Білім

Он студентке грант тапсырылды

Он студентке грант тапсырылды

«Парасат» колледжі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай екіжақты келісімге қол қойып, колледждің он студентіне білім гранттарын табыс етті. Білім гранты оқуды үздік оқитындарға және аз қамтылған көп балалы отбасынан шыққан, ең бастысы әр ұлт өкілінің студенттеріне берілді. Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Миләт Орманбекованың айтуынша, оқу орнында түрлі ұлт өкілдерінің балалары көп оқиды екен. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығының осы білім ордасын таңдауы да сондықтан. Екіжақты келісімнің арқасында 10 студентке тегін білім алуға мүмкіндік туып отыр. Хатшылықтың меңгерушісі Маржан Қожаева он білімгерге білім грантын тапсырып тұрып, ақ жол тіледі. – Құрметті студенттер мен оқытушылар! Сіздерді шын жүректен Білім күні және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Білімді жастарға мемлекетімізде үлкен қолдау көрсетілетіні баршаға аян. Елбасы қашанда жастарға сенім артып, әркез оларға шынайы қамқорлығын көрсетіп келеді. Білімді студент, сауатты маман қай кезде де қоғамға қажет. Сол үшін біз қосымша оқу гранттарын бөліп отырмыз. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамын, – деді Маржан Төреғұлқызы. Білім грантына ие болған білімгерлердің қуаныштарында шек жоқ. Олар енді ақысыз оқитын болады. – Оқу грантын иеленгеніме қуанып тұрмын. Себебі ақысыз оқу – әрбір білімгердің арманы, – дейді Тынышгүл Төребай. Колледж басшысы мемлекеттік қолдаудың арқасында ақысыз білім алатындардың қатары жыл санап көбейіп келе жатқанын айтады. Студенттерге көрсетілетін мұндай қамқор­лықтар оларды келер күндерге сеніммен жетелері анық.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».