«Балақанда» балаларға барлық жағдай жасалған
«Балақанда» балаларға барлық жағдай жасалған
Масаншы ауылында биылғы оқу жылы ерекше серпінмен басталатыны анық. Себебі, аталған елді мекенде білім берудің алғашқы сатысы – мектепке дейінгі оқыту мәселесі шешімін тапты. Ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған «Балақан» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтергенін айта кетуіміз керек. Конституция күні мен Білім күні қарсаңында пайдалануға берілген балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысып, шалғай ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Өткен жылдың шілде айында іргесі қаланған балабақшаның құрылыс жұмыстары тура бір жылда аяқталып, жаңа оқу жылында 280 бүлдіршінді қабылдауға әзір болды. Жалпы, жиырма мыңға жуық тұрғыны бар ауылда демографиялық дүмпу байқалады. Бір ғана осы ауылдағы үш орта мектепте үш жарым мыңдай бала оқитыны – осы сөзіміздің дәлелі. Бір жыл бұрын осы ауылда 140 орындық «Ер Төстік» балабақшасы ашылған болатын. Дегенмен, бұл тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыра алмаған еді. Енді, міне, екі қабатты, үш блоктан тұратын мектепке дейінгі мекеме пайдалануға беріліп отыр. «Балақан» осынау олқылықтың орнын толтырады деп ойлаймыз. «Балақанда» бүлдіршіндерге барлық жағдай қарастырылған. Жатын орындары мен ойын бөлмелерінде қойылған әдемі жиһаздар көздің жауын алады. Асханасы, жылу қазандығы сақадай сай. Ғимараттың сыртында да әр топқа арналған сәкілер қойылып, ойын алаңдары жасалған. Тендерде 671,8 миллион теңгені ұтып алып, құрылысты жүргізу құқын иеленген тараздық мердігер «ТемирСтройСервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық жұмысты уақтылы және сапалы атқарды. Құрылыс материалдарының 95 пайызы облыстағы өндіріс орындарынан алынды. Бұл соңғы жылдары осы ауданның Гвардейский, Бұлар батыр, Қордай, Қақпатас ауылдарында көз тартарлық мектептер салып, қордайлықтардың сеніміне кірген компания екенін айта кеткен ләзім. Құрылыс жұмыстарына тартылған жүзден аса жұмысшының жетпіс пайызы жергілікті тұрғындар екен. Бір жылда ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, тұрақты табыс көзіне айналған құрылыс нысаны еңселі ғимаратқа айналды. Енді ол балғындардың бал күлкісіне толмақ. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев ауыл тұрғындарын осынау қуаныштарымен құттықтап, облыс басшысының атынан балабақшаға «Самсунг» теледидарын тарту етті. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бакир Жумаев бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық екенін, балғындарды балабақшамен қамту мәселесін Елбасы ұдайы назарда ұстап отырғанын сөз етіп, қос мереке қарсаңында тұрғындарға тамаша сый жасаған облыс және аудан басшыларына, құрылысшыларға алғыс айтты. «ТемирСтройСервис и Ко» ЖШС бас директоры Еркін Есенгелдіұлы балабақша меңгерушісі Рахия Джинлироваға ғимараттың символикалық кілтін табыс етті. Енді бұл мекемеде барлығы жетпістен аса адам, оның ішінде арнайы білімді қырық педагог-тәрбиеші (18-і жоғары білімді) жұмыс істеп, он екі топқа бөлінген бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беретін болады.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.