Денсаулық

Елдігіміздің айғағы

Елдігіміздің айғағы

Қазақстанның дербес мемлекет екенін айқындайтын туы, елтаңбасы, Әнұраны бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін «Мемлекеттік рәміздер күні» белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге құрметтің белгісі. Себебі, Конституция Мемлекеттік рәміздердің пайдалану тәртібін нақты айқындап, оған құрметпен қарауды міндеттейді. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету халықаралық, мемлекетаралық қарым-қатынас жағдайында да айқын рөлге ие. Шетелдерде өтетін бәсі жоғары спорттық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларды марапаттауда ту көтеріліп, әнұран шырқалады. Бұл – сол елдің Мемлекет басшысына, спортшысына, халқына, мемлекетке ресми түрде көрсетілетін жоғары дәрежедегі кұрмет. Тәуелсіздік алғалы шет мемлекеттерде біздің сан мәрте туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалғанын мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында «Әркім Республиканың Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп айқын көрсетілген. Сондықтан да, кез-келгеніміз Мемлекеттік рәміздерді еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышан екенін, халқымыздың рухын, айбыны мен айбарын айғақтап тұратын құнды белгілер екенін ұмытпауымыз керек. Ең негізгі мәселе рәміздерге байланысты қадағалау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі. Мемлекеттік мекеменің маңдайшасына ілінген көк туымыздың түсі оңып кетпей, бүлінбей, биікте желбіреп тұруын ұдайы бақылауда ұстауға тиіспіз. Дегенмен, соңғы кезде Мемлекеттік туымызды қастерлемегендер туралы бұқаралық ақпарат кұралдарында жарық көрген мәліметтер, шетелде әнұранымыздың шатастырылып шырқалуы қай-қайсысымыздың да намысымызға тиіп, елім деген азаматтарды еріксіз қынжылтқан еді. Бұндай жағдайға еш уақытта бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгісін көрсетіп, оны ата-бабамыздың салт-дәстүрімен сабақтастырсақ, бұл мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге деген адалдықтың белгісі болар еді. Осы орайда бір айта кетерлік жайт, егер мемлекетіміздің азаматтары «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңының талаптарын бұзса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорласа немесе заңсыз пайдаланса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

Айдынғали ДӘУЛЕТАЛДИН, Тараз қаласы прокурорының орынбасары.