- Advertisement -

Чемпион қалай шыңдалды? — Марат Елеусіновтің қос ұлын тәрбиелеудегі құпиялары

96

- Advertisement -

Екі ұлы бар. Екеуі де боксшы. Бірі  қазақ елінің намысы үшін АҚШ төрінде атой салып, кәсіпқой бокстың көрігін қыздырып жүрген Дәурен Елеусінов. Шаршы алаңға 5 рет көтерілген ол әр уақытта да қарсыласынан басым түсуде. Екіншісі  күні кеше ғана Рио Олимпидасында Қазақстан қоржынына «алтын» салған Данияр Елеусінов. Оның әр сағаты санаулы. Ол мұндай жетістікке жеткені үшін бапкер болып баулып, бокстың қыр-сырын ерінбей үйреткені үшін әкесіне қарыздар десек артық емес. Әрине, Марат Тәліпұлының да уақыты тапшы. Дегемен, ол уақыт тауып, ҚазАқпарат тілшісінің бірқатар сауалына жауап берген еді.

— Марат Тәліпұлы, екі ұлыңыз да боксшы. Олардың бұл жолды қалай таңдағанын және оған сіздің қалай әсер еткеніңізді айтып берсеңіз.

— Өзім де бокспен айналысқанмын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін дене шынықтыру сабағынан ұстаз болумен қатар, балаларды бокс өнерінің қыр-сырына жаттықтырумен де айналыстым. Үлкен ұлым 12 жасынан бастап бокспен айналысты. Бірде, оның сыныптастарын  шақырып алып, бокс үйірмесіне қатысуға үгіттедім. Барлығы да сол кезден басталды. Үлкен ұлым жаттығу жасап жатқан кезде, сол уақытта  не бәрі 7-8 жастағы  кіші ұлым Данияр зыр жүгіріп, жанымызда ойнап жүретін. Сөйтсем, ол тек қана ойын қызығына берілмей, бокс өнерінің қыр-сырын да санасына сіңіре берген екен. Бірде ол маған 1989 жылғы баланы көрсетіп: «Әке, ана баламен жұдырықтассам бола ма?» деп сұрады. Мен оған қарсыласының екі жас үлкен екендігін айта келе: «Бұл  біріншіден, екіншіден оның жаттығу жасап жүргеніне алты айдан асып кетті. Ал сен болсаң, жаттығу жасаудың орнына тек қана жүгіріп жүрсің», — дедім. Иә, анда-санда мен оған «табан» ұстап тұратынмын, кейде өзі мөшекті соққылап жататын. Айтқан бетінен қайтпағаннан кейін жұдырықтасып көруіне рұқсат бердім. Қарсыласы екі жас үлкен болғанымен,  бойы Даниярмен шамалас еді. Олар шаршы алаңда жұдырықтаса кетті. Дәл осы сәтте мен ұлымның қозғалысына, тұрысына алғаш рет зер сала қарадым. Жекпе-жектің қорытындысында ұпай санымен Даниярдың басым түскендігін байқадым да, онымен тыңғылықты айналысуға шешім қабылдадым. Сөйтсем, ұлым 1 жыл бойы бокс залына келген кезде ары-бері жүгіріп, ойнап қана қоймай, көргенін жадына түйе де жүріпті. Әдетте бокс секциясы 10 жастан қабылдайды, ал ол сол кезде 8 жаста еді. Содан кейін ол 1989-1990 жылғы дүниеге келген балалар арасында облыстық турнирде жеңіске жетті. 2004 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстанның чемпионы атанды. Келесі жылы да Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында 49 келі салмақ санатында жеңіске жетіп, еліміздің жасөспірімдер құрамасы сапына қабылданды. 2006 жылы кадеттер арасында Азия чемпионы, жарты айдан кейін кадеттер арасында әлем чемпионы болып, сол чемпионаттың үздік боксшысы болып танылды. 2005 жылы үлкен ұлым Дәурен ересектер арасында Қазақстан чемпионы болды. Ал 2006 жылы республика біріншілігінде қазіргі олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтан финалдық кездесуде ұпай санымен ұтылып, күміс медаль иеленді. Дегенмен, сол жылы студенттер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Осыдан кейін 2 ұлыммен Астанаға көшу туралы ұсыныс жасталды. 2007 жылы біз елордаға қоныстандық. Бізге барлық жағдай жасап, баспанамен қамтамасыз етті. Сол уақыттан бері Астананың атынан жарысқа шығып жүрміз.

— Данияр олипиада алтынын алу арманы жайында сан мәрте айтқан да шығар. Алғаш рет сіздерге бұл арманын айтқан кезін еске түсіре аласыз ба?

