Денсаулық

Өркенді істердің өрісі кең

Өркенді істердің өрісі кең

Елбасы Жолдауы, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалу барысын ақпараттық қолдау бойынша өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған кезекті баспасөз туры Қордай ауданында өтті. Жамбылдық журналистер елуге жуық ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұратын, 140 мыңнан аса халық ынтымақтаса өмір сүріп, еңбек етіп жатқан аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Өткен жартыжылдықта ғана өнеркәсіпте 4,7 миллиард, ауыл шаруашылығында 6,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген экономикалық әлеуеті мығым ауданның қай саласында да ілгерілеу нышандары айқын байқалады. БАҚ өкілдері алдымен «Қақпатас-Қордай» ЖШС-ның тауарлы сүт фермасында болды. Бұл – облыс көлемінде асыл тұқымды мал өсіру арқылы экспорттық ет әлеуетін ұлғайтуда, сүт өндірісін дамытудың осы заманғы озық технологиясын игеруде мемлекеттік бағдарламаларға сәтті қатысып келе жатқан агроқұрылымдардың бірі. Серіктестік облыста алғашқылар қатарында 2012 жылы Ирландиядан 309 бас асыл тұқымды «Герефорд» және «Ангус» сиырларын сатып алған. Бүгінде мұндағы элитті ірі қара саны 1,6 мыңды құрайды. Ал өткен жылы шаруашылық швейцариялық «DeLaval» компаниясының заманауи технологиясы қолданылатын 250 бас сауын сиыры ұсталатын жаңа ферма ашты. Еуростандарт үлгісінде жұмыс істейтін мұнда малға азық тарату, астын тазарту, сүт сауу толық автоматтандырылған. Бүкіл фермада екі сауыншы ғана бар. Ал сиырлар алаңға байлаусыз жіберіледі, азық жейтін жері, жататын орны бөлек, асты құрғақ болады. Осылай еркін жүріп, тұру малдың сүттілігін арттыруға сеп. Тіпті, күніне екі рет сауын орнына келерде сиырлар біртіндеп рентгендік бақылаудан өткізіліп, дене қызуында ауытқушылық бары дереу автоматты түрде топтан бөлектеліп, мал дәрігерінің бақылауына жіберіледі екен. Ферма меңгерушісі Константин Окасов журналистерге осындай жұмыстар жайын байыптап түсіндіріп берді. Құны 250 миллион теңгелік шетелдік жабдықтарды сатып аларда мемлекет банктен төмен пайызбен несие алуға көмектессе, кейін жұмсалған шығынның отыз пайызын субсидиямен жапқан. Бүгінде әр сиырдан күніне 15-17 литр аралығында сүт сауылуда. Алдағы уақытта көрсеткішті бұдан да арттыра түспекші. Аудан орталығында былтыр желтоқсан айында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ашылған қалалық үлгідегі «Флагман» сауда үйінің де жаңалықтары көп. Бұл нысан мемлекеттің қолдауынсыз кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен ашылған. Мұнда азық-түліктің, күнделікті қолданыстағы тауарлардың түр-түрі бар. Ал бағалары басқа дүкендерден біршама төмендігі байқалады. Сауда үйінің директоры Бағдагүл Дегенбаева мұның мәнісін былайша түсіндірді. Көтерме сауда базаларынан тауарларды тұрақты және көп мөлшерде алып тұратындықтан, бұларға едәуір жеңілдік жасалады екен. Осының есебінен бірқатар тауарлардың бағасын тұтынушылар үшін 10-15 пайызға дейін арзандатып сатуға мүмкіндік туады. Сол себепті сауда айналымы жоғары, тауарлардың өтімділігі жедел, келушілер ертелі-кеш үзілмейді. Сауда үйінің ішінде нан өнімдерін түр-түрімен пісіріп ыстық күйінде сататын өз наубайханалары да бар. Ұн, қант тәрізді әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын төмендететін акциялар да жиі ұйымдастырылып тұрады. Жұмысқа тартылған отыздан аса адамның жалақылары орташа есеппен жетпіс мың теңгеден айналуда. Кәсіпкер Марат Отарбаевтың «Жиһаз-2» ЖШС осыдан он сегіз жыл бұрын небәрі үш ағаш шеберінен тұратын шағын ұстаханадан басталыпты. Қазір мұнда отыздан аса адамды қамтитын бірнеше цехта айына 7-8 миллион теңгенің өнімі өндіріледі. Бүгінгі жоғары сұраныстағы құмблок, пеноблок, плиткалар түр-түрімен, тіпті, бетоннан, пластмассадан, резинадан жасалған тастақталар, еуродуал да шығарылады. Ағаш бұйымдарын дайындайтын цех өз алдына. – Мемлекет қолдауының арқасында өндірісті дамытып отырмыз, – дейді Марат Сейпенұлы. – Осыдан үш жыл бұрын 8 миллион теңге несиені он төрт пайыздық өсіммен алған болсақ, оның жеті пайызын «Даму» қоры арқылы субсидиялап, қазір несиені толық жабуға таяу қалдық. Кәсіпорында маусым уақытына және тапсырыс көлеміне қарай отыз бес-қырық адамға дейін жұмыс істеп, жалақы мөлшері еңбегіне қарай жетпіс мыңнан жүз он мың теңге аралығында. Жұмысшыларға тегін түскі ас беріледі, жуынатын, демалатын орындары жасалған. Алдағы уақытта жаңа технологиялар мен жабдықтар алып, өндіріс көлемін арттыру ойда бар. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Сәттігүл Смағұлованың да өз үйінде киім-кешек, көрпе-жастық тігіп сатумен айналысқанына он шақты жыл болыпты. 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»-ның екінші бағытымен шағын несиеге қол жеткізіп, оған бірнеше тігін машиналары мен жабдықтар, маталар сатып алып тігінші әйелдердің басын құрап «Қыз жасауы» деген атпен тігін цехын ашқан. Бүгінде мұнда алты тігінші, бір пішуші әртүрлі тапсырыстарды орындайды. Мемлекеттік портал арқылы шекара және полиция қызметкерлерінің, кеденшілердің қызметтік киімдерін тігу құқын жеңіп алған, мектептерден оқушылар формаларына, жеке адамдардан да қыз жасауына т. б. тапсырыстар түсіп тұрады. Кейде бәріне үлгермей жататындықтан мұнда да өндіріс ауқымын кеңейту ұйғарылып отыр. Өткен күзде іске қосылған, әзірге облыста баламасы жоқ Масаншыдағы «Грин Вилл» ЖШС жылыжай кешенінің бір жағында қызанақ көшеттері бой көтеріп келе жатса, екінші жағында жаңа құрылыс қарқынды жүргізілуде. Жасыл экономика жаршысы саналатын «CREENWILL» компаниясы оңтүстік кореялық «WOORI A8L» компаниясымен бірлесіп төрт гектар аумақта салу жоспарланған төрт жылыжайдың жалпы құрылысы 1,5 миллиард теңгеге бағаланған. Жобаның сыртқы инвестиция және өз қаражаты есебінен 420,0 миллион теңге жұмсалған алғашқы кезегі өз жемісін бере де бастады. Былтыр күзде пайдалануға берілген алғашқы жылыжайда тәжірибе есебінде өсірілген голландиялық сұрыпты қызанақ көктемгі мол және сапалы өнімімен бұл жобаның кемел келешегін айқындап берді. Жаңа жылыжайда дақылдар көз үйренген дәстүрлі әдіске жат технологиямен топырақсыз негіздерде – жерден биік орнатылған астаушалардағы кокс ұнтақтарында өсіріледі. Әр көшеттің тамырына жіңішке түтікпен тамшылатып нәр беріледі. Қызанақ көшеттері үш метрлік төбеге дейін биіктеп, әрқайсысы 18 килодон өнім