Ата заң – тәуелсіздікпен біте қайнасқан егіз ұғым
Ата заң – тәуелсіздікпен біте қайнасқан егіз ұғым
Құрметті жамбылдықтар! Қымбатты жерлестер! Сіздерді тәуелсіз мемлекетіміздің ұлық мерекелерінің бірі әрі бірегейі болып саналатын Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен құттықтаймын! Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция – мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Азаттықтың алтын арқауына айналған Ата Заң – тәуелсіздікпен біте қайнасқан егіз ұғым. Міне, биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтудеміз. Егемен дамудың осы жылдары ішінде Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Экономикалық тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырдық. Ірі реформаларды жүзеге асырдық. Бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен тұтастықтың үлгісін көрсетіп, еліміз жүздеген этнос өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды. Тәуелсіз Қазақстан аса беделді халықаралық ұйымдарды басқарды. Әлемдік қоғамдастық еліміздің орнықты, табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет құру жөніндегі жетістіктерін, әлемде қауіпсіздікті нығайтып, ғаламдық тұрақтылықты нығайтудағы саясатын жоғары бағалайды. Осының бәрі Мемлекет басшысы белгілеген еліміздің саяси бағытының дұрыстығының нәтижесінде, Ата Заңымыздың арқасында болып отыр. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы Конституцияны елдігіміздің киелі кітабы, қастерлі құжаты деп қабылдайды. Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Конституцияны қастерлеу мемлекетті құрметтеу болып табылады. Олай болса, облысымыздың әрбір азаматы Ата Заңымызды ардақтап, мемлекет алдындағы жауапкершілігін жете сезінуі арқылы Елбасы айқындаған нақты міндеттердің іске асуына өз үлестерін қосатынына сенім мол. Баршаңызды мемлекетіміздің мәртебелі мерекесі – Конституция күнімен тағы да шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді Конституция күнімен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ата Заңымыздың мерейі мәңгі ұлық болсын! Мерекелеріңізбен!