Спорт және туризм

Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды

«Тараз-Арена» спорт кешенінде 1996-1998 жылдары туылған жастар арасында асық атудан ел біріншілігі өтті. Оған Астана қаласынан және еліміздің бірнеше облысынан спортшылар қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Назарымбет Ізімбетов, асық атудан облыстық федерацияның президенті Әділхан Омаров ойыншыларға сәттілік тіледі. Бұл жарыс асық атудың бестабан түрі бойынша өтті. Алғашқы ойынында Оңтүстік Қазақстан облысы құрамасын жерлестеріміз 4:0 есебімен айқын ұтып, келесі ойында қостанайлықтармен тең ойнады. Білікті бапкер Бауыржан Бейсембиевтен тәлім алатын жамбылдықтар келесі ойындарда да сәтті ойнады. Шешуші ойында астаналықтардан 4:0 есебімен басым түскен жерлестеріміз чемпионаттың жеңімпазы атанды. Бұл жеңіске Дархан Ахмедалин, Дархан Аханов, Жандос Аханов секілді жерлестеріміз мергендігімен ерекше үлес қосты. Екінші тұғырға қостанайлықтар көтерілсе, астаналықтар үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, қыздар арасында бес асық (шекемтас) ойынынан бәсеке өтті. Бұл ретте де Дана Галиакпарова баптайтын жерлестеріміз топ басынан көрінді. Наргиза Дадабаева, Ақбота Ермахан секілді үздік ойыншыларымыз сырт облыстан келген қарсыластарынан шеберліктері жоғары екенін байқатты. Жарысты бас төреші Ескендір Ахметов қорытындылап, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады. Бұл күні халқымыздың ұлттық ойыны жаңғырып, жамбылдықтардың асығы алшысынан түсті.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».