Жаңалықтар

Тарихи атауларға басымдық берілуі тиіс

Тарихи атауларға басымдық берілуі тиіс

«Ақ жол» газетінің 9 маусымдағы №67 (18261) санында «Кеңестік атаулар таскенедей жабысып тұра бере ме?» атты сын мақала жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасынан жауап хат келді. Жауаптың мәтіні төмендегідей. Қазіргі таңда облысымызда 153 ауылдық округ, 3 аудандық маңызы бар қала, 384 елді мекен, 5394 көше бар. Оның ішінде: Қордай ауданында – 19 ауылдық округ, 41 елді мекен, 521 көше. Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан 1991 жылдан бері ата-бабамыздан қалған тарихи-географиялық ерекшеліктері ескерілген топонимикалық атауларды қайта қалпына келтіру барысында Қордай ауданындағы 13 елді мекен, 195 көше және 14 нысанға жаңа атаулар берілді. Десек те, солақай саясат тұсында көптеген жер-су аттары, тарихи топонимдер орысшаланған. Сол атаулардан әлі күнге арыла алмай жүргеніміз жасырын емес. Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу барысында саяси-идеологиялық тұрғыда мәні ескірген атаулардың көбісі Меркі, Қордай және Шу аудандарында екендігі анықталды. Қордай ауданында 1 ауылдық округ, 1 елді мекен, 126 көше және 2 нысан қайта атау беруді талап етеді. Оның ішінде Масаншы елді мекеніндегі 70 көшенің 27-сі өзгеруі тиіс. Елбасының 2010 жылғы 12 қарашадағы тапсырмасына сәйкес ономастикалық нысандарға атау беру немесе қайта атау мәселесін қарауға жарияланған мораторий 2014 жылы ғана алынды. Облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясы аталған мәселеге байланысты жинақталып қалған тұрғындардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қанағаттандыру мақсатында 2014 жылы облысымыздағы атауы жоқ 162 көшеге жаңа, 73 қайта атауды талап ететін көшелерге атау беру туралы ұсыныстарды мақұлдады. 2015 жылдың 30 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес республика көлемінде өмірінде аты еңбекпен шықпаған, республикада және әлемдік деңгейде танылмаған, биіктен көрінбеген кісілерді жалаң ұлықтау науқаны етек алуына орай әрі жүйесіздікке жол бермеу мақсатында нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге кісі есімдерін беруге нақты критерийлердің қайта әзірленуіне байланысты 2016 жылға дейін атау беру және қайта атау мәселесі уақытша тоқтатылды. Дегенмен, 2015 жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батырлары мен бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, нысандарға беру жұмыстары тоқтамнан тыс жүзеге асырылып, облыс бойынша 14 көше және 2 нысанға жаңа атау берілді. Осы тұста, идеологиялық тұрғыдан ескіріп, қайта атауды талап ететін 126 көшесі бар Қордай ауданынан тек 1 ғана ұсыныс түсіп, мақұлданды. Атау беру және қайта атау мәселесіне жол ашылған сәтте де өте баяу жүргізілді. Ономастика мәселесіне қатысты бір сөзінде Елбасы «Бұл – аса байыптылықты, терең зерттеуді қажетсінетін іс. Бағзы бабаларымыз атауға аса талғампаздықпен қарап, өңірдің сыры мен сымбатына, табиғи ерекшелігіне баса зер салған. Мәселен, Көкшетау, Ұлытау, Үшқоңыр, Қарауылтөбе, Мыңтөбе, Аңырақай, Есіл, Ертіс, Еділ, Жайық... Осы құлағыңа ән боп құйылар атауларды Абылай, Жошы, Құнанбай, Исатай, Махамбет, Мөңке деп неге өзгертпеген? Немесе, Англияда-Шекспирдің, Америкада-Хемингуэйдің, Францияда-Бальзактың атында елді мекен бар ма? Жоқ. Демек, ендігі жерде ат жарыстырып, ата салыстырып жататындарға қатаң тыйым салуға тиіспіз», – деген. Елбасының осы сөздерінен нәтиже шығаратын уақыт келгенін елдің тұтқасын ұстап отырған әкімдер түсініп, өздері басқарып отырған аудан, ауыл, елді мекен атауларына назар аударулары қажет-ақ. Басқарма тарапынан облысымыздағы атауларды, оның ішінде кісі есімдеріне берілген атауларды зерделеу барысында облысқа немесе ауылға қатысы жоқ және аты танымалдардың қатарынан да табылмаған есімдердің бар екендігі анықталып отыр. Ал есімдері ұлт мақтанышына айналған Керей мен Жәнібектің, Абылай мен Әбілхайыр хандардың, Әлихан Бөкейханов, Ақтанберді жырау, Мұстафа Шоқай, Ақан сері, Біржан сал, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Шәкен Айманов сияқты тұлғалардың есімдерімен аталған көше немесе нысан жоқ. Қала көшелеріне, білім ошақтарына аты аталған ұлы тұлғаларымыздың есімі берілсе жараспай ма? Неге, саяси-идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын Бейбітшілік, Мәңгілік ел, Сарайшық, Сусамыр және тағы басқа атаулармен қайта атамасқа? Бүгінгі күні, нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге кісі есімдерін беруге нақты критерийлердің қайта әзірленуіне байланысты атау беру және қайта атау мәселесі уақытша тоқтатылуына орай, Масаншы ауылдық округіндегі саяси-идеологиялық тұрғыда мәні ескірген атауларды қайта атау туралы жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру, насихат жұмыстары жүргізілуде. Атау беру мәселесін түбегейлі шеше салу мүмкін емес. Себебі, ономастикалық нысандарға атау беру мәселесі ұжыммен, көше, ауыл тұрғындарының пікірлері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Көшенің немесе елді мекеннің атауын өзгерту барысында жаңа атау беру жөніндегі насихат жұмысын байыппен жүргізу жұмыстың – ең бастысы. Алдағы уақытта, ономастика мәселесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер қолданысқа енгізілген жағдайда, нақты критерийлер аясында Масаншы ауылдық округіндегі отаршылдық саясаттың көзіндей сақталып қалған атаулардан арылу бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Осы тұста жергілікті тұрғындардың назарын аударатын тағы бір жайт – атау беру мәселесіне түсіністікпен қарау керек. Көше, елді мекен немесе мектепке атау беру мәселесі сол жердегі жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып, шешілетіндігін ұмытпаған жөн. Президент Әкімшілігіне хат жаздым, енді мәселе шешіледі деп әуре-сарсаңға түсудің де қажеті жоқ деп ойлаймыз. Себебі, жоғары жақтың нұсқауымен атау беру мәселесі түбегейлі шешілетін кеңес дәуіріндегі кездер артта қалды. Бүгінде әрбір мәселені тиянақты шешу үшін сүйенетін нақты заң талаптары мен тәртіп бар.

Мөлдір АБАШОВА, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы.