Экономика

САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС ӨНІМДЕРДІ ҚАЙТЕМІЗ?

САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС ӨНІМДЕРДІ ҚАЙТЕМІЗ?

бұл мәселе облыс әкімдігінің аппараттық отырысында сөз болды

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің осы жылдың 7 айында атқарған жұмыстары кеше облыс әкімдігінің кезекті аппараттық отырысында қаралды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен өткен басқосуда аталған департамент басшысы Талғат Төлендиев баяндама жасады. «2016 жылы тамыз айына дейін барлық түскен жазбаша 68 өтініш қаралды» деген департамент басшысы қаралған негізгі мәселелердің 50 пайызы бөлшек сауда, оның ішінде, тұрмыстық техника саудасы және сатушылардың тауарды ауыстырудан бас тартуы мәселелеріне қатысты екенін атап өтті. – Өнім қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде 2016 жылдың өткен мерзімі ішінде барлығы 2018 сынама алынып, оның 246-сы тағам өнімдерінен алынған 1444 сынаманың 171-і техникалық регламенттерге сәйкес еместігі анықталды. Сәйкес емес сынамалар бойынша 33 құқық бұзушылық іс-материал қозғалып, 3308425 теңге айыппұл салынды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен «Сеалекс форте» мен «Али Капс» белсенді биологиялық қоспаларға зернтханалық сараптама жүргізіп, мемлекеттік тіркеу кезінде көрсетілмеген «Тадалафил» дәрілік қоспасы анықталған. Аталған биологиялық белсенді қоспалар Қаратау және Тараз қаласындағы дәріханаларда сатылғаны анықталған. Бұл дәріханалар иелеріне әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалып, 190890 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасына сай, сүт және сүт өнімдерінің май-қышқыл құрамын анықтау мақсатымен облыс бойынша отандық өнімдерден 26 сынама алынып, Қазақ тағамтану академиясына жолданды. Сараптама нәтижесі бойынша 7 сынаманың талапқа сәйкес еместігі анықталды. Олар: «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-ның 3 сүт өнімі; «Меркі сыр зауыты» ЖШС-ның 15 пайыздық қаймағы және «Костромской» ірімшігі; «Галеника» ЖШС-ның «Бифиленд» өнімі; «Садыхан- продукт» ЖШС-ның 2,5 пайыздық айраны. Аталған өндірушілердің сәйкес емес деп танылған сүт және сүт өнімдері сатудан алынып, малға жем ретінде қолдану үшін «В» категориясына ауыстырылды.

Сонымен қатар, сәйкес емес деп анықталған отандық өндірушілердің сүт және сүт өнімдері Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сәйкес емес өнімдерінің реестріне енгізілді, – деген Талғат Төлендиев, ауызсу тазалығына қатысты аудандарда орын алып отырған олқылықтарға тоқталды. Нақтырақ айтқанда, Жуалы ауданында – 7, Т. Рысқұлов ауданында – 4, Меркі ауданында 1 иесіз су жүйесі бар екенін, оның меншік иесі болмауы себепті құрамын тексеру мен тұрғындарға қаншалықты зиянды екенін анықтау мүмкін болмай отырғанын айтты. Ол: «Заң бойынша иесіз су құбыры болуы мүмкін емес» деп, облыс әкімінен осы мәселені реттеуді аудан әкімдерінен талап етуін өтінді. Сондай-ақ, шешімін таппаған мәселенің бірі – бұрын жұмыс істеген 3 уран өндіру кәсіпорынын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты екен. Мойынқұм ауданы, Ақсүйек ауылындағы Шығыс және Мирный ауылындағы Батыс кен өндіру басқармалары, Қордай ауданы Мұзбел ауылындағы «Қордай» кен орнының кейбір жерлерінде қоршаулар бұзылғандығы, радиациялық қауіпсіздік белгілері қойылмағандығы анықталған. Бұл қалпына келтірілген жерлерге жергілікті халықтың кедергісіз кіруіне мүмкіндік туғызып тұр екен. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басым бағыттарының бірі болып табылатын тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 526 тексеру жүргізіліп, 326 бұзушылық анықталған, 344 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. – Апатты жағдайдағы мектеп ғимараттарының мәселесін шешу және оларды ағымдағы санитарлық ережелерге сәйкестендіру мақсатында 8 мектептің материалдары сотқа жолданған. Осы 8 мектеп бойынша сот шешімі бар. Бұған қарамастан, апатты мектептерде оқу үрдісі жүргізіліп келеді. Олар: Қордай ауданындағы №11, №33, №40 орта мектептері, Т.Рысқұлов ауданындағы Жалпақсаз бастауыш мектебі, Меркі ауданы, Аралқыстақ ауылындағы №25 бастауыш мектебі, Сарысу ауданындағы Досбол орта мектебі мен Талас ауданы, Қасқабұлақ ауылындағы Қасқабұлақ орта мектебі мен Қарой ауылындағы Бірлестік орта мектебі. Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына әсер ететін жетекші фактор – дұрыс тамақтану болып табылатыны белгілі. Облыс бойынша оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін мектеп асханалары 385-тен 390-ға артты. Әйтсе де, оқушыларды ыстық тамақпен қамту 76,4 пайыздан 43,7 пайызға төмендеді. Балаларды ыстық тамақпен ең аз қамтыған аудандар қатарында Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандары бар, – деп Талғат Төлендиев білім нысандары бойынша да ақпарат беріп өтті. Баяндамадан соң облыс әкімі К.Көкірекбаев департамент басшысына бірқатар сұрақтар қойды. Мысалы, сапа стандартына сай келмейді деп танылған сүт өңдейтін жергілікті зауыттардың өнімдерінің алдағы жағдайы қалай болатындығы. Қайта тексеру барысында өнімдер құрамынан фальсификаттар табылмаған жағдайда, сүт тауарларын қайта сауда айналымына шығаруға рұқсат етілмек. Сондай-ақ, облыс басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында орналасқан тамақтану орындары мен өзге де жабайы саудаға шығарылатын тағамдарға, вокзалдарда қоларбамен, сөмкемен жүріп тағам сатумен айналысатын саудагерлердің өнімдеріне қандай да бір тексеру жүргізіле ме, жүргізілсе, олар қаншалықты таза тағам сатуда деген сауал жолдады. Төлендиев мырза аталған мәселені тексеру жергілікті полицияның құзыретіне жататындығын, сондықтан, бұл мәселеде ешқандай жұмыстар жүргізілмегенін айтты. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта жергілікті полициямен бірігіп жұмыс істеу керектігін еске алды. Халық тұтынатын тауарлардың сапасына, оның санитарлық талаптарға сәйкестігіне тікелей жауап беретін мекеме басшысының бұл сөзіне облыс әкімі көңілі толмайтынын білдірді. Жыл басынан бері қаншама ай өтсе де, әлі бірігіп жұмыс атқармағандарын сынға алды. Сонымен қатар, көшелер мен базарларда, аулаларда тандырда пісірілген нан мен самса сатушылардың жұмысын да жіті тексеру керектігін ескертті. Сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аппараттық жиын соңында конго-қырым қанды безгегін тарататын кенемен күрес, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын пысықтау, өрт қауіпсіздігі, жұмысшылардың айлық жалақысын уақтылы төлеу сынды көптеген мәселелерді талқылап, тиісті басшыларға тапсырмалар берді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».