Құландықтар Елдосқа көлік мінгізді
Құландықтар Елдосқа көлік мінгізді
Жамбыл – қазақ атын әлемге әйгiлi еткен талантты спортшыларға бай өңір. Құрлықтық додалар мен әлем бiрiншiлiктерiнде топ жарған спортшыларды айтпағанда, төрт жылда бiр рет өтiп, төрткүл дүниенiң назары ауатын Олимпиада ойындарында жеңiмпаз-жүлдегер атанған жерлестерiмiз – Жақсылық Үшкемпiров, Серiк Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмадiлов, Ислам Байрамуков, Болат Ниязымбетов, Ақжүрек Таңатаровтардың есiмдерi ел спортының тарихында алтын әрiппен жазулы. Даңқты ағаларының жеңiспен өрген дәстүрлi жолын қуған iнiлерi үзбек емес. Оған күнi кеше мәресiне жеткен Рио-де-Жанейро Олимпиадасында дзюдо күресінен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғаған жерлесіміз Елдос Сметовтің жеңiп алған күміс медалi дәлел. Ердiң ерлiгi ғана емес, елдiң елдiгi де сыналған сын сәтте бабы мен бағы қатар жанған Елдосқа Құлан ауылының орталық алаңында жерлестері ыстық ықыласпен құшақ жайып, құрмет көрсетті. «Жарайсың, Жалпақсаздың жампозы», «Елдос – елдің мақтанышы» деп ұрандатқан құландық жұртшылық қайсар ұлдарына ақжарма тілектерін ақтарды. Жиында сөз алған аудан әкімі Жарылқасын Айтақов: – Өз ұлымыз Олимпиадада олжа салып, туымызды Рио төрінде желбіреткеніне ерекше қуандық. Алақандай ғана Жалпақсаз ауылында дүниеге келген Елдос бүгінде еліміздің абыройын асқақтатқан, жерлестері есімін мақтанышпен айтатын саңлақ спортшы ретінде ортамызға оралып тұр. Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері облысымыз Олимпиада ойындарынан 9 медаль иеленген болса, соның 5-еуін біздің ауданнан шыққан спортшылар жеңіп алғанын ерекше айтқым келеді. Бұл Құлан жерінің топырағының қасиетінен деп білемін, – дей келе, Жарылқасын Әбдіғапарұлы Құлан жұртшылығы атынан Елдосқа «Datsun» жеңіл автокөлігін сыйға тартты. Сонымен қатар, Елдостың бапкері Ғалымжан Жылкелдиевке, әкесі Бақтыбайға қазақы дәстүрмен шапан жауып, анасы Тоқтагүлге камзол кигізді. Келесі кезекте сөз алған жас спортшы Шыңғыс Нұртай жеңіспен өрілген осы сара жолды жалғастыру үшін талмай-тынбай тер төгіп, жаттығатындарын айтып, Елдос ағасы сынды ел намысын абыроймен қорғауға жеткіншек спортшылар атынан уәде берді. Ал Рио татамиінде абыройымызды асқақтатқан Елдостың өзі: – Ұлымыз деп құшақ жайып қарсы алған сіздерге, тілек-лебіздеріңізге алғысым шексіз. Менің бала күнімде отбасымыз Тараз қаласына қоныс аударды. Бірақ, жазғы үш ай демалысымды Жалпақсаз ауылында, Құлан жерінде өткізетінмін. Әлі де қолым жаттығудан сәл босаса, ауылыма тартып тұрамын. Негізі Риоға алтын алсам деп барып едім. Бұйырғаны күміс болды. Алла қаласа, Олимпиаданың алтынын алмайынша татамиде тер төгемін. Ал ол алтын дзюдо күресінің отаны саналатын жапондардың өз жерінде өтетін келесі Олимпиадада, Токио татамиінде, бұйырады деп ойлаймын, – деп ағынан ақтарылды.
Т.Рысқұлов ауданы.