- Advertisement -

Қазақ халқы жоғары өмір сүруге лайықты – Болгарияның вице-президенті

125

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Болграия Республикасының вице-президенті Маргарита Поповамен кездесті. Тараптар Қазақстан-Болгария қарым-қатынастарының даму жағдайы мен өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Болгария тарапына Қазақстанның негізгі бастамаларын, оның ішінде ДСҰ-ға мүшелігін, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігін, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуді, сондай-ақ Еуропалық одақ елдеріне қысқа мерзімді сапарлар үшін визасыз режімді енгізуді қолдағаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Г.Әбдіқалықова Болгарияны Қара теңіз өңірі мен Балқан түбегіндегі Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті. 2015 жылы елдер арасындағы тауар айналымының көлемі 112,9 млн долларды құрады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Еуразиялық көлік орталығы ретінде құрылуды көздейтін «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Алдағы 5 жылда оның жүзеге асырылуына 24 млрд доллары бөлініп, көліктік жобалар, оның ішінде ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолы жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік хатшы Болгария тарапын осы жобаларға қатысуға шақырды.

Әңгімелесу барысында Мемлекеттік хатшы алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы айтып, болгарлық компанияларды бұл іс-шараның аясында технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Г.Н.Әбдіқалықова қазақ-болгар қарым-қатынастарының маңызды құрамдасы ретінде мәдени-гуманитарлық салаға назар аударды. Қазақстанда болгар мәдениетін дамыту мақсатында Болгар этномәдени орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік хатшы София университетінде қазақ тілі мен Қазақстанның тарихы және мәдениетін зерделеу кабинетін ашқаны үшін болгар тарапына ризашылығын білдірді.

Кездесудің соңында Мемлекеттік хатшы Болгария Республикасының Вице-президенті М.Поповаға «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына қатысқаны және Қазақстан мен Болгария арасындағы диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Болгария вице-президенті өз кезегінде Қазақстанмен екіжақты сауда-саттықты жандандырып, саяси байланыстарды да нығайтуға мүдделік танытатындығын баса айтты және ЭКСПО-ға қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.

«Қазақстан халқына Конституция ережелерін сақтай отырып, әл-ауқатты, қауіпсіз болуына тілектеспін. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейлері жоғары болуы тиіс. Өйткені, олар оған лайықты. Елдеріңіз тәуелсіздік жылдары ішінде көп жетістікке қол жеткізді. Қазақ елі қысқа ғана уақыттың ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Орталық Азияның негізгі мемлекеттердің біріне айналды. Сіздерді ұлық мерекелеріңіз Конституция күнімен құттықтаймын», — деді ол.

Ақпарат көзі: Baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support