-шаралар өткізілді. Онда онколог, гинеколог, маммолог дәрігерлер консультация беріп, жалпы 1745 адам скринингтік тексерулерден өтті. 1187 түрлі іс-шара өткізіліп, оған барлығы 30 653 адам қатысты. Заманауи құрал-жабдықтармен, бәсекеге қабілетті инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген облысымыздың емдеу мекемелері тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде мол мүмкіндіктерге ие болып отыр.