Саясат

Жергілікті полиция қызметінің жұмысы жанданып келеді

Жергілікті полиция қызметінің жұмысы жанданып келеді

Бақытжан Бейсеев, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы.

Жергілікті полиция қызметі Елбасы жариялаған «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытын жүзеге асыру мақсатына сәйкес құрылған болатын. Біздің негізгі міндетіміз – жол қозғалысы қауіпсіздігін және қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету. Жаңа жүйенің жетістіктері де жоқ емес. Жергілікті полиция қызметіне кіріскелі бері облыс аумағында жалпы қылмыстық құқық бұзушылық 9,3 пайызға төмендегені байқалады. Яғни, қылмыс көлемі 877 фактіге азайып отыр. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 1,6, көшелерде жасалған қылмыс 0,6 пайызға қысқарған. Осылайша біз қоғамда «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруға күш салып келеміз. Мәселен, жергілікті полиция қызметкерлерінің қырағылығымен 68935 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 605 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Отбасылық-тұрмыстық салаға да көп көңіл бөлінуде. Отбасылық жанжал бойынша сотпен 61 арнайы талаптар құрылды. Нәтижесінде отбасылық жанжал 11,1 пайызға кеміді. Жергілікті полиция қызметі халықтың белсенділігімен, тұрғындармен етене жұмыс жүргізудің нәтижесінде жандана түседі. Жергілікті полицияға өткен қызметкерлердің штаттық саны 1110 адамды құрайды. Жыл басынан бері 2027 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 9 мыңнан астам жол жүру ережесінің бұзылғаны айғақталған. Жүргізілген профилактикалық жұмыстар нәтижесінде жол-көлік оқиғасы 41 пайызға төмендеп отыр. Қаладағы әрбір учаскелік полиция 3 мың адамға, ауылдардағы учаскелік полиция 2 мың адамға жауап беруі тиіс. Сондықтан, облысымызда учаскелік полицейлердің жетімсіздігі байқалады. Аудандармен, оның ішінде шалғай ауылдармен де байланысты жолға қойып отырмыз. Себебі, қадағалау болған жерде жауапкершілік болады. Әр азаматтың бойындағы жауапкершілік тәртіпсіздіктің азаюына ықпал етеді. Жергілікті полицияның тәртіпті сақтау барысындағы жұмысына кез-келген азамат пен азаматша көмектесе алады. Тұрғындардың өз жұмысына, жақсы істерге, қоғамдық міндеттерге белсенділігі айналасындағыларды өнегелі мінезге тәрбиелейді. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен белсенді байланыс жүргізу біздің жұмысымызға серпін береді. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен өзара әріптестік меморандумға қол қойдық. Енді аталған университет ғимараттарындағы тыныштық облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің жіті бақылауында болады. Бұл меморандумға студенттер қылмысының, бұзақылығының алдын алу мақсатында қол қойылды. Осы құжат негізінде жастар арасындағы қылмысқа қарсы бірлесіп күресудің кешенді жоспары жасалмақшы. Құқық бұзушылыққа тап болған студенттерге психологиялық жағынан көмек қолын созуды да ойластырып отырмыз. Құқық бұзушылық жайын қозғай отырып, түрлі қатерлі жағдайда студенттердің өзін-өзі қорғауы мәселесіне де ерекше мән берудеміз. Дәл осы мақсатта студенттер «Динамо» спорт кешенінде өзін-өзі қорғаудың әдіс-тәсілдерін меңгермек. Бұл жұмыстың нәтижелі жүргізілуіне Тараз мемлекеттік университеті әскери кафедрасының «Бүркіт» студенттік жасағы жергілікті полиция қызметіне көмек көрсетуге әзір. Аталған университеттің гидрокешенінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция пункті орнатылды. Бұл мәселелерге университет ректоры Махметғали Сарыбеков үлкен қолдау білдірді. Осылайша, өзара бірлесіп біраз түйткілдерді шешуге қол жеткіздік. Мұндай өзара байланыстың тиімділігі байқалып отыр. Алдағы уақытта да мұндай игілікті жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Жергілікті полиция қызметі жауапкершілікті арттырып Елбасы жариялаған «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағытын жүзеге асыруға қомақты үлесін қоса беретін болады. Бүгінгі таңда 338 азаматты қосымша жұмыс көзіне тартып отырмыз. Олар полиция қызметкерлерінің көмекшісі ретінде жұмыстарын бастады. Одан бөлек, 60 азамат қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмысқа кірісті. Жол қозғалысы қауіпсіздігін тұрақтандыру, көлік жолдарында жазатайым оқиғаларды азайту үшін тиімді шараларды жүзеге асыру да біздің құрылымның міндеті. Бұл ретте 206 бейнекамераның көмегімен 57 қылмыс анықталып, 9058 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 19 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып отыр. Облыс әкімдігі де жергілікті полиция қызметін үнемі назарда ұстап келеді. Осы жылы материалдық-техникалық шығындарға 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді және мекемемізге бөлек ғимарат берілді. Ол ғимараттың жөнделуіне 30 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жақында ғана облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолдауымен жергілікті полиция қызметіне 30 автокөлік бөлінді. Сондай-ақ, жауынгерлік тапсырманы орындауға арналған 17 орындық және бірнеше әскери арнайы техникаларымыз бар. Жоғары жылдамдықпен жүретін 5 орындық темір тұлпарымыз террорлық топтың және ауыр қылмыс жасағандардың жолын кесуге даяр. Бұл жаңа көліктерді облысымызға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының назарына ұсындық. Түйіндеп айтқанда, жергілікті полиция қызметі – уақыттың талабымен құрылған құрылым. Біз сол талаптың үдесінен шығуға күш сала беретін боламыз.

Тараз қаласы.