Экономика

Құландағы қуаныш

Құландағы қуаныш

Бір күнде ауданда қос білім мекемесі ашылып, жаңа оқу жылын құландықтар тың серпінмен бастады. Олар: Әбжапар ауылындағы 150 орындық жаңа мектеп пен Каменка ауылындағы 140 орындық «Күншуақ» бөбекжайы. 

Әбжапар ауылындағы бұрын апатты жағдайда деп танылған Қызыл Ту орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. 150 орындық мектептің құрылысына 386 миллион теңге бөлінген еді. Тендер жеңімпазы деп танылған бас мердігер «Керуен Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды межелі уақытта пайдалануға беріп отыр. Жаңа мектептің ашылуы бүкіл әбжапарлықтар үшін мереке болды. Әсіресе, ұстаздар мен оқушылардың қуаныштарында шек жоқ. Олардың қуанышына ортақтасқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат құландықтарды Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ел болашағы білімді ұрпақ қолында. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында жас ұрпаққа әлемдік стандарттарға сай білім беруді міндеттеп, нақты қадамдарды айқындап берді. Құлан жерінде облыс бюджеті есебінен бой көтерген жаңа мектеп – Президент тапсырмаларының нақты жүзеге асуының көрінісі. Себебі, оқушылардың заман талабына сай білім алулары үшін алдымен апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу керек, – деген Шәбден Тоқтасынұлы облыс әкімінің атынан мектепке түрлі түсті теледидарды сыйға тартты. Мерекелік шарада ардагер ұстаздар, ауыл ақсақалдары да игі лебіздерін жеткізді. Ауыл ақсақалы Дүйсебай Ақүрпеков құрылысшылардың өз жұмыстарын тиянақты атқарғанын атап өтті. «Мынадай әсем, зәулім ғимаратта оқитын балаларда арман жоқ шығар. Мердігер компания «Керуен Сервис» ЖШС құрылысшыларына ауыл тұрғындары атынан алғысымды айтамын», – деді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Каменка ауылындағы «Күншуақ» бөбекжайының салтанатты ашылу рәсіміне де қатысты. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл нысанның бөбекжай аталуы тегін емес. Өйткені, мұнда бүлдіршіндер 1 жастан бастап тәрбиеленетін болады. Аудан әкімі Жарылқасын Айтақов алдағы уақытта да балғындарды балабақшамен қамту мәселесін назарда ұстайтынын айтып, көпшілікті қуантып тастады. Оның айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғалы облысымыз бойынша 92 білім беру нысаны пайдалануға берілген болса, соның 12-сі осы ауданда бой көтерген екен.

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.