Білім

«Болашақ» бағдарламасы 700 стипендия бөлді

«Болашақ» бағдарламасы 700 стипендия бөлді

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасына құжаттарды қабылдау бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының өкілдері өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, мемлекеттік органдар және мекемелермен кездесулер өткізіп бағдарламаның қандай мүмкіндіктер беретінін түсіндіруде. Өңірімізде осындай кездесу М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өтті. Жиынды облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев жүргізіп отырды. – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен осыдан 23 жыл бұрын «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Содан бері 12 мыңнан астам жасқа шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туды. Қазір соның тоғыз мыңнан астамы елге келіп, әр салада қызмет етуде. Біздің өңірімізде де «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерде білім алып келген түлектер бар. Олар әр салада қызмет атқаруда. Бүгін облысымыздағы жоғары оқу орындарының студенттері мен түлектеріне сол бағдарламаның игілігін, бағыттары мен талаптарын түсіндіру үшін арнайы мамандар келіп отыр. Білімін шыңдағысы келетін жастарымыз үшін бұл – таптырмас мүмкіндік, – деді Тараз мемлекеттік университетінің халықаралық байланыстар мен стратегиялық даму жөніндегі проректоры Сағат Жүнісбеков. Кездесуде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру департаментінің менеджері Әйгерім Мақажанова, аталмыш орталықтың оқуды ұйымдастыру және мониторинг департаменті менеджері Дина Омарова студенттердің қойған сауалдарына кеңірек тоқталып, жауап берді. Әйгерім Мақажанова «Болашақ» бағдарламасының негізгі талаптарына, стипендиаттардың конкурстан өту рәсімі мен оқу процесінің ерекшеліктеріне тоқталды. – Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу мүмкіндіктері кеңейтіліп отыр. Ағымдағы жылы 700 стипендия бөлінді, былтырғымен салыстырғанда 100-ге артқан. Сондай-ақ, конкурсқа құжаттарды қабылдау жеңілдетілді. Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша оқу үшін жаңа санат енгізіліп, конкурстық рәсімдер жетілдірілді, – деді ол. Аталмыш орталықтың оқуды ұйымдастыру және мониторинг департаментінің менеджері Дина Омарованың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасының ресми әкімшісі – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 30 қыркүйекке дейін стипендияға үміткер Қазақстан азаматтарынан құжаттарды қабылдауды жалғастырады екен. – Бағдарламаны дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес стипендиялар «Магистратура», «Докторантура», «Резидентура» және «Тағылымдамалар» бойынша тағайындалып, оларға санатына қарай жекелеген талаптар қойылады. Үстіміздегі жылы «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдаудың екі кезеңі және олардың нәтижелері бойынша екі конкурстық іріктеу өткізілді. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия қорытындыларына сәйкес 313 стипендия тағайындалды. Оның 199-ы магистратура, 18-і докторантура, 96-сы тағылымдама бағдарламалары бойынша. Қазір құжаттарды қабылдаудың үшінші кезеңі шеңберінде стипендия тағайындау үшін үміткерлерді тарту мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Дина Мұқашқызы.

Наурызбек Сарша, «Ақ жол».