Мектеп оқушылары жаппай бір үлгіде киінуге міндеттілмейді - БҒМ
Мектеп оқушылары жаппай бір үлгіде киінуге міндеттілмейді - БҒМ
Мектеп оқушыларына жаппай бір үлгіде киіну туралы талап қойылмайды. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мектеп формасына қатысты осындай түсініктеме беріп отыр, - деп хабарлайды"Астана" телеарнасы. Тілшілердің мәліметінше, елімізде бірыңғай форма жүйесі енгізілгенімен, оның үлгісін таңдау білім ордаларының қалауына берілген. Бұл үрдіс алдағы уақытта да солай қала бермек. Соңғы уақытта БАҚ беттерінде "елімізде оқушылар формасы бірыңғай жүйеге көшеді екен" деген ақпар тараған еді. Тіпті ғаламторда оның алғашқы сызбасы да көрсетілген. Бірақ бұл мәліметті Білім және ғылым министрлігі жоққа шығарды. Ведомство өкілі, оқушылардың киім үлгісі әлі де әрбір мектептің ішкі таңдауы екенін айтады. ҚР Білім және ғылым министрлігі департамент басшысының міндетін атқарушы Қалкен Жакинның айтуынша, бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделмеген. "Мектеп формасын енгізу мектеп ұйымының және ата-аналардың құзыретінде. Сол себептен әр мектепте мектеп формасы ерекше болады", - деді ол. Алайда министрліктің талабы бойынша, тиісті ережелерге сәйкес, мектеп формасында үштен артық түстің араласпауы шарт. Аллергиялық аурулар қоздырмайтын, классикалық үлгідегі, жылы, әрі қозғалуға ыңғайлы матадан тігілуі тиіс. Өзгесі ата-ананың қалауында.
Ақпарат көзі: Kaz.tengrinews.kz