Фәнилік драма
Фәнилік драма
– Құдайым бұйыртпаса алғыр ақыл, «Тағдырым бәрінен де қалды ғапыл!..» – деместен, мынау Өмір қан базар ғой, Қадірлім, қарыштайық барды батыл! * * * – Әділдікке қиянат қасарады!.. Енді ашуды кім қайтіп баса алады?!. Қиянаттан қып-қызыл қан қарайса, Одан, байқа, лаңкес те жасалады. * * * Өртенсең де қорлыққа ашынғанда, Мұң басады ыза-ашу басылғанда. Сол шақырар ащы арман: «Кетсем етті, Мұнан басқа кез-келген ғасырларға!..» * * * Жемқор ата шақырып немерені: – Әкеңді де үйреткем, – деген еді. – Көп сөйлемей келгенге өтінішпен, Біл: шамасы қандай – дүр, не береді?.. * * * – Айдап тастап намысты, арды алысқа, Ендігіміз... жай ғана жанбағыс па?.. – Қалай ұйқың келеді боп жатқанда, Жақсылық пен жамандық арпалыста?! * * * Бір күні қош дейміз ғой бұ Жалғанға, Кетсек те, кетпесек те біз арманда. Тек, әттең, елім деген даналардың, Өмірі өлшенбей-ақ ұзарғанда!.. * * * – Ес кетердей бір көріп мүлде менен, Сиқыр ма бұл?.. Сұлулық бұл не деген?! Сөзбен оны бейнелеу мүмкін емес!.. Ең дұрысы, шамасы, үндемеген. * * * «Кетті ме, – деп жүргенде, – сайтан алып?!», Жан жалыны лауласа-ау қайта жанып! Жатар ма еді тәтті шақ, ләззатты сәт, Қайталанып, шіркін-ай, қайталанып!.. * * * Бір басқа талант, қайрат егіз келген, Адамды тапсам деумен ел ізденген. Ал тапты... ішінде оның жатыр нелер?.. Мақсат па ізгілікке негізделген?.. * * * – Бір дана сұрай қалса төрелікті, Мақтанба деп өзіме өре бітті. Өренің бар биігі, аласасы, Болады аласасы көне, күпті... * * * Атақ сұрап көп жазып – сызғаны үшін, Қасаңдықты сахнада бұзғаны үшін алса... ол атақ, Құдай-ау, не береді?.. Берері анық... басқаның қызғанышын. * * * – Бұ Жалғанда тірелген бәрі айлаға, Қадамыңды анық бас абайла да. Ал шақырса Ұлы Алла – керексің сен!.. Ештеңеге айлалап қарайлама. * * * – Қасиеті шығар бұл бірбеткейдің: Сізге деген көңілді еш кірлетпеймін. Мені қанша сыйлайсыз – дәл білмеймін... Ал мен сізді өлгенше құрметтеймін! * * * – Сен кеткелі, о қанша жылдар өтті!.. Дей алмаймын тез өтті, жылдам өтті. Шаш ағарды, түсті әжім, ең ауыры – шаттық шалқыр жүзімді мұңдар өпті... * * * Аспан да, Жер де әдемі жаратылған, Күн қандай нұрын шашып дара тұрған!.. Адамзат неге алауыз алтыбақан? Бассыздық басталмақ па жаңа, тыңнан?.. * * * Заманды барлап, ойға енгенде мен, Бұл жұртқа бір «Керемет» келген дер ем: қартайдық десе Абай елуінде, Би билеп қазір сексен ербеңдеген!.. * * * – Ей өрен! Құлағыңды, кел ас, тыңда: тарихты сыйлап, бетін сен аштың ба?.. Тағзым ет әрбіріне, қабатталып, Төрт Тараз жатыр мына жер астында! * * * Жарқ-жұрқ еткен жұлдызы – тастары да, Балалықтың басқа еді-ау аспаны да! Құс Жолына түсуші ек қиял мініп... Енді мұнар... шыннан-ақ басқаны ма? * * * – Қазіргі ең бір сұмдық одағайлық: қанағат жоқ! Жоқ қою оны абай ғып. Бұзылып бітті бейіл, ой-ниетте де!.. Құртады-ау Адамзатты Қомағайлық! * * * Жырларым жайлы... жақсы айтылады... Сонда да ертелеу-ау айту әлі... Ал енді достарыма құлаққағыс: – Жұлдызым менің ылғи жай туады. * * * Түсімде қысылам да жүрем ылғи, Онда да басар жерім – кілең ылди. Запыста бәрінен де болды ма өңде, Соғады кідірістеп жүрек ілби... * * * – Отыз жеті.. Шерханша, «Қандыбалақ»... Мен бұл жылды дей көрме алды қалап. Жазығым ба шыр ету жатқан кезде ату үшін санасы барды қамап?!. * * * Ұрпақ жазған кітапқа, тасқа қашап: «Адам Ата»... Болмаған басқа шатақ... «Адам» деген адамды бірден қазақ, Қазір де жүр басқалар басқаша атап... * * * – Күттім!.. Күттім... сол пойыз жылжығанша! Минут... Секунд... Ұрлады жылды қанша?! Кездеспедік... Кездессек – басқа тағдыр?.. Тұрмыз, міне, қаймығып... мұңды жанша... * * * – Сезім – сынап жастықта секіргесін, Біліппіз бе қос арман бекінбесін?!. Қайдасың сен?.. Бір хабар... әлде сен, сен... Жердің... жо-жоқ, жарығым, бетіндесің! * * * Өмірден өзгешелік өткендегі – Трагикомедия көптен бері!.. Ойнап жүр аншлаг қып өң «актерлар», Сырт жылтыр, іші пасық, бетперделі. * * * – Бұл