Денсаулық

Игі істердің ұйытқысы

Игі істердің ұйытқысы

Тараздағы №10 аумақтық округінің ардагерлері «Темір жол су» мекемесінде бас қосты. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Сансызбай Жорабеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов қатысқан жиында сәуір айында өткен республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық комитетінің VІІ съезінде көтерілген мәселелер талқыланды. Жиында баяндама жасаған №10 аумақтық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Досаевтың айтуынша, аталған аумақтық округтің ардагерлер ұйымында 12 бастауыш партия ұйымы мен 5 мыңға тарта зейнеткер, 7 соғыс ардагері бар екен. Әр кез кеңес отырысында алуан түрлі әлеуметтік сұрақтар қаралып, қала, облыс әкімінің назарына ұсынылып отыратын көрінеді. – Еліміз қол жеткізген жетістіктер мен халық үшін атқарылып жатқан игі істер – тәуелсіздігіміздің жемісі. Негізінен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдаулары халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға негізделген. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан көрінуге бастайды. Жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, мемлекетіміздің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық дағдарыстық құбылыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасының маңызы зор. Ардагерлер Елбасы саясатына қолдау білдіріп, ел бірлігі жолында ішкі тұрақтылықты нығайтуға, жастарға тәрбие беру, ұйымның жұмысын жетілдіру бағытындағы жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз, – деді ол. Сонымен қатар, Ж.Досаев ардагерлер мен зейнеткерлер үшін шипажайларға жолдама 50 пайыз жеңілдікпен беріліп, Тараз қаласынан тегін дәрі-дәрмек босататын дәріхана ашылса деген ұсыныс жасады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұйым жанынан ұлттық өнерімізді насихаттап, жастарға үлгі болу мақсатында «Ардагерлер» ансамблі ашылған болатын. 65-80 жас аралығындағы өнерлі қариялар бүгінде қалалық, облыстық байқауларда кемі 3-орын иеленіп жүр. Былтыр Астана қаласында өткен 14 облыстан 250 адам қатысқан республикалық байқауда жүлделі екінші орынды жеңіп алған. Жиын соңында жұртшылық осы «Ардагерлер» ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалады.

Нұрым Болатұлы, журналист.