Денсаулық

Параның ұсағы болмайды

Параның ұсағы болмайды

Президент Н.Назарбаев 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру – азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттырудың маңызды қыры екенін атап көрсеткен болатын. Расында, тамыр-таныстық арқылы мәселені «төтесінен» шешу, жең ұшынан жалғасатын сыбайластық тұрғындардың келешекке деген сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан, Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Соның нәтижесінде жемқорлық сипатындағы қылмысқа жол бергендердің әрекеті назардан тыс қалмауда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінде ағымдағы кезеңде өндірісте 422 істің қаралуы (Өткен жылы бұл көрсеткіш 419 болатын), департамент қызметкерлерінің араласуымен 287 істің тіркелуі – соның дәлелі. Тіркелген 287 істің 207-сі – жемқорлық, 98-і басқа органнан келіп түскен. Жалпы, есепті мерзімде 337 іс қаралып, аяқталды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, 201 іс сотқа жолданды. Осы тұрғыдан алғанда облысымыз ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Енді сол қылмыстық істердің кейбіріне тоқтала кетсек. Жемқорлық сипатындағы қылмыстардың кең таралған түрі – пара алу және пара беру. Есепті кезеңде облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Тарқатып айтсақ, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында, олар Ибн-Сина атындағы Тараз медициналық колледжінің бұрынғы директоры, азаматша Қ.-ға білім саласында қызмет істеу үшін лицензия беру және жалпы қамқорлығы үшін пара ретінде алған 30 000 АҚШ долларының 200 000 теңгесін қайтару барысында әшкереленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Тіркелген тағы бір пара алу фактісі – 2015 жылдың 27 наурызында сотталған Қ.-ға қатысты. Ол жаза мерзімін одан әрі өтеу үшін ЖД-158/1 түзеу мекемесінен ЖД-158/2 түзеу мекемесіне ауыстырылған. Қылмыстық істің құжаттары және жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша 2015 жылдың 27 наурызында азамат Р. пайда табу мақсатында, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, ЖД-158/2 түзеу мекемесінің қызметкерлеріне, нақты өзінің өкілеттілігі мен құқықтарына жатпаса да Қ.-ға қатысты күш қолдану туралы нұсқау берген. 2015 жылдың 29 наурызында ЖД-158/2 түзеу мекемесінің басшысы болмақ болған азамат Ш. жазасын өтеуші Қ.-дан, оған ұстау режіміне қолайлы жағдай жасағаны үшін 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алған және оны Р.-ға берген. Осылайша қылмыстық іс бойынша жеткілікті дәлелдерді ескере отырып, азамат Р. қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігіне сай күдікті деп танылды. Заңға сәйкес пара алушылармен қатар, пара берушілер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Есепті кезеңде пара беру фактілері бойынша бірқатар қылмыстық істер ашылған. 2015 жылдың 10 желтоқсанында «ГазСпецСтрой-А» ЖШС-ның монтаждау іскері М. Алтамиров «Тараз қаласының газ тарату желілерін жаңғырту» нысанын мемлекеттік комиссиямен қабылдау жөніндегі актіге қол қойдыру мақсатында облыстық экология департаментіне барған. Департамент басшысының орынбасары Д. Атауоллаұлымен екеуара әңгіме барысында нысанды қабылдау жөніндегі актіге қол қою үшін 100 000 теңге пара беруге келіседі. Сол күні түс қайта Д. Атауоллаұлы М. Алтамировтан 100 000 теңгені пара алу барысында ұсталды. 2016 жылдың 21 мамырында Тараз қалалық №2 сотының үкімімен пара беруші де, алушы да айыпты деп танылып, М. Қонысбеков пен Д. Атауоллаұлына 5 жыл шартты бас бостандығынан айыру және 7 000 000 теңгеден айыппұл төлеу жазасы кесілді. М.Алтамиров мемлекеттік қызметпен өмір бойына айналысу құқығынан айырылды. Сондай-ақ, оған 3 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Қолданыстағы қылмыстық заңдарда қызмет өкiлетiлігiн терiс пайдаланғандарға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беру қарастырған. Бірақ, соған қарамастан, қызметін асыра пайдалану әрекеті азаяр емес. Т.Рысқұлов аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тіркеген іс осыны көрсетеді. