Денсаулық

Елбасы: Өрендеріміз әлі де талай жеңіс тұғырларына шығады

Елбасы: Өрендеріміз әлі де талай жеңіс тұғырларына шығады

Рио Олимпиадасындағы жарқын жеңістер Қазақстан Тәуелсіздігінің екінші ширегіндегі толағай табыстарымыздың бастауы. Бүгін Астанада жазғы ХХХІ Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанатты шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті. «Құрметті отандастар! Рио-де-Жанейродағы жарқын жеңістер Қазақстан Тәуелсіздігінің екінші ширегіндегі толағай табыстарымыздың бастауы болып саналады. Бірнеше айдан кейін еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл бүкіл халықтың, барша елдің, әрбір қазақстандықтың тойы»,-деп тоқталды Президент. Бұл ретте Елбасы осы жылдары Қазақстанның дәрежесі барша әлемде көтеріліп, жастар дүниежүзінің үздік оқу орындарында білімін шыңдап, еліміздің болашағына жұмыс істеп жатқанын атап өтті. «Істейтін жұмыс көп, дегенмен де 25 жылдықта біз көп жұмыстар жасадық деп айта аламыз. Біздің еліміз әлі талай биіктерден көреді, өрендеріміз әлі де талай жеңіс тұғырларына шығады. Жеңістен жеңіске жете берейік, Көкбайрағымыз әрдайым биікте желбіреп, Әнұранымыз асқақтай берсін!»,-деді Н. Назарбаев. Бұдан бұрын хабарланғандай, салтанатты шара барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Рио Олимпиадасының чемпиондарын II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Елбасы қолынан осынау жоғары награданы Олимпиада чемпиондары Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин мен Ниджат Раxимов алды. Сонымен қатар осы орденді Олимпиаданың күміс жүлдесін алған Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит те тақты.  

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат