Таразда «Ақылды аялдамалар» салынбақ
Таразда «Ақылды аялдамалар» салынбақ
Соңғы екі жылда облыстық прокуратура тұрғындар үшін тиімді 10-нан астам жоба әзірлеп, жүзеге асырған. Оның ішінде экологиялық мәселелерге қатысты, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсету, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жұмыстарын жандандыру мен ұлтаралық татулықты нығайту секілді ауқымды бастамалар бар. Облыс прокурорының міндетін атқарушы Айдос Майлыбаевтың айтуынша, алдағы уақытта да осындай бірнеше жоба жоспарланып отыр екен. Облыстық прокуратурада өткен жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Дастан Асқар, Мұрат Садықов, облыстық прокуратураның басқарма басшысының орынбасары Талғат Жолдасбаев, басқарманың аға прокуроры Аброй Азаматов пен әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бойынша прокурор Дәурен Базарбаев жүзеге асырылғалы жатқан әлеуметтік маңызы бар 5 жобаны таныстырды. Аталған жобалар тұрғындарға көрсетілер қызмет сапасын арттыруға, қоқыс пен қатты қалдықты жоюға, тұрғындардың мемлекеттік органға деген сенімін арттыруға, мемлекетті іштей ірітетін сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алуға бағытталған. – Облыс әкімдігі және тағы да басқа жауапты мекемелермен бірлесе отырып, алдағы уақытта осы 5 жоба бойынша жұмыс істейтін боламыз. Бұдан басқа тағы 4 жоба әзірлену үстінде. Олар жүзеге асырылатын болса, тұрғындарға тигізер пайдасы мол болмақ, – дейді Айдос Серікханұлы. Дәурен Базарбаевтың айтуынша, қоғамдық көліктердің тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жоба жүзеге асса, Тараз қаласында «ақылды аялдамалар» пайда болады екен. – Тараздағы жолау-шыларды тасымалдау қызметі қазіргі заман талабына сай емес екені баршаға мәлім. Сондықтан, тұрғындардың қоғамдық көлікпен жүріп-тұруын жақсартуымыз керек. Қоғамдық көліктерде, аялдамаларда жолаушыларға ыңғайлы қызмет көрсетілуі тиіс. Жол бойындағы аялдамалар автобустардың жүретін бағыты мен тоқтайтын аялдамаларды хабарлап отыратын болады. Сонымен қатар, экологиялық тазалық үшін жанар-жағармаймен жүретін қоғамдық көліктерді газды отынға ауыстыру мәселесі де шешілуде, – дейді ол.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».