Жүйткіген жүйріктер
Жүйткіген жүйріктер
Астанадағы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде жамбылдық Көгершін атты тұлпар үздік үштіктен көрінді
Өткен жексенбіде Астанада «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтті. Үшінші рет өткен аламан жанкүйер асыға күтер дәстүрлі дүрмекке айналды. Алғаш рет 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына, өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтулы бәйге биыл Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 25 жылдығына орай өткізілді. Ат құлағында ойнаған, бәйге десе делебесі қозатын қазақ аламанға ат қосуға қашанда асық. Сондықтан да, аталмыш бәйгеге жыл санап жүйрігін баптап, қосушылар саны артып келеді. Сарыарқа төсінде кезекті рет ұйымдастырылған додаға 67 жүйрік қатысып, үздік тоғыздыққа жүлде таратылды. Былтыр «Шамал» атты жүйрігін қосып жеңімпаз атанған қордайлық Есбол Жаппасов биылғы аламанға Көкдауыл есімді тұлпарын баптаған екен. Алайда, Көкдауыл соңғы айналымда аяғы сынып аламаннан шығып қалды. Десек те, бұл жолы да жамбылдық шабандоздар құрқол қайтқан жоқ. Облысымыздың намысын қорғаған «Көгершін» атты сәйгүлік үздік үштіктен көрінді. Атап айтар болсақ, соңғы айналым аяқталар тұста шабандоздар тізгінді босатқанда үш жүйрік суырылып алға шықты. Екпіндей шапқан Көгершін, Көкбастау, Жаннұр атты тұлпарлар мәреге құйрық тістесе жеткен. Дегенмен, Жаннұр көмбені кесіп, «Алтын тұлпар» атанды. Қарағандылық Көкбастау тұлпары екінші, жамбылдық Көгершін сәйгүлігі үшінші келді. Айта кету керек, Нұржан Еселбаевтың «Көгершін» атты 6 жасар арабы көк бедеуін аламанға қосқан шабандоз – Нұрболат Айдаралы. 51-нөмірде 51 шақырымдық аламанға түскен тұлпарды Мұрат Құдайбергенов баптаған жүйріктің бабы келсе, әлі талай додада топ жарады дейді. Сонымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» ІІІ республикалық турнирінде сары даланың сайын төсінде арындай шапқан жүйріктердің ішінде үздік 9 сәйгүлікке ҚР «Самұрық-Қазына» ҰҚ бәйге берді. Бас жүлде – 10 миллион теңге.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».