Денсаулық

Достастық өміршеңдігін дәлелдеді

Достастық өміршеңдігін дәлелдеді

Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкек қаласына барды. Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше елдер басшыларының кеңесіне қатысты. Бұл іс-шараға сондай-ақ Әзірбайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон қатысты. Қазақстан Президенті отырыс Достастықтың құрылуының мерейтойы жылында өтіп отырғанын айтты. – 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негізі қаланған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бүгінде елдерімізді жақындастыра түсетін бірегей алаң болып қала береді. Біздің Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды іске асыра отырып, өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді. Сондай-ақ, Достастықтың тәжірибесі ЕАЭО және ШЫҰ тәрізді интеграциялық ұйымдарға да септігін тигізді. Осылайша, Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы зор тарихи мәнге ие болды. Менің бастамам бойынша бүгін біз ТМД-ның 25 жылдығы жөнінде мәлімдеме қабылдап отырмыз. Ол бағдарды айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қояды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге Мемлекет басшысы жақында өткен G-20 саммитінде әлемдік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық саясатты үйлестіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. – Саммитте дамудың ескірген моделін алмастыру және жаһандық индустриялық революциядан соң келген жаңа сандық экономикаға көшу мәселелері талқыланды. Бұл – энергияның жаңа түріне, валютаның жаңа санатына және қоғамдық қарым-қатынастың жаңа формаларына негізделген қоғамдық өндірістің жаңа тәсілін табу мен игере бастаудың нышаны. Жаңа проблемалар алдында ТМД аясында бізге де тығыз өзара іс-қимыл жасап, бірлескен жобаларды жандандыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Достастықтың қазір 2008 жылы қабылданған экономикалық даму стратегиясын іске асырудың үшінші кезеңіне көшкеніне назар аударды. – Қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы жағдай айтарлықтай өзгерді. Сондықтан Қазақстан Достастық елдерінің экономикалық дамуына серпін беруге арналған шара­лар жиынтығын жандандыра түсуді ұсынды, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ТМД елдерін дамытудағы көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызды рөлін атап өтті. – Кей жағдайда ауқымды көлік-транзиттік жобаларды іске асыруда елдер арасында бір-бірін қайталау кездесіп қалады, өзара келісудің жетіспейтіндігі байқалады. Осыған байланысты, бұл саладағы саясатымызды үйлестіру қажет. Бұл жобаларымыздың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы өткен жолғы кездесуде ТМД-ны заманауи жағдайға бейімдеу қажеттігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін кеңеске қатысушылардың есіне салды. – Тараптардың белсенді өзара іс-қимылы арқасында Достастықтың тиімділігін арттыратын нақты шаралар әзірленді. ТМД қызметін жетілдіріп, оның функционалдық икемділігіне қол жеткізу үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіп отыру қажет, – деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы ТМД-ға 2017 жылы Ресей Федерациясының төрағалық етуі жөніндегі шешімді Қазақстанның құптайтынын жеткізді.