Денсаулық

Жаңа форматтағы атаулы көмек әлеуметтік ахуалды жоғарылатады

Жаңа форматтағы атаулы көмек әлеуметтік ахуалды жоғарылатады

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметінің басты міндеті – азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін жақсарту. Осы мақсатта тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтарына «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек», «18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы», «Тұрғын үй көмегі» секілді атаулы көмектер арқылы қолдау көрсетіліп келеді. Осы жылдың 7 айында 1992 азамат 31,2 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегімен қамтылды. 20,7 мың отбасындағы 65,6 мың балаға 781,1 миллион теңгенің балалар жәрдемақысы берілді. 10,7 мың отбасына 188,5 миллион теңгенің тұрғын үй көмегі көрсетіліп, өмірдің қиын жағдайында қалған 10,9 мың азамат 220,9 миллион теңгенің материалдық көмегін пайдаланды. 1287 мүгедек баланы үйде оқытуға 31,0 миллион теңге жұмсалды. Ауылды жерде тұратын әлеуметтік сала мамандарының отын сатып алуы үшін 6919 отбасы 40,0 миллион теңгемен қаржыландырылды. Халықтың мұқтаж санаттарын әлеуметтік төлемдермен қамту және жұмыспен қамтудағы әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерін тиімді қолданудың нәтижесінде табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 1,5 пайыздық көрсеткішті құрап, атаулы көмек алушылардың ішінде жұмысқа жарамды азаматтардың үлесі 25 пайызға дейін төмендеп отыр. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 84-қадамында көрсетілгендей, атаулы әлеуметтік көмек тиімділігін көтеру мақсатында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жандандыру үшін облысымызда 2014 жылдан бері «Өрлеу» қанатқақты жобасы шеңберінде шартты ақшалай көмек ұсыну бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шартты ақшалай көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасыларға төленеді. Бұл ретте жәрдем алушылар арнаулы әлеуметтік келісімшартқа сәйкес жобаға қатысуға міндетті. Осындай келісім жасалғаннан кейін жобаға қатысушы уақытша қосымша жәрдемақының орнына жұмысқа орналасуға, оның ішінде жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қажет болған жағдайда басқа да мамандықтарға қайта оқыту курстарына баруы керек. Яғни, барлық мүмкіндіктерді толық пайдалана отырып, өз отбасын өмір сүрудің сапалы деңгейіне жеткізуге міндетті. Биыл облыста шартты ақшалай көмекпен 892 отбасы, нақты 4923 адам қамтылып, оларға 96,7 миллион теңге тағайындалды. Шартты ақшалай көмек тағайындаған отбасылардың 1035 жұмыс жасындағы азаматтары әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылса, оның 134-і тұрақты жұмысқа 256-сы ақылы қоғамдық, 459 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 7-еуі жастар тәжірибесімен қайта даярлау оқуына, қалғаны әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Бағдарлама негізінде әлеуметтік көмек жүйесіне жаңғырту жүргізу жоспарланып отырғанын да айта кету керек. Осы жылы шартты ақшалай көмек республика бойынша қанатқақты режімде, 2018 жылдан бастап заңды түрде көп балалы және аз қамтылған отбасыларына берілетін әлеуметтік төлемдердің орнына жаңа форматтағы атаулы көмек тағайындалатын болады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бүгінде 4 баласы 18 жасқа толмаған отбасыларына берілетін арнаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа толмаған балалары бар отбасыларына жергілікті бюджет есебінен берілетін жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектің орнына берілетін төлем болады. Яғни атаулы көмек шартты атаулы әлеуметтік көмек және шартсыз тағайындалатын көмек ретінде беріледі. Шартты атаулы көмек аз қамтылған отбасындағы еңбек жасындағы азаматтардың міндетті түрде мемлекеттің жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда, ал шартсыз ақшалай көмек отбасында жұмысқа жарамды азаматтары жоқ отбасыларына тағайындалады. Өмірдің қиын жағдайында қалған отбасыларының проблемасы жұмыспен қамту және шартты көмек ұсынуменен бітпей, қосымша шаралар қажет болған жағдайда, отбасының құжаттары аудан, қала әкімдігі жанында құрылған водомствоаралық комиссияның қарауына жолданады. Комиссияда денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту және басқа салалар арқылы да шешілетін сұрақтар қаралып, қолдау көрсету жолдары ұсынылады. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда қолға алынып отырған мемлекеттік қолдау жүйесі көмекке мұқтаж отбасының барлық әлеуметтік сұрақтарын шешуді көздейді және көмек әр отбасы мүшелерінің еңбекке деген қабілетін ескере отырып, тағайындалады. Яғни көмек шын мұқтаж отбасыларына беріліп, атаулылығы күшейеді. Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылып, мамандығы жоқ азаматтардың мамандық алуына мүмкіншілік береді.

14101614_1766998586915209_3Жорабек Баубеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.