Білім

Көргені жақсы көш бастар

Көргені жақсы көш бастар

ҚР Ұлттық бизнес-рейтинг одағының ұйымдастыруымен жүргізген жұмыстың қорытындысы бойынша 2016 жылдың үздік кәсіпорны болып танылған облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығы республика, облыс кәсіпорындары арасынан «Сала көшбасшысы – 2016» марапатына ие болды. Осы марапаттың сүбелі сыбағасы болып табылатын «Сала көшбасшысы – 2016» қабырға алтын медалімен және «Жалпы салық», «Өрлеу қарқыны», «Даму серпіні», «Сала көшбасшысы» көрсеткіштері бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды. Сөз жоқ ұйымдасқан ұтады. Сол ұйымшылдықты ұйытып отырған орталық директоры, педагогика ғылымдарының докторы Дүйсенбек Абдраимовтың басшылығымен осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Көрегендікпен іс бастап, жұмыс жасап, еңбек еткендіктен де оның жемісі мол, абыройлы болатыны даусыз. Осы мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталығы облыстағы мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлап, біліктілігін арттыру бойынша қызмет көрсететін бірден-бір мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып табылады. Орталық жұмысы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының типтік бағдарламасына сәйкес бекітілген жоспарға сай жүргізіледі. Бағдарлама аясында «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік кадрлық саясат», «Мемлекеттік қызмет көрсету», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның орындалуына арналған тақырыптары бойынша заман ағымына сәйкес түрлі тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға жоғары оқу орындарының психолог мамандары мен шетелдік оқу орындарының лекторлары шақырылды. Мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін көтеруге бағытталған осындай шараларды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Оқыту процесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментімен келісе отырып, облыс әкімі аппаратының басшысы бекіткен оқу кестесі бойынша жүргізілді. Оқу жылының басынан бүгінге дейін облыс бойынша қызмет атқарып жүрген 695 мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде 219-ы қайта даярлау бойынша, 476-сы біліктілігін арттыру семинарларына қатысып, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы Заңына» сәйкес арнайы куәліктер мен сертификаттарға ие болды. Осы жұмыстардың өз уақытында ұтымды және нәтижелі болуына тікелей себепші болатын бір фактор – қаржылық әрекеттерді ұйымдастыру. Бұл – орталықтың бірнеше жылдар ішіндегі кешенді менеджменттік іс-әрекетінің нәтижесі.

Тәттігүл Орынтаева, облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығының жетекші консультанты.