— Спортпен айналысатын қай бала олимпиада чемпионы болуды армандамайды дейсіз. Данияр Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибрайымовтар шаршы алаңның шаңын қаққан кезде-ақ олимпиада чемпионы болатындығын айтатын. Жазғы олимпиада ойындары (есте болса, 2012 жылы Олимпиада ойындарын өткізу құрметі Лондонға бұйырған еді) өтетін орынды іріктеу, яғни 2012 жылғы Олимпиаданы өткізу үшін күрес жүргізіліп жатқанда ол: «2012 жылы мен 21-де боламын әрі Олимпиада чемпионы атанамын» деген еді. Бірақ ол ширек финалда итальяндыққа есе жіберді. Оның қолын көтермеді. Демек, ол жеңіске жету үшін барлық мүмкіншілігін жүзеге асыра алмады. Жалпы, 2012 жылмен салыстырғанда бокстың біршама өсіп-өркендегендігін атап өтер едім. Тіпті, Кения спортшыларының өзі Олимпиада жүлдегерлерімен тең дәрежеде жұдырықтасатын жағдайға жеткен. Мәселен, ресейлік Замковой алғашқы жекпе-жегінде кениялыққа есе жіберіп қойды.

— Бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде сіз Даниярдың үздік оқығанын, озат оқушы болғанын айтқан едіңіз. Ұлыңыз әсіресе қай пәндерге жүйрік болды?

— Ол бірнеше мәрте мәнерлеп оқудан жеңімпаз болды. Оның ішінде қазақ және орыс мектептері арасындағы қалалық және облыстық та байқаулар бар. Үшінші рет оған: «Иә, сенің үздік екеніңді білеміз. Бірақ біз саған үнемі бірінші орынды бере алмаймыз ғой. Бұл жолы мына балаға берейік», — депті. Осыдан кейін ол байқауға қатысуын доғарды. Мектепте сынып жетекшісі әрі қазақ тілінен ұстазы көндіруге тырысқан екен. Бірақ, ол бірбеткей, мінезі сондай.

— Өзі өлең жазып көруге ұмтылған жоқ па?

— Жоқ, ондай құлшыныс танытқан емес.  Футболға әуес болды. Оның сыныбы 2 рет қалалық жарыста жеңіске жетті. Бір кездері бокс пен футбол арасында таңдау жасау қажеттілігі де туындаған еді. Екеуінен де ажырағысы келмеді. Дегенмен мен біреуін ғана таңдауды талап еттім. Өйткені, қазақта «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген  мақал бар. Ал Данияр боксты таңдаған кезде анасы түбегейлі қарсы шықты. «Үлкен ұлымыз бокспен айналысады, енді кішісі оқу оқысын», — деген еді. Ал ол болса: «Анашым өтінемін, мен бокспен де айналысайын, жақсы да оқитын боламын», — деп сұранғаны бар.

Қазақстан чемпионы атанып, жасөпірімдер құрамасына кіргеннен кейін 2-3 аптаға созылған оқу-жаттығу жиындары салдарынан сабағында екі үші болғаны жасырын емес. Сол кезде ол тек бокспен айналысу шешімін қабылдаған еді.

— Сіз екі ұлыңыздың да алғашқы бапкерісіз. Сіз оларға өзгелерге қарағанда сәл де болса жеңілдік жасаушы ма едіңіз әлде басқа балаларға қарағанда оларға қатаңдық таныттыңыз ба? Жалпы, сізді қатал бапкер деуге бола ма?

— Әркезде әрқалай. Дегенмен, олар тәртіпті жиі бұзды деп айта алмаймын. Иә, оларға менің қатал мінез көрсеткен кездерім де болды. Негізінен бұл жайт олардың кешқұрылым қыдырғысы келген кезде орын алатын. Мен оларға әр уақытта да тура сағат 23-00-де үйде болуы керектігін, егерде келмейтін болса жазаланатындығын ескертетінмін. Бұған қоса, егер жоғары сатыға көтерілгілері келсе барлық қылтың-сылтыңды кейінге қалдыру керектігін айтатынмын. Түрлі жайттар орын алды, кейде ұрсып та алатынмын.

— Қандай нақты шаралар қолданатын едіңіз?

— Ендігі уақытта қыдырмайтындықтарын, кино, дос дегенді ұмытатындықтарын, жаттығудан кейін бірден үйге қайтатындықтарын айтатынмын. Ал бұл нағыз ауыр жаза еді.

— Бала кезінде олар қандай ойындарды жақсы көрді?

— Барлық балалар сияқты жүгірді, доп қуды, күресті, төбелесті, жылады, достасып алып, құшақтасып бірге жүрді.

— Бірде Данияр ағасын еш уақытта да қарсылас ретінде санамағандығын, қайта Дәуреннің өзі үшін үлгі болғандығын, қателігін түзетіп отыратындығын айтқан еді.

