Денсаулық

Қазақстан – бейбітшіліктің жақтаушысы

Қазақстан – бейбітшіліктің жақтаушысы

Қазақ даласына ажал уын сепкен Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл – 25 жыл. 1991 жылдың 29 тамызында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін жарты ғасырға жуық елімізді қасіретке батырған ядролық қарудың сыналуына түбегейлі нүкте қойылды. Елбасымыздың осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүниежүзінен оң бағасын алды. Өйткені, бұл жаппай қырып-жою қаруын таратпау және ядролық қаруды қолдануға қарсы күрес саясатының алғышарты еді. Жалпы, жарты мыңға жуық сынақ жасалған полигонның жабу және ядролық қарусыздандыру идеясымен әлем жұртшылығын бейбітшілікке шақырған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында 29 тамыз «Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні» болып жарияланды. Осы айтулы күнге орай М.Шолохов атындағы қалалық кітапхананың оқу залында «Ядролық қарудан бас тарту – ХХІ ғасырдың басты мақсаты» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Жиынға облыстық «Чернобыль Кеңесі» орталығының мүшесі, Семей ядролық полигонына қатысқан Оразбек Ұмышбаев, Серікбай Қожамсейтов, Асылбек Азизбеков және «Тараз-ҒаСыр» колледжі мен №38 орта мектептің ұжымы, кітапхана оқырмандары қатысты. – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қою арқылы бүкіл әлемге жаппай қаруланудан сақтандырудың бастамасы еді. Ал АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммитте жария еткен «Әлем. XXI ғасыр» манифесі халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құру мен кез-келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алу үшін барша адамзатты бейбітшілікке шақырған үндеу болды. Бұл манифест – әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау бойынша Мемлекет басшысының негізгі кезеңдік жұмысы. «Бағдарламалық құжат» деген атауға ие болған манифестің әлем елдері алдында жоғары бағалануы Қазақстанның бейбітсүйгіш мемлекет екенін дәлелдейді, – деді «Тараз-Ғасыр» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Нұралы «дөңгелек үстелде» өз ойын ортаға салып. Оразбек Жұманәліұлы Семей сынақ алаңының зардабын тартқан халқымыздың қасіретті тағдырынан сыр шертті. – Қазақ жері 40 жыл бойы тажал қаруды сынайтын тамұққа айналған еді. Сынақ барысында 456 ядролық жарылыс жасалыпты. Оның 110-нан астамы ашық аспан астында жарылған. Жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есеге артық болған. Қазақ даласының 300 мың шаршы шақырымы радиацияға уланып, одан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Халық арасында ауру-сырқау, кемтарлар көбейді. Еліміз егемендік алған соң ғана, адамзатқа тек қайғы-қасіреттен басқа берері жоқ сынақ полигоны жабылды. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлікпен жүргізе білген ішкі, сыртқы саясаттағы жемісі, Тәуелсіздігіміздің арқасы, – дейді ол. Басқосу барысында кітапхана оқырмандары «Ядролық қарусыз болашаққа» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Көрмеде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» атты толғам-кітабы мен «Семей-Невада» қозғалысының лидері Олжас Сүлейменовтің шығармалары таныстырылды.

Айнаш Тасмағамбетова, Шолохов атындағы кітапхана меңгерушісі.