Саясат

Тіл – халықтың қазынасы

Тіл – халықтың қазынасы

Тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасы, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. 25 жылдың бедерінде мемлекетіміз біртұтас тіл саясатын қалыптастырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейді. Соның арқасында қазақ тілі қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тіліне айналды. Бұл – еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі. Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы және «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мемлекеттік тіл саясаты жүзеге асырылуда. Ал өңірімізде бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Мемлекеттік тілді білетіндердің үлес салмағы қанша? Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаевамен сұхбатымыз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тілді меңгергендердің үлес салмағын арттыру болса, екінші бағыты мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейтуге бағытталған. Үшіншісі – қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыруды, төртіншісі – лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызуды көздейді. Бағдарламада көзделген меже бойынша 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 90, ал орыс тілін меңгергендердің үлесі – 90, ағылшын тілін меңгергендер – 25 пайыз, жалпы үш тілді білетіндердің үлесі – 20 пайыз болуы тиіс. Осы көрсеткіштер негізінде аймақты дамыту бағдарламасы әзірленіп, облыста 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 100 пайызға жеткізу көзделген. Ағылшын тілін меңгергендер – 18,5, үш тілді меңгергендердің үлесі – 14,5 пайызды құрауы тиіс. Белгіленген мерзімге бар-жоғы төрт-ақ жыл қалды. Біз көздеген межеге қол жеткізе аламыз ба? Осыны зерделеу үшін біз әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде бүгінгі таңда облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді – 95,09, орыс тілін – 91,0, ал ағылшын тілін – 8,03 пайызы меңгергенін, үш тілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлей алатындар 8,02 пайызды құрайтынын анықтадық. Бір ескере кететіні, талдау жұмыстары ересектер арасында ғана жүргізілді. Бұған мектеп жасындағы жеткіншектерді қоссақ, біздің белгіленген межеден көрінеріміз анық. Бұл – мемлекеттік тіл саясатының жемісі. Жастарды тіл білуге ынталандырудың нәтижесі. Өңірімізде өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінің білгірлеріне, қазақ жастары арасындағы орыс тілі білгірлеріне және үш тілді жетік меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі байқаулар мен тіл олимпиадалары көп тілді білуге ұмтылдырып отыр. – Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағытында мемлекеттік тілді меңгергендердің үлес салмағын арттыру міндеттелгенін айтып өттіңіз. Көздеген межеге қол жеткізу үшін өңірлерде Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылғаны белгілі. Бүгінде бұл орталықтардың құрылымы өзгерген болар, себебі заман талабы көп тіл білуді қажет етіп отыр емес пе? – Иә, өркениет көшінде нық адымдаған еліміз мемлекеттік тілді дамытумен қатар «Үш тұғырлы тіл» саясатының қажеттілігін алға тартуда. Елбасының сөзімен айтсақ,«Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – XXI ғасырдың заңы». «Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Сондықтан, бұдан мемлекеттік тілдің мәртебесі кемімейді. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының 95,09 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгергені, 80-нен астам этнос өкілдерінің 54 пайызға жуығы қазақ тілінде еркін сөйлей алатыны – соның айғағы. Мемлекет басшысы 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында: «Үш тілдің кеңістігі» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп атап көрсеткен болатын. Тілдерді білу жеке адамға ғана емес, қоғамның дамуы үшін де маңызды. Әлемдегі дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан еліміз үшін «Үш тұғырлы тіл» саясаты керек. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 4 желтоқсандағы №126 Жарлығымен бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, үштұғырлы тіл саясатын дамыту бөліміне де ағылшын және үш тілді меңгерген тұрғындардың үлесі деген екі нысаналы индикатор қосылды. 2016 жылдан бастап облыс тұрғындарының мемлекеттік тілмен қатар, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейіне мән беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Ұлт жоспарында көрсетілген үш тілде оқытуға көшуді бастап кеттік. Басқарманың құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Мемлекеттік тілді оқыту орталығы – Тілдерді оқыту орталығын – болып өзгерді. Орталықта биылға дейін мемлекеттік тілді меңгертуге басымдық беріліп келген болса, қазіргі уақытта ағылшын және орыс тілдерін де оқыту жұмыстары жүргізілуде. Оқыту орталығында облыс көлеміндегі барлық сала қызметкерлеріне курстар ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілмен қатар ағылшын, орыс тілдері де тегін оқытылады. 