бала бала болды құдай ұрған!.. Қайда да ойын-сауық, ұдайы ырбаң... – дей ме екен мына заман: «Ойсыз өссін»?.. Шықпайды-ау, әй, ештеме уайымнан. * * * – Қайран ауыл!.. Ит үріп, мал шулаған... Майдай жағып барады даусың маған! Келіп тұрам сағынып бір өзіңді, Барында әлі талқаным таусылмаған... * * * Орнын тауып, ізденіп кәсіп қылған, Кәсіпкерге табылса нәсіп тыңнан, Жағасына жармасар небір құлқын, Мына елдің де еңсесін басып тұрған! * * * Онан да алып жалмаңдап, мұнан да алып, Жиғандар бар дүние құмарланып. Көбі айналды-ау кісіден кісәпірге, Ал кейбірі – түлкіге бұлаң қағып. * * * – Ештеңе жоқ тұрған тым ұнамай да... Ал көңіл зіл... Бар ма бір бұған айла? – Е, кілтипан заманда... айналаңда... «Күлсе қуана алмаған...» ұлы Абай да. * * * – Сәлем, сәлем, ақ таңым арайланған!.. Шапағыңа шарпылды қарайған маң. Жаныма да жайсаң нұр дарығандай, Көңіл сергек, ұйқым да қалай қанған! * * * – Жағаңменен араңда жаулық бардай, Екіленіп қызбалау таулықтардай, Мұның қалай, Талас-ау, долданғаның?.. Бар еді ғой ақылың дауды ұққандай... * * * – Құстай ұшып кететін бір күн менен, Өмір көркем тек сенің күлкіңменен! Естілмесе ол сыңғыр... «Бұл дүние – еш әсерсіз, іші бос дүңкіл!» дер ем. * * * – Сүймесем, о, құдайым, жарды не етем?! Мәңгіге ол жүрегімнен алды мекен... Ол мені еске алды ма?.. Еске алса, Көзінен бір тамшы жас тамды ма екен? * * * Афродита, Венера, Шолпан... жұлдыз, Әртүрлі атпен аспанда болған бір қыз... Грек-рим аруы... ренжімес, Біздің Шолпан Айдай боп толған нұр – жүз! * * * «Адам тартпай қоймайды қалыбына...» Не бұйырды әкемнен талығыма? – «Софы Аллаяр», – деп еді бір кітабын, Ойшыл ма еді?.. Ойшылдық дарыды ма?.. * * * – Асылым, сен ұялып қорғанып ең, Атыңды жырда атауға болғанымен... Сапарлап сан жылдарға кетсең мейлі, Менсіз-ақ мендік өлең жолдарымен! * * * – О, оның асқақ еді-ау мақсаттары, Сан сында рухын да ақсатпады. Сыйы елге: ой-қазына. Аһ, әттең-ай, Кетуге үлгермеді-ау тастап тағы... * * * – Айтуға тура кеп тұр өкінішпен: аярдың жағымпаздық өтін ішкен дегені болып жатса, мен пақырдың көп сөзі тұрады өңшең... өтініштен! * * * Сұлулыққа жұқ болмай ұстам мықты, Ойды ондағы құдірет-күш таң ғыпты. Бас идірген бәрін де сол керемет, Жеңе алмады өзіне құштарлықты! * * * Орынтақта отырып көк тіреген, Іс қылды ма әлеумет – көп тілеген?.. Керісінше, кербақса – о, ондайлар, Жексұрын боп ел-жұртқа өтті деген... * * * – Асыл арман – сөз жазу қанаты бар! Ұшып барса – абайлап қаратып ал. Жатырқасаң – қайта ұшыр, ал жақтырсаң, Ескерткіш боп өзіңде қала тұрар... * * * Әлмисақтан әйгілі: ғалам тыныш болса, еркін алмағы адам тыныс. Неге сойқан?.. Алланы мәжбүрлеу ме қолға алуға Жер үшін жаман тың іс? * * * Бодандықтың «бақыты» басыбайлы, Бақ етсе де... басқаны асырайды!.. Ал тәуелсіз ел болып, қорықпаса, Алдап-сұлдап арқасын қасылайды... * * * Бір-ақ сөзбен беймәлім Лавид ақын, Ататыпты ардақтап Нәбиге атын. «...Бір Алладан басқаның бәрі өткінші...» – деп ашыпты ол ақиқат табиғатын. * * * – Лавид ақын! Меккеге қайдан бардың?.. Бақытты сен тарихи жайдан да алдың. Жаһандағы атақ-даңқ, бар марапат, Бір сөзіне тұрмайды Пайғамбардың! * * * Жалған сезім... жалған сөз... Алдандық та әбден бауыр бастық қой жалғандыққа! Ал шындыққа сенуден қап барамыз, Енді оны таппаспыз арман ғып та... * * * Бұлттар, бұлттар... қауышқан, ажырасқан... Ысқырған жел... оңды-сол азынасқан... Қаратүнек... Найзағай шатыр-шұтыр... Әй, төзгенмен бәріне... қажыды аспан! * * * – Қарап тұрып сүйінем құрдасыма: Келбеті де келісті, тұлғасы да. Мінез қандай!.. Сабырлы... ал, әйтпесе, Уайымы жетеді бір басына. * * * – Ем қонбайды-ау байғұстың кеселіне... – Рак па еді... өлінің есебіне..? – Жо-жоқ, дерті: ойсыздық, салғырттығы! Толғантпайды бүгінгі... кешегі де... * * * – Қарап қылық, сөзіне, кескініне, «Періште ғой бұл нағыз, – десті, – міне!..» – Періште болған емес, болмайды да, Пенденің жұмыр басты ешбірі де! Тараз, тамыз, 2016 жыл.