Білім мектеп партасынан басталады
Білім мектеп партасынан басталады
Білім мектептен басталады. Білімге деген құштарлық та, өнерге деген құмарлық та, ізгілікке іңкәрлік те, бәрі-бәрі ұстаздың шәкіртін танып, жол сілтеуіне қарай қалыптаспақ. Осы жерде жас жеткіншектер мемлекеттің қамқорлығын сезінеді. Жарқын келешек үшін білім саласына қандай инвестиция салынып отырғанын түйсінеді.
1 қыркүйек – Білім күнінде бес бірдей жаңа мектептің ашылуына куә болған жамбылдық жастар білім алу үшін өздеріне қажетті барлық жағдайдың жасалып, үлкен мүмкіндіктер туғызылғанын айқын сезінгендей болды. Бұл күні облыстағы 450 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Біз дәл сол өңіріміздегі төрт жүз елуінші білім ошағына барып, жаңа мектептің ашылу салтанатына қатыстық. Төрт жүз елу деген санға басымдық беруіміздің өзіндік себебі бар. Бұған дейін облыстағы мектептер саны 449 болатын. Байзақ ауданындағы Түймекент орта мектебінде үш ауысымда оқыту мәселесі қиындап кеткен соң, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан қаржы бөлініп, жаңа мектептің іргесі қаланған еді. Тамыз айында мердігер «Талас Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын аяқтап, Білім күнінде 300 орындық жаңа мектепті пайдалануға беріп отыр. Түймекенттіктердің қуанышымен облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бөлісті. Ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылының табысты өтуіне тілектестігін білдірді. Облыстағы төрт жүз елуінші мектеп болғанымен, жаңа білім ошағы ауданда №1 орта мектеп деген атауға ие екен. – Түймекент орта мектебі 600 оқушыға арналған. Бала санының көптігіне байланысты үш ауысымда оқытылып келген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа мектеп салынып, Түймекент ауылындағы үш ауысымда оқыту мәселесі оңынан шешілді. №1 орта мектепте 520 баланы екі ауысымда оқыту көзделуде. 1-сыныпқа 70 бүлдіршін келді. Үш сыныпқа бөлінді. Қалған оқушылар ескі мектептен мұғалімдерімен бірге ауысып отыр. Жалпы, 35 педагог жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Ержан Әбілдаев. Елді мекенде еңбек етуге бел буған жас математик Олжас Асанов жаңа мектепте жұмыс істейтініне қуанышты. «Жаңадан жасақталған ұжым болғанымен тәжірибелі ұстаздар да бар», – дейді жас маман.
Байзақ ауданы.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».