Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Астана көшелерімен жүріп өтті
Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Астана көшелерімен жүріп өтті
Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері «Бәйтерек» монументінен «Қазақстан» орталық концерт залына дейін шеру жасап өтті. Олимпиадалық кортеж кабриолеттерден жасақталған. Орталық концерт залы алдында Олимпиадашыларды астаналық жұрт зор қошеметпен қарсы алды. Спортшылар салтанатты түрде қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылы 5 және 21 тамыз аралығында өткен Жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрама командасы жалпы саны 17 медаль ұтып алды. Бұл - Қазақстанның Олимпиада ойындарына 6-шы рет қатысуы. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғаған. Олимпиададан Қазақстан еншісінде 3 алтын, 5 күміс, 9 қола жүлде бар. Алтын жүлдеге бокстан Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан Нижат Раxимов пен жүзуден Дмитрий Баландин еншіледі. Күміс медальді қазақ спортшылары сапынан Әділбек Ниязымбетов (бокс), Василий Левит (бокс), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Гүзел Манюровалар (күрес) алып берсе, қола жүлдеге Иван Дычко (бокс), Дариға Шәкімова (бокс), Отгонцэцэг Галбадраx (дзюдо), Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Элмира Сыздықова (күрес), Екатерина Ларионова (күрес), Фарxад Харки (ауыр атлетика) қол жеткізе алды.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат