ҚОҒАМ НАЗАРЫ БІРЛІКТЕ
ҚОҒАМ НАЗАРЫ БІРЛІКТЕ
Біз – қазақ халқының асқан бауырмашылығын, қонақжайлығын көріп келе жатқан жүздеген ұлт өкілдерінің біріміз. Ұлы дала елін мекен еткен жергілікті ұлттың кең құшағына кімдер келіп енбеді. Кешегі қуғын-сүргін жылдары мен Ұлы Отан соғысының отты жылдарында кең-байтақ қазақ елі талай ұлт пен ұлыс өкілдерінің құтты мекеніне, қасиетті ордасына айналды. Бүгінде Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жыр алыбы Жамбыл бабаның есімін иеленген, береке қонып, шаттық орнаған қасиетті өңірде алаңсыз ғұмыр кешіп жатырмыз. Ата Заңымызда тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір барша қазақстандықтардың шат-шадыман өмір сүрулеріне кепілдік берілген. Біздің Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Елбасы өңірге жасаған жұмыс сапарлары кезінде этномәдени бірлестіктердің жұмысымен де танысуға уақыт тауып жатады. Өзім де Елбасымен кездесіп, жүздескенімде Мемлекет басшысының асқан қарапайымдылығына, кішіпейілділігіне тәнті болғанмын. Қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөз бар. Кей-кейде осы бір ұлағатты сөз Елбасына арналып айтылғандай көрінеді де тұрады. Ұлт Көшбасшысы – кемеңгер саясаткер, әлем таныған қайраткер көп ұлтты Қазақстанда мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын қашанда бірінші орынға қояды. Құдайға шүкір, соның арқасында азат елде алаңсыз да баянды ғұмыр кешіп жатырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығында бүгінде 73 этномәдени бірлестік жұмыс атқаруда. Оның 26-сы облыс орталығында болса, 47-сі аудан орталықтарында. Осы бір халық достығының құтты мекеніне айналған құрылымда бірлестік төрағалары мен мүшелері өз ойларымызды ашық айтып, пікірлерімізді еркін білдіріп жатамыз. Кім-кімнің де басты мақсат-мүддесі – тәуелсіздігіміздің баянды да ғұмырлы болуы. Әйтпесе, облыста мекен ететін ұлттар арасында шешілмеген мәселе жоқ. Ассамблея құрылғалы бері этностардың ұлттық мәдениетін дамыту, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту мақсатында көптеген қоғамдық мәні бар шаралар ұйымдастырылды. Жасы егде кісілерге құрмет көрсету, көп балалы отбасыларына қамқорлық жасау, еңбек әулеті дәстүрлерін насихаттау, этностардың мәдени күндерін, жастар форумын өткізу, этномәдени бірлестіктердің облыстың шалғай аудандарына шығуын және белгілі ғалымдармен, атақты өнер адамдарымен тағылымды кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналды. Қоғам назары бірлікте екенін сөз еткенде мына мәселені қозғағым келеді. Жақында аяқталған Олимпиадада тәуелсіз Қазақстанның туы биік тұғырда үш рет желбіреп, осынша рет біздің мемлекеттің әнұраны орындалды. Алғашқы алтынды ел қанжығасына зілтемір көтеруден Нижат Рахимов, екінші алтынды суға жүзуден Дмитрий Баландин және үшінші алтынды бокстан Данияр Елеусінов байлап, мерейімізді үстем етті. Көк тудың астында мемлекет даңқын шығарған осы үш ұлттың өкілі елінің беделін әлем алдында асқақтатты. Олар мемлекет мақтаныштары деп айтуға әбден лайық азаматтар. Олимпиадаға іріктеу сындарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан осындай оғландарымызды Рио төріне шығарған спорттың басы-қасында жүрген басшы-азаматтарымызға да айтар алғыс көп. Бұл да бірлік пен достықты ту етіп ұстайтын Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі дер едім.
Федор КЛИМЕНКО, «Днепро» украин мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.