Жуалы волейболшыларының шеберлігі
Жуалы волейболшыларының шеберлігі
Волейбол спортының дамуына жуалылықтар ерекше көңіл бөліп келеді. Аудандағы №12 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде әуедопқа аңсары ауған жасөспірімдер жетерлік. Әсіресе, жағажай волейболынан биыл жуалылық жасөспірімдер табыстарға қол жеткізді. Жуалылық балаң волейболшылар Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысып, үшінші орыннан көрінді. Команда құрамындағы Максим Сенин мен Мақсат Кеңес әдемі ойын үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, Алматы қаласында өткен республикалық жарыста да олар жүлделі екінші орынды иеленіп қайтты. Жақында Алматы қаласында жағажай волейболынан 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы кубогінде жуалылық жампоздар өте тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Олар еліміздің барлық аймағынан келген құрамалар арасында шеберлігі жоғары екенін байқатып, жеңімпаз атанды. Доданың кубогін жуалылықтар иеленді. Балаң волейболшылардың толайым табыстарға қол жеткізуіне №12 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ерлан Бейсековтің қосқан үлесі қомақты. – Әрине, қандай жеңіс болмасын тек маңдай теріңді төгумен келеді. Биылғы жыл біз үшін өте сәтті болды. Өзге облыстарда өткен дуы басым аламандардан үнемі олжалы оралдық. Сондықтан, шәкірттерімнің барлығына ризамын. Аудан басшылығы да біздің ұсыныстарымызға оң қарап, қолдау білдіруде. Алдағы уақытта да үлкен жарыстарда жеңісті жорығымызды жалғастыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді жуалылық жеңімпаз жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.