10 ауданда да үш тілде оқыту курстары ашылды. Бүгінде тілдерді оқыту орталығында 26 этностың өкілі қазақ тілін тегін оқып үйренуде. Тіл үйренушілердің жалпы саны – 1837. Оның 731-і – қазақ, 1106-сы – өзге ұлт өкілі. Жалпы тыңдаушылардың 542-сі – мемлекеттік қызметші, 1101-і – бюджеттік саладағы қызметкер, ал 194-і – басқа саланың мамандары. Бір айта кететіні, 1837 тыңдаушының 1219-ы мемлекеттік тілді оқып үйренуде. Алғашқы жартыжылдықта ағылшын тілін оқып-үйрену курсына 410 талапкер жазылды. Ағылшын тілінде дәріс алатын 36 топта 396 қазақ, 14 өзге ұлт өкілі оқиды. Орыс тілін оқып-үйрену курсында 208 тыңдаушы бар. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты туралы заңын және «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын және 2015-2020 жылдарға арналған «Үштілді білім беруді дамыту Жол картасын» басшылыққа ала отырып,Тараз мемлекеттік педагогикалық институтымен меморандум жасастық. Меморандум аясында үштұғырлы тіл саясатын насихаттау, үш тілді меңгерген, сауатты жастардың санын арттыру үшін 50 студент Тілдерді оқыту орталығында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар оқып-үйренетін болады. – Мемлекеттік қызметшілер «Қазтест» жүйесі бойынша сынақ тапсыратынын білеміз. «Қазтесттің» қажеті қанша?» деп жүргендер де жоқ емес. Осы жүйенің мән-маңызына тоқтала кетсеңіз... – Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі №835 Қаулысымен «Қазтест жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы» мақұлданған. Халықаралық тәжірибелерге (ІЕLТS (Ұлыбритания) және ТОЕFL (АҚШ) сүйене отырып, тілді білуді бағалаудың көпдеңгейлі «Қазтест» жүйесі әзірленді. Бір сөзбен айтқанда, «Қазтест» – азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей, осы жүйе бойынша мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 2017 жылы 80 пайызды құрауы тиіс. Мемлекеттік бағдарламада «Қазтест» жүйесінің В1 деңгейін меңгергендерді 25 пайызға, С1 деңгейі бойынша – 5 пайызға жеткізу жоспарланған. Басқарма мемлекеттік бағдарламаны орындау және белгіленген индикаторларға қол жеткізу үшін облыста Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесе отырып, мемлекеттік және бюджеттік, ішкі істер, әскери сала қызметшілеріне «Қазтест» жүйесіне негізделген мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау сынағын ұйымдастырады. Барлық сала қызметкерлері үшін 20 сағаттық оқыту курстары жүргізіледі. Облысымызда алғаш рет 2013 жылы «ҚАЗТЕСТ» диагностикалық тестілеуінен 2391 қызметкер өткен. 2014 жылы – 1691, былтыр – 2861, биыл 1725 қызметкер сынақ тапсырды. Осы айдың 19-24 аралығында облыстағы 4700 мемлекеттік қызметшінің 1000 – ы осы жүйе бойынша тест тапсырады деп жоспарлануда. – Заңда іс-қағаздарын жүргізу тілі – мемлекеттік тіл екені айқын көрсетілген. Біздің өңір бұл мәселе бойынша алда екенін әлдеқашан мәлімдеген. Қазіргі ахуал қандай? – «Тіл туралы» Заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi – мемлекеттік тіл болуы тиіс.Облыс бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 2016 жылдың І жартыжылдығында 99,0 пайызды құрады. Бұл – тек мемлекеттік мекемелердегі көрсеткіш. Мемлекеттік емес мекемелердегі іс-қағаздар мәселесі ойлантады. Жасыратыны жоқ, кейбір мекемелер Қазақстан Республикасының тіл туралы заңының тиісті баптарын орындамай отыр. Басқарма заң талаптарына сәйкес тек мемлекеттік мекемелерді ғана тексере алады. Бұл заңның орындалуына бақылау жүргізуге шектеу болып отыр. – Көшеге атау беру – өте күрделі мәселелердің бірі. Облыстағы ономастикалық ахуал қандай күйде? Жалпы, көше дегеннен шығады, жарнама тіліндегі сақаулық, әлеуметтік желілердегі сауатсыздық туралы да ой қозғай кетсеңіз... – Иә, ономастика – тіл саясатының басым бағыттарының бірі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның ономастикалық картасында біздің тарихи және рухани құндылықтарымыз көрініс тапты. Десек те, соңғы жылдарда атау беру мәселесі мына бір шетін мәселені алға шығарып отыр. Басылым беттерінде «Ауылға атасының, көшеге көкесінің есімін бергендердің» тартысы кезінде басылым бетінде сан мәрте жазылды да. Тіпті, ру тартысын, бақталастықты қайта қоздырғандай болған. 