Денсаулық

Қазақстан бойынша ядролық сынақтардан 1,5 млн. адам зардап шекті - Сенат спикері

Қазақстан бойынша ядролық сынақтардан 1,5 млн. адам зардап шекті - Сенат спикері

Қазақстан бойынша ядролық санақтардан 1,5 млн. адам зардап шекті. Бүгін Астанада өтіп жатқан «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция ашып, сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт  Тоқаев осылай мәлімдеді. Спикер жиынды аша отырып, конференцияның тақырыбы аса өзекті екенін атап өтті. «Тек Қазақстан бойынша ғана 1,5 млн. адам зардап шекті. Ал дүниежүзі бойынша құрбандар саны жүздеген миллиондап есептеледі. Сынақтарға жаппай тыйым салу және ядролық қаруды заңсыз деп тану - бұл бүкіл әскери атом қаруынан құрбан болғандардың алдындағы біздің адамгершілік парызымыз және саяси борышымыз. Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан Президенті Н. Назарбаев өзінің жарлығымен Семей полигонын мәңгілікке жапты. Бұдан кейін Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа және Ядролық сынақтарға жанжақты тыйым салу туралы шартқа қосылды. Сондықтан да, Қазақстан Президентінің қадамдарын шын мәнінде тарихи қадам деп айтуға негіз бар. Бұл ядролық қарусыз әлем тарихында алғашқы және соңғы оқиға болды», - деді Сенат Төрағасы. Спикер сөз арасында  бүгінгі заманда ядролық қарусыздану мәселесінің әлем үшін маңызы одан сайын артып отырғанын атап өтті. «Бірегей құжат «Әлем ХХІ ғасыр» манифесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудың бақылаусыз таралуы және оның қаупі адамзат үшін ең қауіпті сын-қатер екенін атап көрсетті. Президент Н. Назарбаев әлем тарихында жаһандық ядролық қауіпті бәсеңдету саласында нақты іс-қимыл жасаған алғашқы мемлекет басшысы. Қырып жоятын қарудан азат әлемге қол жеткізудің моральдық және саяси құқығына ие бола отырып, Елбасы жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы миссиясын лайықты орындауда», - деді Қ. Тоқаев. Осы ретте Сенат спикері бүгінгі форумға қатысқаны үшін ҚР Президентіне алғысын жеткізді.  

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат