Денсаулық

«Динамо» спорт кешені жөндеуден өтті

«Динамо» спорт кешені жөндеуден өтті

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Конституция күніне орай Тараздағы «Динамо» спорт кешені қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Заманауи талапқа сай жөндеуден өткен спорттық нысанда волейбол, шағын футболдан Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ішкі істер департаменті құрама­ларының арасында жарыс ұйым­дастырылды. Бұл шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, спортшылардың қуанышын бөлісті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиналған көпшілікті Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен, Ата Заң күні мерекесімен құттықтады. Күрделі жөндеуден өткен спорт ғимаратында құрылыстың сапалы жүргізілуін қадағалаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Тілеген Маткеновке алғысын білдірді. Осы жиынға арнайы қатысқан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиевке көпшіліктің атынан ризашылығын жеткізді. Мұнан соң республикалық «Динамо» спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов сөз сөйлеп, «Динамо» спорт қоғамына сіңірген еңбегі үшін» медалімен облыс әкімін марапаттады. Кейіннен жолдастық кездесулер басталып кетті. Жамбылдық ІІД-нің құрамасы мен ОҚ облыстық ІІД арасында волейболдан өткен жолдастық кездесу тартысқа толы болды. Ал шағын футболдан өткен жолдастық кездесуде екі облыс құрамалары әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің футбол құрамасы биыл Нидерланды мемлекетінде полицейлер арасында өткен әлем біріншілігінен күміс жүлдемен оралыпты. Қонақтардың осындай атағына қарамастан, жамбылдықтар намысты қолдан берген жоқ. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Қонақтардың екі доп айырмасымен басымдығына жамбылдық Ерхан Байботаев екі голымен жауап берді. Мұнан соң ішкі істер қызметкерлері арасындағы шағын футболға да кезек келіп жетті. Әуелі жуалылықтар Сарысу ауданының құрамасын 4:2 есебімен ұтса, таластықтар Байзақ ауданының құрамасын 5:0 есебімен айқын жеңді. Таластық Сағынғали Сапарбеков үш голдың авторы атанса, Қуаныш Махамбетов екі голды қақпа торында тулатты. Екі облыстың қатысуымен ішкі істер саласы қызметкерлері арасында волейбол мен шағын футболдан өтіп жатқан шара 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы күні жарыстың жартылай финалдық және финалдық ойындары өтеді. Сондай-ақ, жеңімпаз және жүлдегер құрамалар марапатталатын болады.

Есет Досалы, «Ақ жол».