2007-2013 жылдары республика бойынша ономастика саласында жұмыс жүргізуге уақытша мораторий жарияланған болатын. Мораторийді әрі қарай жалғастыру керек пе, әлде тоқтатқан жөн бе, ол біздің құзырымызда емес. Дегенмен, 2015 жылдың қаңтарынан биылға дейін нысандарда, әкімшілік-аумақтарға атау беру, атауларды өзгерту тоқтап тұрды. Бірақ, 2015 жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай Кеңес Одағы Батырлары мен бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, нысандарға беру жұмыстарын тоқтамнан тыс жүргіздік. Облыстық ономастика комиссиясы 2015 жылы Шу, Талас, Меркі, Қордай аудандарындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген жалпы 12 көшеге ҰОС ардагерлерінің есімін беру туралы ұсынысты мақұлдады. Ал республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Тараз қаласындағы атауы жоқ жаңа 2 көшеге Д.Баянов пен П.Тілеубаевтың және Меркі ауданындық білім бөліміне қарасты №7 орта мектебіне ҰОС ардагері, Социалистік Еңбек Ері А.Тұрғымбаевтың есімді берілді. Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімінің «№7 Жетітөбе орта мектебін» Тұрсын Әкімовтың есімімен қайта атау туралы Үкімет қаулы жобасына зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2015 жылы 14 көше және 2 нысанға жаңа атау берілді. Қазір Үкімет қаулысымен атау берілмеген елді мекендерге, көшелерге, нысандарға атау беруді жалғастыру ұсынылуда. Бұл жұмыс қоғамдағы патриоттық рухты нығайту мақсатында жүргізілуі тиіс. Мәселен, биыл Ы.Алтынсариннің 175 жылдығына орай, Ә. Бөкейхановтың –150, Қ.Мұхамеджановтың, К. Кенжетаевтың, Х.Ерғалиевтің, Б. Бұлқышевтің – 100 жылдық мерейтойлары. Елге белгілі осындай азаматтардың есімдері мерейтой кезінде қайта жаңғыртуға рұқсат беріледі. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі бізге атауларды пікір қайшылығын тудырмайтын тарихи атауларға өзгертуге ұсыныс жасауда. Және атау беруге байланысты көше көрсеткіштерін бір үлгіде жазуды ұсынуда. Жалпы облысымызда 150 ауылдық округ, 3 аудандық маңызы бар қала, 384 елдімекен, 5394 көше бар. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде есімдері халық жадынан ұмыт бола бастаған батырлар мен билердің, көрнекті мемлекет және қоғам, әдебиет, өнер және мәдениет қайраткерлері мен ғалымдардың есімдері ортамызға қайта оралды. Сол арқылы ұлт тарихының – жаңа беттері ашылды. Олардың құрметтеріне ауылдарға, мәдениет және білім нысандарына, көшелер мен саябақтарға есімдері беріліп, еңселі ескерткіштері бой көтерді. Тәуелсіздік алған жылдан бері – 1924 көше, 172 нысан, 146 елді мекен атауы қайта аталды. Жалпы, өңірдегі атау беру жұмысын ретке келтіру міндеті жүктелген облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясы 2005 және 2010 жылдар аралығында облыс бойынша 240 көшенің атауын өзгертіп, оның 214-не адам аттары (Байтана батыр, Сәдуақас Әліпшеев, Жақан Сабалақов және т.б.), 28-іне (Күреңбел, Көлбастау, Кәріқорған және т.б.) тарихи атаулары қайтарылған және 6-ауына жаңа атаулар (Желтоқсан, Жастар, Жібек жолы, Достық) берілген. 10 ауыл мен 2 ауылдық округ (Т.Рысқұлов ауданына қарасты Ленин ауылдық округі – Ақбұлақ, Меркі ауданындағы Ленин жол ауылы – Ақжол, Красная заря –Тұрлыбай батыр, Мойынқұм ауданындағы Қызыл ту - Көкжелек, Қордай ауданындағы – Славное ауылы – Арал, Рисполе - Бәйтерек, Жуалы ауданындағы – Маяк–Майбұлақ, Марьяновка – Ақтоған және Юсуповка – Көктас және тағы басқа) жаңа атауларға ие болған. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда, сондай-ақ, оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызға ие, қоғамдық сананы қалыптастыратын қозғаушы күштің бірі көрнекі ақпараттар екендігі белгілі. Бүгінгі таңда сыртқы көрнекі ақпарат мәтіндерінің қате жазылуы, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың жүйелі сипат алмауы қоғамда жиі сынға ұшырап, халық наразылығын тудыруда. Көшелердегі көрнекі ақпарат құралдарындағы жазулар мен мекеме маңдайшалары да елді мекеннің келбетіне үлкен үлес қосары сөзсіз. Сыртқы көрнекі ақпарат кез-келген сауатымызды айқындап, сол өңір халқының мемлекеттік тілге, тіл саясатына деген құрметін білдіретіні анық. Десе де, бұл салада әлі күнге дейін сын көтермейтін олқылықтар орын алуда. Қатемен күрес жүргізу үшін ағымдағы жылдың тамыз айында басқарма «Мемлекеттік тілге құрмет – азаматтық міндет» атты көшпелі семинар ұйымдастырды. Семинарда арнайы әзірленген көмекші құрал таратылып, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әзірленуіне әдістемелік көмек көрсету мақсатында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары талқыланды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз» деді. Еліміздің өркениетті елдер санатына қосылуы үшін мемлекетіміздің мәртебесін танытатын мемлекеттік тілді одан әрі өркендетіп, дамытудың маңызы зор.

Әңгімелескен Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».