Данияр Елеусінов 10 миллион теңгесін сал ауруына шалдыққан балаларға аударды
Данияр Елеусінов 10 миллион теңгесін сал ауруына шалдыққан балаларға аударды
Рио олимпиадасының чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов он миллион теңгені церебралды сал ауруына ұшыраған балаларға берді.
Бұл туралы “Мой Город” порталы хабарлайды. Бүгін, 7 қыркүйек күні Данияр Елеусінов отбасымен бірге туған жеріне келді. БҚО әкімі Алтай Көлгінов спортшыны алтын жүлдесімен құттықтап, алғыс білдірді. “Данияр, біз сенімен әрқашан мақтанамыз. Сен қазақстандық жастар үшін үлгісің. Сенің жеңісің – еліңнің, бапкерлік құрамның, әкеңнің жеңісі. Ол саған үлкен спорттағы жолды ашты. Сен еліңнің артқан үкілі үмітін ақтадың!”, – деді облыс әкімі. Алтай Көлгінов жерлестері атынан Данияр мен әкесіне әрқайсына 10 миллион теңгеден сыйақы табыстады. Бұл ақшаны спортшының жерлестері мен демеушілер жинаған еді. Алайда спортшы өзіне берілген бұл қаражатты церебралды сал ауруына ұшыраған балаларға көмек ретінде беретінін айтты. Ал алғыс ретінде өзінің бокс қолғабын облыс әкіміне сыйлады. “Мен өзімнің сертификатымды церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу үшін “Бәйтерек” қорына берсем деймін. Бәріміз үшін кішкентай сәбилердің осындай ауруға ұшырағанын көру өте ауыр. Мен осы ақша олардың ем-домы үшін жұмсалса деген тілегім бар”, – деді Данияр Елеусінов. Сондай-ақ, облыс әкімі жуық арада Орал қаласында Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылатынын да хабарлады.
Ақпарат көзі: Stan.kz