«Таразымнан ешқайда кетпеймін»
«Таразымнан ешқайда кетпеймін»
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов облыстық кітапхана оқырмандарымен кездесті
Ш.Уалиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов оқырмандармен кездесті. Кездесуді облыс әкімдігі мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаев ашып, жүргізіп отырды. Елдос Сметов кездесуге уақыт бөліп келген жанкүйерлерге, кітапхана оқырмандарына алғысын білдіріп, еліне сыйлаған олжасына өзінің көңілі толатынын, алдағы уақытта да ел мерейін асқақтатып, көк Туды көкте желбірету жолында тер төге беретінін айтты. Сұрақ-жауап кезегінде жас оқырмандар Нұрай Лесбек, Алуа Жолдас, Ханзада Орынбай Олимпиада жүлдегеріне түрлі сауалдар қойып, жауаптар алды. Баспасөз саласының ардагері Мақұлбек Рысдәулеттің «Елдос, енді саған Астана, Алматыдан өзге облыстардан «құда түсетіндер» өте көп болады. Себебі, күрес түрлерінен ерлер арасында Риода жүлде салған сен ғанасың. Өзге аймақ көп көлемде қаражат төлесе барар ма едің?» деген салмақты сауалына Елдос былай деп жауап берді: – Мені 5 жасымнан күреске баптаған Жамбыл топырағы, Тараз жері. Алғашқы бапкерім Ахмет Жұмағұловтан 7-сыныпқа дейін тәлім алдым. Қазіргі жеке бапкерім Ғалымжан Жылгелдиев те Ахмет Жұмағұловтың шәкірті. Менің қалыптасуымда осы екі ұстазымның еңбегі зор. Қазірдің өзінде өзге үлкен қала, облыстардан ұсыныстар түсіп жатыр, қаржыны да жоғары төлейтіндерін айтуда. Бірақ, мен өз облысымнан, Таразымнан ешқайда кетпеймін. Осы кезге дейін сіздер тілеулес болып мені жеңіске жетеледіңіздер! Алла қаласа, алдағы уақытта да жеңістеріме өздеріңіз куә боласыздар. Халықаралық додаларда республиканың атынан, ел ішілік жарыстарда Жамбыл облысының атынан белдесуге дайынмын. Елімнің, жерімнің, ата-анамның, бапкерлерімнің, жанкүйерлерімнің сенімін ақтап, Олимпиаданың күміс жүлдесін алғаныма өте қуаныштымын. Алдағы мақсат – Токио Олимпиадасында алтыннан алқа тағыну. Бұл мақсатқа жету үшін Тараздың спорт кешендерінде дайындалатын боламын, – деді Олимпиада жүлдегері. Кездесу соңында Дүйсеналы Бықыбаев балуанға естелік сыйлық тапсырып, алдағы жарыстарда тек қана биік тұғырдан көріне беруіне тілектестік білдірді.
Есет Досалы, «Ақ жол».