Жер телімдерін бөлуде заңсыздыққа жол берілген
Жер телімдерін бөлуде заңсыздыққа жол берілген
Жамбыл ауданына қарасты Қарой ауылдық округі әкімінің былтырғы жылғы шешімімен осы жылы жер кезегіне тұрған азамат жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 10 гектар жер теліміне ие болыпты. Осы тектес 22 азаматқа жер телімі заңсыз берілген. Ал арнайы жер кезегінде 2013 жылдан бері тұрған тұрғындардың кезектері сол қалпында жылжымай тұр. Байзақ ауданының Қостөбе ауылдық округінің әкімі де өзі би, өзі қожа болып, шешім шығарып, жер телімдерін оңды-солды таратқан көрінеді. Соңғы 2 жылдың көлемінде Тараз қаласы әкімдігінің жер комиссиясы да заңсыз іс-әрекеттерге жол беріп, жоғары қуатты электр желілерінің қорғау аймақтарынан 21 жер телімін босатқан. Бұдан бөлек, аукцион арқылы жер сату барысында жалпы пайдаланымдағы жерлерді уәкілетті органдардың келісімінсіз беру деректері де кездескен. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігі Абай және Петров көшелерінің қиылысында алаңы 1,2 соттық жер телімін дүкен құрылысы үшін аукцион арқылы Полстьяноваға сатқан. Бір қызығы, аталған жер телімін сату барысында тиісті мекемелердің келісімдері талап етілмегендіктен, құрылыс жұмысы 2 қабатты құраған ғимараттың астында жылу және кәріз жүйелері бар екен. Сонымен қоса, ғимарат жаяу жүргіншілер жүретін жол үстіне салынған. Облыс пркурорының міндетін атқарушы Айдос Майлыбаев жүргізген алқа мәжілісінде осы мәселелер сөз болды. Баяндама жасаған облыстық прокуратураның 1-басқарма басшысы Бекзат Сейілханов ертеңгі күні бұл келеңсіздіктердің даулы мәселеге айналатынына алаңдайтынын білдірді. – Қалалық прокуратураның ұсынысы бойынша Желтоқсан көшесі, №86 «А» мекен-жайында орналасқан «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің павильондарын бұзу және жалпы алаңы 0,0670 гектар жерді мемлекетке қайтару туралы былтыр сот шешімі шыққан. Алайда, шығарылған сот шешімі бар екенін біле тұра, Тараз қаласы әкімдігі биыл жер комиссиясының қорытындысымен аталған жерді «Пико» ЖШС-на қайтадан мерзімін ұзартып берген. Аталған жайт бойынша облыстың Әдеп жөніндегі кеңесіне заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғаларды жазалау туралы ұсыныс енгізілді. Қала әкімі сондай-ақ, жеке азамат Киятовтың меншігіндегі ауыл шаруашылық мақсатындағы 31 гектар жер телімін мемлекет мұқтажына алу туралы шешім қабылдап, оған осы жердің 3,0 гектарын заңсыз түрде қалдырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін нысаналы мақсатын жер комиссиясы арқылы өзгертіп берген. Нәтижесінде Киятов бұл жерлерді тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жеке азаматтарға 10 сотықтан бөліп, нарықтық бағамен сатқан. Бұл деректер бойынша тексеру құжаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің жер ресурстары басқармасына мамандардың қорытындысын алу үшін жолданды. Дәл осындай заң бұзушылық Қордай ауданында анықталып, комиссия мүшелері облыстық Әдеп жөніндегі кеңес отырысында жазаланды. Прокурорлық тексеру көрсеткендей, уәкілетті мемлекеттік органдар өз қызметінде жер телімін бөлуде және табыстауда, жерді бір санаттан екінші санатқа өзгерту және нысаналы мақсатын ауыстыру кезінде заң бұзушылықтарға жол берулерін қояр емес. Жергілікті атқарушы органдар ашықтық принципін бүркемелеп, жер телімдерін өздерінің қалауы бойынша таратуды әдетке айналдырған. Тексеру қорытындысы жердің нақты игерілуі мен мақсатына сай пайдаланылмайтынын, жердің мемлекет қорына қайтарылуына бағытталған жұмыстар әкімдіктер мен уәкілетті органдардың жүйелі әрекетсіздігінен екенін айқындайды, – дейді ол. Жиында осындай құқық бұзушылықтарға Меркі, Талас, Шу аудандарында да жол берілгені айтылды. Заңның бұзылуына жол берген кінәлілерден жауап алынды. Бірақ, Тараз қаласы әкімдігінен не қала әкімі, не осы мәселеге нақты жауап беретін орынбасары келмегендіктен, Айдос Серікханұлы аталған мәселелер бойынша мандырымды жауап ала алмады. Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеевтің айтуынша, сол кездегі Қостобе ауылдық округінің әкімі зейнетке шығуына екі күн қалғанда жер телімдеріне қатысты заңсыз шешім шығарып, тұрғындарға таратқаны расталды. – Аталған ауылдық округ әкімі жер телімдерін жер комиссиясының қарауына ұсынбай, 61 жер теліміне қатысты өзі заңсыз шешім шығарған. Бұл мәселе қазір сотқа жолданды, – дейді ол. Жалпы, тексеру қорытындысы бойынша пайдаланылмаған 11 мың гектар жер анықталыпты. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекет меншігіне кадастрлық құны 23 миллион теңгеден асатын, пайдаланылмаған 3 мың гектар жер телімінің қайтарылуы қамтамасыз етілген. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 10 ұсыныс, 5 наразылық енгізіліп, 1 құжат сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелген екен. Жиын соңында облыс прокурорының міндетін атқарушы А.Майлыбаев кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде тиісті орындарға тапсырмалар берді.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».