— Әрине, Дәурен ағасы ретінде оған үнемі көмектесіп жүрді. Рио Олимпиадасы алдында біз Америкаға барып, сол жақта кәсіби боксшылармен бірге жаттығу өткіздік. Сол кезде Дәурен бауырымен спаррингке шығатын боксшыларды өзі іріктеп, олармен өзі келісіп, 6 жекпе-жек өткізді. Содан кейін Данияр Флорида штатындағы жарысқа қатысып, турнир жеңімпазы атанды. Бұл Олимпиада қарсаңындағы жақсы тәжірибе болған еді.

— Сіз ұлдарыңыздың шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнерінде айрымашылық бар екендігін айтқан едіңіз. Данияр барынша тәсілге бой алдырса, Дәурен барынша әлеуетті боксшы ғой…

— Иә, Дәурен негізінен әлеуетті боксты жақсы көреді. Ал Данияр болса, соққы жібермейді, қарсыласын алдап соққанды, одан айласын асырғанды, оны алдап жүріп соққанды, соққы жасауға алып шығып, одан кейін белгілі бір қашықтыққа жалтарып кетуді қалайды. Дәурен барынша қатаң жекпе-жек жүргізеді, төбелескенді жақсы көреді. Әрине, физикалық тұрғыдан ол Даниярға қарағанда мығым.  Қолы да ауыр, қарсыласын нокаутқа да жібере алады. Бірақ, олардың салмақ санаттары әртүрлі. Егер де мен Даниярды Дәуренді жаттықтырғанымдай жаттықтырар болсам, мүмкін онда қазір ол олимпиада чемпионы болмас та еді. Оларды жаттықтыру үшін әртүрлі әдіс қажет.

— Дәуренді АҚШ-қа жіберу сіз үшін қиындық туындатқан жоқ па?

— Жоқ, керісінше, оны ертерек, Артаевтан кейін екінші нөмірлі болып тұрған кезде жіберуім керек еді деп ойлаймын. Сол уақытта ол нағыз бабында еді.

— Дегенмен, қазір де ол жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ қой.

— Иә, солай. Ал одан ары қарай қалай өрбитіндігін уақыт көрсетеді.

— Балаларыңызды тәрбиелеген кезде ең алдымен олардың бойына не сіңіргіңіз келеді?

— Ең бастысы олардың бос уақыты болмауы тиіс. Егер олардың істер ісі болмаса, онда оларды көше өзіне тартып алады. Егер ата-ана балаларының тәлім-тәрбиесіне ықпал ете алмаса, онда оларға өзгелер әсер етеді. Бала бұрыш-бұрышта шылым шегіп, есейгеннен кейін сыраға бой алдырады. Сондықтан да, жасөспірім шақ ең қауіпті саналады. Дәл осы аралықта кез келген спортпен айналысу маңызды. Мұнан бөлек, баланың кіммен дос болып, немен айналысатынын білу де маңызды.

— Баласын спортқа бергісі келетін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? Чемпион болу үшін туа біткен қасиет қажет пе әлде тәрбиелеуге бола ма?

— Қабілетсіз бала болмайды. Ең бастысы оның әлеуетін аша білу керек. Егерде ол бокста өзін таныта алмаса, онда ол спорттың басқа түрінен талантты болуы мүмкін. Бірақ, қалай десек те ешкімді күштеп, мәжбірлеуге болмайды.

— Қателеспесем, Данияр Сіздің де, Дәуреннің де бір жаста отбасы құрағандарыңызды айтқан еді.

— Иә, мен де, ұлым Дәурен де 23 жаста отбасылы болдық. 24 жасымда мен қызды болсам, Дәурен де сол жасында ұлдың әкесі атанды. Ал Данияр 24 жасында шаңырақ көтеріп, сол жасында ұлды болды.

— Сіздің ойыңызша, немерелеріңіз әкесі мен атасының ізін жалғастыра ма?

— Аман болсақ, оны да көрерміз. Қалай болғанда да, қандай түрі болса да спортпен айналыстыруға тырысамыз.

— Қазір сіз үйде қонақ бар деп айтып қалдыңыз. Құпия болмаса, құттықтауға кімдер келді?

— Бүгін осы жердегі достарымыз Конституция күнімен құттықтауға келді. Бұған дейін олар маған жете алмаған еді. Бастапқыда біз үйде болмадық, мұнан бөлек, туған-туыстарымыз қонаққа келіп жатты. Дегенмен, қонақтарымыздың басым бөлігін қарсы алып, шығарып салдық. Таяу күндері туған-туыстың келесі тобы келмек болып жатыр.

— Даниярдың жеке бапкері ретінде оған қанша уақыт демалыс бермекшісіз? Жаттығуға қашан кіріседі?

— Бұл жайында ойлап та көрмеппіз, ол демалуға жетерліктей еңбек сіңірді. Жаттығуды сағынған кезде бірден кірісетін боламыз.

— Жалпы, келесі Олимпиадаға бару мақсаты бар ма?

— Әзірше жоқ. Мұның барлығы да оған байланысты, мен оны мәжбүрлемеймін. Шешімді өзі қабылдайды.

— Сұхбатыңызға рахмет!

 

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support