Қолдау да, қайтарым да бар
Қолдау да, қайтарым да бар
Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 8,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал жыл басынан бергі жеті айда салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі 64,6 миллиард теңге болса, оның 53,5 миллиарды мал шаруашылығынан түскен. Сонымен қатар, нақты пайдаланудағы егіс алқабының көлемі 5,5 мың гектарға артқанын айта кеткен жөн.
Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамның» ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге арналған тармақтары бойынша биыл атқарылған жұмыстардың қорытынды нәтижесін облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтып берді. Бүгінгі таңда облыста егін орағы аяқталып, 251 мың гектар алқаптан масақты дәнді дақыл жиналған. Әр гектардан орташа өнім 23,6 центнерді құрап отыр. Өзге дақылдарды жинау жұмыстары қызу жүргізілуде. Өңірімізде облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың бастамасымен қант қызылшасын өсіруге ерекше мән беріліп отырғаны белгілі. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 420 миллион теңге қаржы бөлініп, Франциядан 220,0 миллион теңгеге «Авантаж» сұрыпты тұқым алынған. Қалған қаржыға қажетті техникалар алынған. Соның арқасында биыл қант зауыттарына кемінде 100 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланып отыр. Соңғы жылдары қолға алынған тағы бір бастама – интенсивті бақ өсіру. Бүгінде облыс бойынша 240 гектар бақ осындай әдіспен егілген. Аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында бұл көрсеткіш 1600 гектарға дейін жеткізіледі деген жоспар бар. Ал суды үнемдеп пайдалану мақсатында осы жылы 11,9 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген. Облыс әкімінің орынбасары егістік жерлерді күтіп-баптап, одан алынған өнімді сақтау мен өткеруге жан-жақты жасалған жағдайдың арқасында егін еккеннің есесі кетпегендігін қадап айтты. «Мал баққанға бітеді» демекші, мал өнімдерін өңдеу мен өткеруге байланысты жұмыстар бүгінде өз нәтижесін бере бастаған. 2012 жылдан бері 20 мың басқа арналған 24 мал бордақылау алаңы салынып, жұмыс істеуде. Бұл бағытта жаңадан пайдалануға берілген Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-ның орны ауқымды екенін айта кету керек. 2012-2015 жылдар аралығында облыс шаруалары 4100 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын әкелген екен. Ал өңірде мүйізді ірі қараны асылдандырумен 622 шаруашылық айналысып отыр. Осы жылдың жеті айында облыстағы мүйізді ірі қара саны 358,4 мың, қой мен ешкі саны 3,0 миллион, жылқы 117 633 және түйе саны 6282 басқа жеткен. Абдалы Тоқбергенұлы өңірімізде «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламаларының жүзеге асырылып жатқанына да кеңінен тоқталды. «Сыбаға» бойынша 2011 жылдан бері 23400 бас мүйізді ірі қара алынса, 2014 жылдан жүзеге асырыла бастаған «Алтын асық» бойынша 64300 бас қой және «Құлан» бағдарламасы бойынша 4500 бас жылқы сатып алынған. Сонымен қатар, тауарлы сүт фермаларын құруға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Өткен екі жылда облыста 32 ферма іске қосылса, оның 12-сі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында салынған. Биыл да аталған бағдарлама бойынша 7 шағын тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сүт өңдеу көрсеткіші 32 пайыздан 51 пайызға жеткен. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60-қадамын іске асыру және сүт кластерін дамыту, сондай-ақ шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру мақсатында жаңазеландиялық «Fonterra» және даниялық «Arla» бағдарламалары бойынша Меркі ауданында құрамында 42 шаруашылық біріктірілген «Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі құрылған. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев аталған кооператив төңірегінде 70-тен 200 басқа дейін асыл тұқымды сауын сиыры бар тауарлы сүт фермасы құрылатынын айтады. Бұл мақсатта 1000 бас сүт бағытындағы асыл тұқымды сиыр сатып алуды қаржыландыратын шағын несие мекемесі құрылған. Сонымен қатар, қуаттылығы күніне 50 тоннаға дейін сүтті қайта өңдейтін зауыт құрылысына жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда екен. Ал 61-қадамда көрсетілген ет өндірісі мен өңдеуді дамыту бойынша 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС, Меркі ауданындағы «Agrostanferms» ЖШС мен «Агрофирма Түрікпен» ЖШС құрылысы да бар. Осы жылы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мен облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары аясында 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Брифингте ауыл шаруашылығы саласында биыл 17 миллиард теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылғаны да атап өтілді. Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да нақты жауаптары қайтарылды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».