Денсаулық

«Әлемді өзгертетін идеялар»

«Әлемді өзгертетін идеялар»

Астанада  облыстық ішкі саясат қызметкерлері мен өңірдегі тілшілердің қатысуымен республикалық семинар-тренинг өтті

Мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы өзара ынтымақтастық, ілкімді істер мен маңызды бастамаларды қолдау – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Бұл мәселе ақпарат айдынының ортасында жүрген отандық тілшілер және облыстық ішкі саясат басқармалары қызметкерлерінің қатысуымен Астана қаласындағы Елбасы кітапханасында өткен «Әлемді өзгертетін идеялар» атты екі күндік семинар-тренингте жан-жақты қаузалды. Еліміздің барлық өңірінен келген 48 маман шара барысында теория мен тәжірибені ұйымдастырып, өз ойларын ортаға салды. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен ұйымдастырылған семинар-тренинг барысында қатысушылар «Елбасының бес институционалдық реформасы» жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары туралы дәрістер тыңдап, тәжірибелік тапсырмалар орындады, кітапхана жұмысымен танысты. Елбасы өмірі мен қызметі туралы экспозициялық көрме және «Әлем қадірлеген Елбасы» атты Елбасымыздың жоғары наградалары көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, ақпаратты халыққа нақты және жедел жеткізудің тиімді жолдары сараланған шарада оның нәтижелілігін бағалаудың жолдары да пысықталды. Тілшілер мен ішкі саясат қызметкерлері тренинг сәтінде өз ойларын суретпен, кестемен бейнелеп жеткізуге тырысты. Семинарда заманауи технологиялардың маңыздылығын алға тартып, әлеуметтік желідегі жұмыстың қыр-сырларына тоқталған танымал блогер Тәңірберген Бердіоңғаров өзі дайындаған негізгі 10 ережеге тоқталып, қолданушылардың сенімділігін арттырудың жолдарын атап берді. «Мен Алматыда көптеген тұрғынды жолықтырдым. Олар жергілікті биліктің әлеуметтік желідегі парақшаларына бұйымтайларын жазып, мәселенің шешім тапқанына қуанады. Бірі үйінің қасындағы балалар алаңы салынғанын жеткізсе, бірі жолдың жөндеу көргенін сурет арқылы көрсетуге тырысады. Әлеуметтік желі арқылы адамдар өздерін мазалаған мәселелер нақты шешілгенін қалайды. Барлық әлеуметтік желілер интерактивті болуы тиіс», – деп өз ойын білдірді. – «Әлемді өзгертетін идеялар» семинары аты айтып тұрғандай, мазмұнды, мағыналы, қызықты шараға айналды. Екі күн ішінде облыстардан келген тілшілер және облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары тыңдаушыларға айналып, Ұлт жоспарының басты бағыттарына үңілді. Семинардың арқасында өзге облыстардағы әріптестермен танысып, тәжірибе алмасып, түйткілді мәселелер талқыладық. Екі күн ішінде түйгеніміз аз болған жоқ. Біз үшін біліктілікті арттырудың курсы іспетті болды, – дейді жамбылдық делегаттардың қатарында болған облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Гүлнұр Ембердиева. – Мұндай семинарлар алдағы жұмыс бағдарын анықтауға септеседі. Мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды бастамалар бойынша жаңа үлгідегі шараларды ұйымдастыруға жетелейді. Аймақтардағы әріптестердің тәжірибесін саралап, жаңа идеялармен қаруландық. Елбасы кітапханасының қызметімен танысып, қолға алынған жобалардың маңыздылығына тәнті болдық. Тек ғылыми жұмыспен шектелмей, әлеуметтік маңызды шаралар да назардан тыс қалмайтыны қуантады, – деп атап өтті облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының маманы Балжан Тарпаң. Сонымен екі күндік шара барысында Елбасы кітапханасы қызу пікірталас алаңына айналды. Қалам мен қағазды серік еткен шығармашыл жандар Елбасы кітапхана қызметкерлерінің жұмысына куә болып, ондағы тарихи жәдігерлермен, кітап қорымен танысты. Семинардың қорытындысы бойынша әрбір қатысушыға сертификат табыс етілді. Жаңа әсерге бөленген шығармашыл өкілдер енді жаңа идеялармен күнделікті қызметтеріне кіріспек.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз – Астана – Тараз.