Денсаулық

Елемес ердің ісін ұрпақтары жалғауда

Елемес ердің ісін ұрпақтары жалғауда

Бұрынғы «Кеңес» кеңшарында ұзақ жыл озат шопан болған Елемес Бекбасаровты Талас өңірінде білмейтіндер кемде-кем. Ол кісі жай ғана шаруа адамы емес, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» орденін иеленген майталман малшы болатын. Жұбайы Нұрсұлу Әлжанова екеуі 12 ұл-қызды тәрбиелеп өсіргені де талайға тағылым. Осыдан үш жыл бұрын 75 жасында бақилық болған Елекеңнің еңбегін, ерекшелігін тамсанып айтатындар Таласта көп-ақ. Мінеки, біз атбасын бұрған «Дүйсенбі» шаруа қожалығының іргетасын да Елемес қария қалап кеткен. Тіпті, еңбек ардагері, жаңашылдыққа ден қойған Елекеңе Көшек батыр кесенесіне келген сәтінде Елбасының өзі риза болғанын жұртшылық әлі күнге дейін айтып жүр. Бұл күнде аталған шаруа қожалықтың төрағасы – Елекеңнің үлкен ұлы Дүйсенбі Бекбасаров. Шаруашылықтың басында Дүйсенбінің қос ұлы Мадияр мен Мәди отбасымен отыр. Сондай-ақ, малшылар да бар. Бүгінгі таңда қожалықта 1200 қой, 70 жылқы, 70 түйе, 80 сиыр бар. Қажетті техника жетерлік. Еңбек адамы Елеместің ұрпақтары, келіндері де береке-ынтымақта екенін, еңбек еткеннің мәртебесі биік болатынын түсінеді. Алыс малды ауылда жүрміз-ау деп қабақ шытпайды. Мал өсіруге арналған мекен демесеңіз, бұл жер – бір ауыл дерсің. Электр жарығы бар, шаруашылықтың басына үш там тұрғызылған. Заманауи желіге жалғанған теледидар. Шаруашылықтың айналасы тал-дарақ. Тіпті, 100 түп жеміс ағашы, 200 түп терек, қара ағаш егілген. Бір гектар жерге себілген жоңышқаны биыл үш мәрте орып алыпты. Бұл жер Тектұрмас, Қарадөң жайлауы (қыстау да осы) деп аталады екен. Қысқасы, қажетіңе не керектің барлығы бар. Ең бастысы, ірімшік, құрт, шұбат, қымыз, қаймақ дастарқаннан үзілмейді. Әулеттің қос келіні Гүлнұр Айдынбекова мен Гауһар Исмайлова түйе сауудың нағыз мамандары екен. Елекең қария мен батыр ана Нұрсұлу апаның немерелері Нұртай, Алматай, Нұрасылдар шаруаның бір жағына жарап жүр. Әсіресе, Нұрасылдың елгезектігіне, аттың құлағында ойнайтын шеберлігіне, тұлпарды секіртіп, орғытып ойнайтын ерекшелігіне сүйсіндік. Біз барғанда Нұрсұлу апамыз да осы шаруашылықтың басында, балаларының қасында екен. Тараздан 200 шақырым қашықтықтағы қызыл құммен шектескен ауыл болса да, бұл жерге де су жетіп отыр. Ал марқұм Елемес Бекбасаровтың ұлдары да, немерелері де шетінен шабандоздар, көкпаршылар. Жегені – жылқының еті, ішкені – қымыз, түйенің шұбаты, тартқаны – көкпар, шапқаны – бәйге. Бұл шаруашылықтан нағыз қазақтың ұлттық болмысын көрдік, еңбектің көзін, берекенің өзін байқадық.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Көшек батыр ауылы, Талас ауданы.