Денсаулық

СҮЙЕМ ЖЕРДІҢ ДЕ СҰРАУЫ БАР

СҮЙЕМ ЖЕРДІҢ ДЕ СҰРАУЫ БАР

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Онда бүгінгі таңдағы маңызды мәселенің бірі – ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мен игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару тақырыбы кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Ілияс Тортаев пен жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серік Тәпеев баяндама жасады. ЕГІСТІКТІҢ ИГЕРІЛУІ ҚАНДАЙ? Облыс бойынша 594 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасқан. Мұнан өзге 133,7 мың гектар жер парға қалдырылған. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі бойынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл облыс көлемінде егістік жердің игерілу көрсеткіші 22 мың гектарға артқан екен. Алайда, егістікке жарамды мыңдаған гектар жердің игерусіз жатқанын айтқан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ілияс Тортаев: «Жері қолайлы Байзақ және Жамбыл аудандарында бір мың гектардан аса, Меркі ауданында – 7 мың 186, Шу ауданында 20 мың гектардан аса жер игерілмеген. Оның себебі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсақтығы. Суармалы егістіктің игерілуіне кері әсер етіп отырған тағы бір фактор инженерлік су жүйелерінің істен шығуы немесе тозуы болып табылады. Облыс бойынша суармалы егістік алқабы 229,6 мың гектарды құраса, оның 85,8 мың гектары сумен қамтамасыз етуді жақсартуды қажет етеді. Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 13500, Жамбыл ауданында – 15900, Жуалы ауданында – 2700, Қордай ауданында – 9900, Т.Рысқұлов ауданында – 4600, Талас ауданында – 9300, Шу ауданында – 20300, Сарысу ауданында 400 гектар жерге су жеткізетін науалы каналдар қалпына келтіруді және күрделі жөндеуді талап етеді», – деді. Облыс аумағында пайдалануға және жекеменшікке берілмеген 2,1 миллион гектардан аса босалқы жер болса, оның 43 мың гектары егістік жерлер болып табылады. Бүгінгі таңда оларды ауыл шаруашылығы айналымына қосу жұмыстары жүргізілуде екен. Ол жұмыстарды жүргізуге облыстық бюджеттен 30 миллион теңге бөлінген. Ал жерді пайдалану мен оның қорғалуын бақылайтын басқарма тарапынан жыл басынан бері 197 тексеру жүргізілген екен. Соның нәтижесінде 104 заң бұзушылық анықталған. Аталған дерек бойынша 16 ескерту жасалып, 88 тұлғаға 14,5 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін пайдаланбаған 13 азаматқа бір жылға ескерту жасалған. Облыста жылма-жыл конкурс арқылы 70 мың гектар жер, оның 50 гектары аукцион арқылы берілуі тиіс екен. Биыл конкурс арқылы 146,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жері жалға беріліп, аумағы 9,6 гектар жер учаскелері аукцион арқылы 13 миллион 714 мың теңгеге бағаланып, сатылған. Сонымен қатар, облыстың инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесіп аграрлық секторға қаржы салуға ниет білдірген инвесторлар үшін резервтік жер қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсат үшін Мойынқұм, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандары аумағынан 195 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері таңдалып алынған. Ал Шу ауданынан – 139 мың, Қордай ауданынан – 33 мың, Меркі ауданынан 19 мың гектар жер учаскелері меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлері қант қызылшасын отырғызуға ыңғайлы деп таңдалған. Көрсетілген жер учаскелері араб инвесторлары тарапынан қолдау тауып, олар пайдалануға ниет білдірген. БҮЛІНГЕН ЖЕРЛЕР БАРШЫЛЫҚ Жер қатынастары басқармасы тарапынан 2013-2015 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға бағытталған облыстық бағдарлама жүзеге асырылған болатын. Бағдарлама аясында жергілікті бюджет есебінен бүлінген жердің есебін нақтылау жұмыстары атқарылған. Аталған жұмыстар нәтижесінде облыс бойынша 6278 гектар бүлінген жер анықталған. Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 176, Жамбыл ауданында – 309, Жуалы ауданында – 123, Қордай ауданында – 360, Меркі ауданында – 98, Мойынқұм ауданында – 721, Сарысу ауданында – 2502, Талас ауданында – 1645, Т.Рысқұлов ауданында – 196, Шу ауданында 145 гектар жер бүлінген. Басқарма басшысы Ілияс Тортаев бұл бағытта аудандар тарапынан тиісті шаралар қолға алынбай отырғанын айтады. Ал осы бүлінген жерлерді анықтап, оған байланысты тиісті шараларды дер кезінде қолданып, мұндай жағдайдың алдын алуға жауапты облыс әкімдігінің жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серік Тәпеевке облыс әкімі ескерту жасады. Облыс басшысы Мойынқұм ауданында мия тамырын қазып, қазылған жерлерді қайта көмбей тастап кеткендердің кесірі жергілікті тұрғындарға тиіп жатқанын мысалға келтірді. Тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. КЕЗЕКТЕ ҚАНША АДАМ ТҰР? Облыс тұрғындары, оның ішінде, Тараз қаласының тұрғындары жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін алуға көптеп өтініш білдіріп жатқаны белгілі. Облыс бойынша бүгінде 93339 өтініш тіркелген. Оның ішінде, Тараз қаласы бойынша 61432, Байзақ ауданы – 4321, Жамбыл ауданы – 5681, Жуалы ауданы – 1135, Шу ауданы – 4652, Қордай ауданы – 11039, Меркі ауданы – 2458, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 2621 азамат жер кезегінде тұр. Ілияс Тортаев халықтың өтінішін қанағаттандыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандық бюджеттен жерлерге су және электр жүйелерімен жабдықтауға жобалық-сметалық құжаттар жасау үшін қаржы қарастыруды өтінді. Жиын соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жер мәселесі төңірегінде қордаланған мәселелерді шешуді міндеттеп, оны бақылауда ұстауды өзінің орынбасары Абдалы Нұралиевке тапсырды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».