береді. Ал мұндағы бір жылыжайда жиырма мың көшетке дейін өсіріледі. Жылыжайдағы ішкі температура, ылғалдылық деңгейі, өсімдіктердің өсу барысы компьютермен бақыланады. Машина бөлігіндегі басқару пульті арқылы өсімдіктерге тиісті уақытында сумен бірге қажетті ақуыз да беріледі. Ал қызанақ гүлдеген кезде тозаңдату бал аралары көмегімен, табиғи жолмен жүргізіледі. Өткен сәуір, мамыр айларында қызанақтың алғашқы өнімі жиналған болса, екінші қайтара отырғызылған көшеттер де ендігі бой көтеріп қалыпты. Іргеде құрылысы аяқталуға таяу екінші жылыжайға отырғызылатын көшеттер де тұқымбақта көбейтіліп дайын тұрған көрінеді. Қонақтарды жұмыс жайымен таныстырып жүрген Харки Исмайловтың айтуынша, жобадағы барлық төрт жылыжай толық іске қосылған кезде мұнда жүзге тарта адам жұмыспен қамтылып, қызанақ пен қияр, құлпынай тәрізді жеңсік көкөністерден жыл бойы өнім жиналатын болады. Аймақ журналистерін, әсіресе, Көгадыр қырқаларын қопарып, жыныс құрамынан алтын, күміс, мыс тәрізді бағалы металдар айырып жатқан кеншілердің жұмысы қызықтырған еді. Алғаш 1988 жылы жүргізілген, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнда 1 миллион 300 мың унция алтын қоры жатқаны дәлелденген (1 унция = 31,1 гр.). Басқаша айтқанда, бұл маңайдағы жер қыртысындағы алтынның мөлшері бір тоннада 1,75 грамға есептелген. 2013 жылдан кен өндіру қолға алынған «Көгадыр» кеніші еліміздің оңтүстігі мен Орта Азия аймағындағы бірегей алтын кеніштерінің тізіміне енгізілген. Мұндағы кен қорын толық игеру кемінде 15 жылға жобаланып отыр. Кен қазу жұмыстарын жүргізіп, тау жыныстарынан алтын айыру зауытын іске қосқан «Central Asia Gold Production» ЖШС-ның директоры Азамат Сапарғазинов пен карьер бастығы Ерлан Зарипов БАҚ өкілдеріне өз жұмыстарының ерекшеліктерін баяндап берді. Кеніште вахталық әдіспен жұмыс істейтін 250 адамның жетпіс пайызға жуығы – осы облыстың тұрғындары. Өндірістің жобалық қуаты жылына 600 мың тонна кен өңдеуге есептелген. Жыныс құрамынан химиялық жолмен алтын өндіруде қолданылатын басты құрамдасы – натрий цианидін Сарысу ауданындағы «Talas Inbest Companu» компаниясынан алады. Оны арзан бағамен қытайдан да әкелуге болатынына қарамастан, компания отандық өндірісті қолдау мақсатында осындай қадамға барып отыр. Кен жер қыртысын терең бұрғылап жару арқылы ашық әдіспен қазып алынуда. Ал өңдеу ұсақталған жыныстарды үймектеп сілтісіздендіре отырып одан катодтық алтын немесе доро құймасын алуға негізделген. Бұл өнімдер одан әрі тазартылып, саф алтынға айналдырылатын афинаж зауыттарына жіберіледі. Баспасөз турына қатысушылар кен қазылып жатқан шахтадан бастап өндіріс циклдерімен толықтай танысып шықты, геологиялық үлгілер химиялық зерттеуден өткізілетін зертханада да болды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұйғарымымен «Көгадыр» кеніші Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген. Әлі-ақ аудан, облыс қана емес, бүкіл еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосуға қабілетті өндіріс орны толық жобалық қуатына жеткенде салықтар түрінде де жергілікті бюджетке миллиондап қаржы қосатын болады.

IMG_9825Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.