Саясат

Президентпен жүздесу

Президентпен жүздесу

(Естелік)

«Жыл өтті үлкен жүрек тоқтағалы Біз оны сағынамыз жоқтап әлі», – деп абыз ақын Әбілда айтқандай қаланың Құрметті азаматы болған, 60 жыл ұстаздық еткен, ана тілінің жанашыры, қадірлі қария Әкім Садықбековтің де дүниеден өткеніне жыл толып қалыпты. Оның мағынаға толы өмірінің ең бір елеулі кезеңі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздескен кезбен байланысты еді. Бәрі де облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің арнайы шақыруынан басталған. – Әбеке, – деп бастаған әкім сөзін барынша сыпайы. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел жағдайын үнемі бақылап, қадағалап отыратынын білесіз. Өңірлерді аралап қана қоймай, елінің қадірлі азаматтарымен, еңбек адамдарымен де жиі- жиі бас қосып, жай сұрасып тұрады. Соның ішінде ақсақалдармен сұхбаттасуға, ой- пікірлерін білуге ерекше мән береді. Биыл соның кезегі келген екен. Әр облыстан бір-бір қадірменді қарияны шақырыпты. Соған біз сізді лайықты деп тауып отырмыз. Мұны мына облыстық ардагерлер кеңесі де мақұлдап отыр. Осыған не дейсіз? – деген еді облыс басшысы. Әкім бұл сенімнің салмақты екенін бірден ұқты. Жай ғана кеңеске қатысып қайту емес. Оның алдында Жамбыл аймағының келелі мәселелерін жеткізу, бітпей жатқан шаруа мен қол жеткен жетістіктерді де Президентке толымды етіп баяндап беру міндеті тұрған. Осы мәртебелі кездесуге әр облыстан 18 қария таңдалып алынып, 2002 жылғы 10 сәуір күні Алматы қаласындағы Президент резиденциясында қабылдау өтті. Кездесуден бір күн бұрын, 9 сәуір күні сағат 16.00-де Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Астанадан «Сарыарқа» газетінің редакторын, Павлодардан қажылыққа барып келген қажы әрі жекеменшік шаруашылық иесі Ж. Құдайбергеновті және Әкім Садықбековті арнайы қабылдап, алдағы кездесуді өткізудің тәртібімен таныстырып, жиынды кім бастайды, кім аяқтайтынын белгіледі. Жиында бірінші болып 15 минут сөйлеу Әкім Садықбековке табысталып, құран оқу мен аяқтау Ж. Құдайбергеновке тапсырылады. Ол ең алдымен халқымызға тән ерекше қасиеттердің бірі – сабыр мен парасаттылық жөнінде айтты. Осы кезеңде қаншама қиындық көрсе де дегдар, бекзаттығы мен сабырлығын, басқа ұлттарға деген сый, адал ниетін сақтай білген халқымыз енді-енді жақсылыққа бет бұрып, оның алғашқы қуанышын сезіне бастағанын кең толғап жеткізді. Сондай-ақ, зейнеткерлердің зейнетақылары мен мемлекеттік жәрдемдерін айма-ай уақтылы алып тұруы, соңғы кездері жабылып, қысқарып қалған білім мен мәдениет ошақтарының қайтадан ашылып, кең өріс алуы, Қаратау мен Жаңатас сияқты шағын қалалардың қайта жаңғыра бастауы, химия өндірісі жұмысындағы жаңалықтар және Амангелді газ кен орнының халық игілігіне айнала бастауы теп-тегіс баяндалды. Мұнан соң бірінен кейін бірі сөз алғандар өз елінің, өз жерінің жағдайын кезекпен айтып жатты. Сыр елінің күріші, Атыраудың мұнайы, Қарағандының көмірі, Оңтүстіктің мақтасы ауызға алынып, олардың дамуына қандай мүмкіншіліктер барлығы сарапқа салынды. Президент риза көңілмен: – Рахмет, ағалар. Сіздердің сөздеріңізден ел ішінің хал- жағдайына әбден қанықтым. Бұл мен үшін болашақ іс-әрекеттеріме белгілі бағыт-бағдар беретін болады деп бастады сөзін. Жалпы, отырыстың өзі 2 сағатқа белгіленген екен. Әңгіме-сұхбат ауқымы сол уақытқа сыймай 4 сағатқа созылыпты. Осы жиында Президент әр облыстың өкілі болып келіп отырған қариялардан қол жеткен табыстармен бірге кемшіліктерді де қалдырмай айтып отыруды және оны қалай жөндеуге болатынын, елдің пікірін талдай, ашық айтуын талап етіпті. Соңында сөзді өзі қорытып, келер күннің жоспарларымен де біршама таныстырып өтсе керек. Осы кездесу үстінде Әкім Садықбеков мүлде күтпеген бір жаңалық болыпты. Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары мектеп- интернатта директор болып істеп жүргендегі шәкірттері Мұхамедқасым Шәкенов пен Санақ Әбеуов екеуі мұның алдынан шығып, ел сөзін ұстап келген ұстазының қолын алып құттықтап жатты. Өзі тәрбиелеген түлектерінің ел азаматы болып өсіп, лауазымды қызметте істеп жүргенін Әкім аға көзімен көріп қуанып қалады. Бұл екі азамат Президент және Үкімет аппараттарының жауапты қызметкерлері болып істейді екен. Елге оралған соң ел сәлемін Президентке әдемі жеткізе білгені үшін облыс әкімі Серік Үмбетов ардагер ағаға өз ризашылығын білдіріпті.

Рахым Садықбеков.

Тараз қаласы.