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылдық округінің бұрынғы әкімінің міндетін атқарушы азамат С-ға және Сарыкемер ауылдық округінің бұрынғы әкімі М. 2008-2009 жылдар аралығында азаматтарға жеке құрылыс жүргізуге берілетін жер телімдерінің жоқ екендігін біле тұра, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жеке тұрғын үй құрылысына 150 жер телімін бөлу туралы заңсыз жалған көпе-көрінеу ауылдық округі әкімінің шешімдерін шығарып, сатумен айналысқан. Осыған ұқсас жағдай ағымдағы жылдың 2 наурызында орын алды. Д.Жаманбаев Қордай ауданы әкімінің орынбасары К. Иманалиев «Компания КазСтройИндустрия» ЖШС-на қосалқы құн салығын төлеуге көмектескені үшін оның өкілі Т.Исхаковтан 500 000 теңге алу туралы заңсыз нұсқау бергенін айтып арызданған. Тарқатып айтсақ, дәл осы күні Д.Жаманбаев «Компания КазСтройИндустрия» ЖШС-ның директоры А. Абдужапаровпен және оның көмекшісі Т.Исхаковпен кездесіп, олардың К. Иманалиевке «арнаған» сыйақысы – 100 000 теңгені алған. Пара берушілер бұл соманы құрылыс объектісі бойынша мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісіне қол қойғаны үшін бергенін атап айтқан. 3 наурыз күні таңертеңгі 9-дар шамасында облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлерінің дыбыс жазу құралдарын пайдалану арқылы жүргізген жедел-іздестіру амалдары кезінде Қордай ауданы әкімі аппаратының 2-қабатында, аудан әкімінің орынбасары К. Иманалиев өзінің қызметтік міндетіне кіретін іс-әрекетін атқарғаны үшін «Компания КазСтройИндустрия» ЖШС-ның директоры А.Абдужапаров және оның көмекшісі Т.Исхаковтың арызданушы Д.Жаманбаевтан беріп жіберген 100 000 теңге параны алу кезінде ұсталды. К.Иманалиев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 1-бөлігі бойынша күдікті деп танылды. Қылмыстық іс Қордай аудандық сотында қаралып, сот үкімімен К.Иманалиев кінәлі деп танылып, оған 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Пара сұрағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар Талас ауданында да бар. Қаратау қаласының әкімі М., Қаратау қаласы әкімдігінің бөлім басшысы М. және Қаратау қаласы әкімдігінің бас маманы С. 25 мамырда жеке кәсіпкер Б-дан Қаратау қаласында жер телімін кәсіпкерлік қызметке беру үшін жалпы соммасы 80 000 теңге пара алған. Қазір қылмыстық іс Қаратау аймағы бойынша ААБ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеу өндірісінде. Көрші Қырғыз елінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына байланысты екі арадағы кедендік бақылаулардың алынып тасталғанына қарамастан Қазақстан Республикасына кіргізуге тыйым салынған тауарлар өңіріміздің шекаралас аумақтарында орналасқан кеден бекеттерінен тыс жерлерден контрабандалық жолмен тасымалдануда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің қызметкерлері тиісті жедел іс-шаралар атқаруының нәтижесінде кеден бекеттерінде бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды. Жалпы, Үкімет қаулысы бойынша бекітілген қағидаға сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға өзге де жолмен жәрдемдесетін азаматтар ақшалай қаражатпен марапатталатыны мәлім. Біржолғы ақшалай сыйақы түріндегі көтермелеу мынандай мөлшерде белгіленген: сыбайлас жемқорлық әкімшілік істер 30 айлық есептік көрсеткіш; онша ауыр емес қылмыстар бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш; ауырлығы орташа қылмыстар 50 айлық есептік көрсеткіш; ауыр қылмыстар 70 айлық есептік көрсеткіш; аса ауыр қылмыстар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Сыбайлас жемқорлық қылмысын әшкерелеуге және алдын алуға көмектескендерді көтермелеу қағидасына сәйкес департаменттегі арнайы құрылған комиссия сыбайлас жемқорлықты анықтауға өз үлесін қосқан 7 азаматты марапаттау туралы шешімдер қабылдады. Ереженің талабына сәйкес 7 азаматтың екеуіне – 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, 5 азаматқа – 70 АЕК көлемінде, барлығы 148 470 теңге сыйақы берілді. Жемқорлықтың жолын кесумен қатар, департамент қызметкерлері заңсыз тұтқындалғандарға араша болуда. Біз азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеуді қатаң бақылауды ұстаймыз.

Мақсат ҚОЖАБАЕВ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы.