Самбошылар 2 алтын, 5 қола медаль олжалады
Самбошылар 2 алтын, 5 қола медаль олжалады
Түркістан қаласында самбо күресінен жасөспірім ұлдар және қыздар арасында ел чемпионаты өтті. Чемпионатқа Астана, Алматы қалаларынан және 14 облыстан барлығы 250-ге жуық спортшы қатысты. Айтулы додаға біздің облыстан 20 жасөспірім спортшы қатысып, боз кілемде күш сынасты. Олар екі алтын, бес қола медальді еншілеп, өңір намысын абыройлы қорғады. Атап айтқанда, 56 келі салмақта Рауза Нұрмаханбетова, 60 келі салмақта Аяулым Балапанова алтыннан алқа тағынып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Сондай-ақ, 48 келі салмақта Назым Алменова, 60 келіде Нұрзат Сәлімбай, 66 келіде Данияр Ұлданбек, 72 келіде Шерхан Шаменов, +84 келіде Сұлтан Серікбай сынды жасөспірім жерлестеріміз үшінші орын үшін таласта қарсыластарын қапы қалдырып, ел чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Сөйтіп, балғын жерлестеріміз Жамбыл жері күрестің кең қанат жайған өңірі екенін тағы бір айғақтады. – Қандай жеңіс болса да үлкен еңбекпен, табандылықпен келетіні белгілі. Бұл чемпионатқа біздің облыстан жолдама алған 20 спортшының жетеуі жүлдеге ілінді. Екі спортшымыз алтын тұғырға көтерілді. Шәкірттеріміз сәтті өнер көрсетті. Олардың қол жеткізген жетістіктеріне бапкер ретінде көңілім толады, – дейді самбо күресінен облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Рахымжан Қожатаев.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».