Әлеумет

«Болашақ энергиясы» форумына 60-тан астам халықаралық ұйым қатысты

«Болашақ энергиясы» форумына 60-тан астам халықаралық ұйым қатысты

Астанада «Болашақ энергиясы: баршаға қуат» халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Бұл «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының Астанадағы ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында өткізілетін маңызды тақырыптық шаралардың бірі. Форум – көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбын ашты. Оған энергетика саласының майталман мамандары, жетекші сарапшылар, ғалымдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Басқосу аясында тұрақты энергетика, энергоүнемділік пен энерготиімділік, СО2 шығындарын азайту мәселелері әлеуетінің дамуы да талқыланды. – Біз Астанада болатын көрмеге халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылықтың бар екендігін көріп отырмыз. Бүгінде ЭКСПО – 2017 көрмесіне 103 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатындығын растады, – деді форумның салтанатты ашылу сәтінде «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. Көрме нысандарының құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы біткен. ЭКСПО-2017 көрмесіне халықаралық деңгейде билет сатылу басталды. Халықаралық Көрмелер бюросымен келісулер нәтижесінде билет құнын мейлінше төмен бағада сақтап қалуға қол жеткізілген. Жалпы, форум жұмысына 60-тан аса халықаралық ұйым өкілдері қатысты.