Көпшілік көңілін нұрландырды
Көпшілік көңілін нұрландырды
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Құрбан айт намазына қатысты
Қасиетті Құрбан айт күні таң алакеуімнен жұртшылық облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіне қарай ағылды. Олардың көңілінде Алланың ризашылығы үшін айт намазына қатысу ниеті тұрғаны мәлім. Жамағаттың осы тілек-ықыластарына облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев бастаған ел ағалары да ортақтасты. Алланың сөзі саналатын қасиетті Құран аяттары оқылған соң, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облыстағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаевтың Құрбан айттың маңызы, тәртібін түсіндірді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиналған жұртшылықты Құрбан айтпен құттықтады. – Қадірлі көпшілік! Келіп жеткен ең ұлық мереке Құрбан айт құтты болсын! Алланың жолында шалуға ниеттенген құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Алланың қалауымен ерекше маңызға ие болған осындай күндерде мұқтаж жандарға қолұшын берсеңіз, жетім балаларға көмектессеңіз, ондай ізгі істеріңіздің сауабы өте мол. Биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланады. Осынау ширек ғасырда мемлекетіміздің халықаралық дәрежедегі беделі өте жоғары екенін сезіндік. Экономикамыз еселеп өсті. Мұның барлығы – Елбасының парасатты саясатының жемісі. Осы жылдар ішінде елімізде өзге діндермен қатар Ислам дінінің өркендеуіне кең жол ашылды. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған мешіт бой көтерді. Мұның бәрі – ұрпаққа ұлағат болатын игі істер. Құрбан айт құтты болсын! Әр шаңыраққа амандық, береке, жақсылық тілеймін! Келесі Құрбан айттарға басымыз аман, бауырымыз бүтін жете беруімізді Жаратқан нәсіп етсін. Мереке құтты болсын, ағайын!, – деді облыс басшысы. Тілегі – ортақ ниеті бір жамағат бас имамға ұйып, айт намазын оқыды. Бір мезгілде сәждеге бас қойғандардың тілектері имандылықпен астасып, жүректері нұрланып тұрғандай болды. Құран оқылып, көпшілік аруақтарға бағышталған дұға-тілекке қол жайды. «Құрбан айт құтты болсын, айт намаз қабыл болсын!» деп бірін-бірі шынайы көңілмен құттықтап жатты. Үлкен құлшылықпен имандылық үйінен шыққандар облыстық мешіт әкімшілігі ұйымдастырған құрт, ірімшік, сары май, сүзбе, қаймақ секілді ұлттық тағамдар қойылған айт дастарқанынан дәм татты. Облыс әкімі атынан орталық мешіт қасапханасында құрбандыққа өгіз шалынды. Мешітте ерлер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Әйелдер намазханасында қазақтың ұлттық дәстүрінен көріністер көрсетілді. 300-ден астам мұқтаж жандарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға Жаратушының ризашылығы үшін ет таратылды. Соңыра барша жамағат үйді-үйге тарап, үш күнге жалғасатын айт мерекесін бастап кетті. Мұндай шара қаладағы және аудандардағы мешіттерде де жалғасын тапты.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Cуретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.