Денсаулық

Құқықтық кеңес

Құқықтық кеңес

Ата Заң – барлық заңның бастауы. Мемлекеттілігімізді айқындайтын қағидаларды кез-келген қазақстандық білуі тиіс. Әр азамат өз құқығын біліп, Ата Заңымызды құрметтеп, сыйлауға міндетті. Облыстық прокуратура, әділет департаменті, еңбек инспекциясы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, адвокаттар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық кәсіподақ ұйымдары және құқық қорғау органдары өкілдерінің Конституция күні қарсаңында «Ауыл-Береке» сауда кешенінде «Ашық есік күнін» ұйымдастырудағы негізгі мақсаты да осы болды. Мамандар кәсіпкерлер мен тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, Конституцияның негізгі баптарын түсіндірді. Кеңес беруші мамандарға қоғамдық мәселелерді көтеріп, отбасылық жағдайына қарай өтінішпен қайырылғандар да болды. Жеке кәсіпкер, «Санроз» ЖШС-ның басшысы Нүрила Оспанбекова аталған сауда кешеніндегі көлік кептелісінен ығыр болғанын айтып, «Келешекте базарды айналып өтетін қосымша жол салынуы мүмкін бе?» деген сауал қойды. Қала тұрғыны, екі баланың анасы Динара Розиева пәтер алуы үшін жас отбасыларға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын сұраса, Жалпақтөбе ауылының тұрғыны жер телімін рәсімдей алмай жүргенін айтып, шағымданды. Тұрғындар қойған сұрақтарға облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының бас маманы Бақыт Сейдахметов, Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің маманы Сәрсен Амантаев пен заңгер Жарқын Тамаев, облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Анар Әбілдаева жауап берді. – Баламның осы «Ауыл-Береке» базарында сауда нүктесі бар. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, саудамен айналыса бастағанына біраз жыл болды. Кәсіпкерлік аясын кеңейтпекші болып, несие алу үшін бармаған жері қалмады. Бірақ, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие алудың жолын таппай жүр, – дейді Айнаш Таңсықова. Несие мәселесін Тараз қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жанерке Досжанова түсіндірді. Оның айтуынша, табысы жоқ, жұмыссыз азаматтарға 500 мыңнан, 3 миллион теңгеге дейін 6 пайызбен несие берілетін көрінеді. – Конституциямыздың қоғамдық санадағы маңыздылығын арттыру үшін облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Мақсат – әр азаматты өз құқықтарын жете білуге, Ата Заңды құрметтеуге шақыру. Акцияның арқасында көптеген азаматтар құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алды. Қоғамда заңға құрмет қалыптаспайынша, заң пәрменді бола алмайды. Біздің міндетіміз – заң қағидаларын бұлжытпай орындай отырып, дамыған отыз елдің қатарына ену. Конституция күніне орай өткізілген осы «Ашық есік күнінде» үндеу қабылданды, – дейді заңгер А.Әбілдаева.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».