Денсаулық

Азаматтың ақ жолы

Азаматтың ақ жолы

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деп келетін Абайдың қара сөзіндегідей, саналы адам баласы бел ортасы жасқа келгеннен жас кезде өткізген өмірі жайлы жиі ойға шоматыны рас. Жасқа-жас қосылып, әр белесті бағындырған сайын артына қарайлап, өткен күнге өнеге қалдыра алдым ба, ұрпағым мен еліме нендей пайдам тиді деген сауал санасында жүретін болар. Осындайда адамға қуат беріп, ширықтырар бір-ақ нәрсе бар секілді: ол – өнегелі ұрпағы мен елден алғыс арқалаған сауапты істері ғана. Біз сөз еткелі отырған Әбдімаш аға, Аллаға шүкір, ғибратты ғұмыр жолында, өткенге өнеге қалдырып жүрген азаматтың бірі. Бүгінде жетпіс жасқа толып отырған азамат жайлы баяндаудың өзі бір ғанибет. Ағаның өмір жолына аз-кем көз жүгіртер болсақ, еңбек етуден жалықпаған, өзін үнемі жетілдіру үстінде болған азамат екенін аңғаруға болады. 1946 жылдың тамыз айында Талас ауданының сол кездегі Ильич ауылында дүниеге келген Әбдімаш Мәмешов сол ауылдағы орта мектепті бітірген. Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтында «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша білім алған. Институттың нұсқауымен сол кездегі Жамбыл қаласындағы «Казстальконструкция» мамандандырылған басқармасында үш жыл инженер, шебер болып жұмыс істейді. 1971 жылдан 1977 жылға дейін Жамбыл облыстық колхозаралық құрылыс басқармасында прораб, бас инженер одан кейінгі жылдарда инженер-бақылаушы, Алматы жоғары партия мектебінде тыңдаушы, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушінің орынбасары, құрылыс бөлімінің меңгерушісі, инспектор қызметтерін атқарды. Саяси қызметке 1980 жылдардан бастап араласа бастайды. Тоқсаныншы жылдардың басында Шу қалалық атқару комитетінде төраға, қалалық кеңесте төрағаның бірінші орынбасары қызметінде ысылған ол кейіннен өндірістік Қаратау қаласының әкімі қызметін атқарды. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына көшірілгенде Талас ауданы әкімі қызметіне бекіді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңіндегі заманның қиыншылығын қазірге дейін тебіреніспен еске алады. Жаппай жұмыссыздық жайлап, ішерге ас таппай отырған тұрғындармен жұмыс істеп, олардың жағдайын жасау қаншалықты қиын болғанын еске алғанда бір-ақ уақыт үнсіз қалады. – Әлі есімде, Талас ауданының әкімі болып тағайындалып, сол кездегі жүздеген мың теңгеден құралған бюджетпен қандай іс атқаруға болатынын білмей, басымыз қатушы еді. Сондай күндердің бірінде жұмыс бөлмеме қолдарына кішкентай балаларын көтерген елу шақты ана кіріп келді. Жағдайдың жоқтығы әбден қажытқан әйелдер басар тау, барар жер таппай, ең болмағанда жейтін азық-түлік тауып беруді талап етті. Жаным қаншалықты ауырғанымен, менің де, сол кездегі мемлекеттің де жағдайы жоқ еді. Оларға материалдық болмаса да, сөзбен қолдау білдіріп, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» жұмыс жасаушы едік. Тіпті, күнде жағдай айтып келетін азаматтардан кабинет босамайтын күндер болды. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң тұсында жаңа жүйе қалыптастырып, бәрін бірінші болып бастан кешіру ешкімге де оңайға соқпады, – деп еске алады Әбдімаш аға өткен күндерді. 2000-2007 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облыстық аумақтық басқармасының басшысы-тәртіптік кеңестің төрағасы, 2007 жылдан 2011 жылға дейін аталған агенттіктің Қостанай облысы бойынша басқарма басшысы-тәртіптік кеңестің төрағасы қызметтерін абыроймен, біліктілікпен атқарған азамат бүгінде құрметті еңбек демалысында. Қоғам алдында сіңірген еңбегі мен атқарған қыруар жұмыстары азаматтың абыройын асырумен қатар, беделін көтерді. Жұмысы жемісті болып, орынды бағаланды. Өңіріне тағылған «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Талас ауданының Құрметті азаматы атақтары соның айғағы болса керек. Әлбетте, қазақ қашанда ер-азаматтың төрге озғаны болса, оның артында қолдай білген, қажет кезінде демеу бере білген жарының жақсы болғанымен де өлшейді. Әбдімаш ағаның қашанда қасынан табылып, шаңырағының түтінін түтетіп отырған, Дархан және Дарын есімді ұлдарын дүниеге әкелген жары Әлімбүбі Түркебаева да ерекше жан. Келген қонағын құрақ ұшып қарсы алып, ер-азаматтың жағдайын жасай білген ананың да мейірімі өзгеше. Бүгінде қос ұлдан тараған немерелердің қызығын тамашалап, оларға ақылшы ата мен әже болып отырған Әбдімаш Мәмешов пен Әлімбүбі Түркебаеваның шаңырағы шаттық пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың ордасына айналған.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».