Әлеумет

«Қазақстан – менің елім!»

«Қазақстан – менің елім!»

қолданбалы-көркемөнер көрмесі мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін паш етті

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде «Қазақстан – менің елім!» атты қолданбалы-көркемөнер бағытындағы облыстық көрме өткізілді. Ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

Көрмеге мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық еңбектері қойылыпты. Әсіресе, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының ем алушысы Қалмаханбет Ахатаевтың майлы бояумен салынған картиналары еріксіз назарымызды аударды. Ол тамылжыған табиғат көріністерін бейнелеуге шебер екен. Облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының ем алушысы Сания Әлімқұлованың картиналарында да терең мазмұн бар. Жас шебер мемлекетіміздің рәміздерін, Астана келбетін, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жүзеге асқан жетістіктерді сурет тілімен картина бетінде өрнектей білген. Бұл шараға аудандардан да қатысқан үміткерлер жетерлік. Оның ішінде Қордай, Шу ауданынан қатысқан өнерпаздардың да жақсы дайындықпен келгенінің куәсі болдық. Шу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығынан келген қылқалам шебері Айгүл Нашарбекова шәкірттерінің белсенділігі жөнінде әңгімеледі. Жас шеберлердің талабы таудай. Мәселен, Айла Аймаханбет көрмеге моншақтан жасалған көрпешені ұсынса, Айдана Совет түрлі әшекейлермен өрнектеліп, моншақтан жасалған ыдыстарымен көпшілікті риза етті. – Жылда өтетін дәстүрлі көрме биыл Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Көркемсурет өнерімен шұғылдану адамның өмірге деген құштарлығын арттырады. Олар мүмкіндігі шектеулі бола тұра көпшілік тамашалап көретін көрмеге туындыларын тарту еткендеріне қуанышты. Мекемеміздің ем алушысы Қалмаханбет Ахатаевтың еңбегін көпшілік назарына ұсындық. Сондай-ақ, Бақытжан Әлиевтің де шеберлігі жоғары. Мүмкіндігі төмен адамдардың өмірге құштарлығын арттыру – міндетіміз. Сондықтан, мұндай көрменің жиі өткені пайдалы, – дейді облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының директоры Гүлнар Бектасова. Бұл іс-шара облыс әкімдігі ғимаратының жанындағы көрме залында да жалғасын тапты. Мұнда ағаш шеберлерінің біліктілігі таразыға түсті. Бұл көрмеден адам мүмкіндігінің шексіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.