Техникалық мамандар даярлау – уақыт талабы
Техникалық мамандар даярлау – уақыт талабы
Қазіргі таңда жерді мақсатты пайдалану – өте өзекті мәселе. Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшелері қолданыстағы мораторий мерзімін тағы да 5 жылға ұзарту жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасады. Бұл жұмысты Елбасы қолдады. Жер реформасы бойынша мораторий мерзімінің ұзартылғанын мақұлдаған олар 5 жыл мерзімде ауыл шаруашылығына қажетті кәсіптік-техникалық мамандарды жеткілікті мөлшерде дайындауға мүмкіндік туады деген пікірге келді. Келесі жылдан бастап кәсіптік-техникалық білім тегін болатыны да бұл мәселенің әбден пісіп-жетілгенін көрсетеді. Біз осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатыроваға хабарласқан едік. «Жер реформасы туралы мораторийдің ұзарғанын мен де қолдаймын. Себебі, келесі жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау тегін жүргізіледі. Аталған оқу орындары бұрындары да тегін білім беретін. Ендігісінде өзгешелік бар. Мәселен, келесі жылы 4123 грант осы мақсатта бөлінеді. Бұл гранттарды облыстық білім басқармалары кәсіптік колледждердің мүмкіндігіне қарай, фермерлердің қажеттілігіне қарай бөліп беретін болады», – деді Жәмила Елеуқызы. Кәсіптік-техникалық колледждер әр ауданда бар. Кейбір аудандағы оқу орындарының техникалық базалары нашар екенін білеміз. Сондықтан, Жамбыл ауданы, Өрнек ауылындағы №17 кәсіптік-техникалық колледжге ат басын бұрдық. Бұл білім ордасының сыртқы көрінісінің өзі алыстан әсемдігімен көз тартады. Заман талабына сай жаңғырғаны, жөнделгені көрініп тұр. Колледж директоры Талап Әбдібеков оқу орнының тарихына қысқаша тоқталды. Бұл білім ордасы сонау 1955 жылы бес ауданға ортақ машина-трактор стансасы болып құрылған екен. Бастапқыда Талас, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының ауыл шаруашылық техникаларының базасы ретінде қызмет атқарған. 1959 жылы тың және тыңайған жерлерге ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылады. Сол кездің өзінде мұнда 300 жас білім алған көрінеді. Олардың дені еліміздің солтүстік өңіріндегі тың игеру науқанына белсене қатысқан. Талап Нышанбекұлы кәсіптік-техникалық колледжді 2007 жылдан бері басқарып келеді. Ресейдің Тюмень ауыл шаруашылығы институтын бітірген білікті маман, аудандық мәслихаттың дептутаты. 2014 жылы аудандық мәслихат бойынша «Белсенді депутат» аталымын иеленген, халық қалаулысы Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау, Жұма ауылдарындағы бес мыңға жуық сайлаушылардың талап-тілегіне құлақ асып, мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етуде. Ерназар, Тоғызтарау ауылдарына апаратын жолдың жөнделуіне себепкер болды. Өрнек ауылының көшелеріне жарық тарттырды. Бұл ауылдарға алдағы жылдары «көгілдір отын» келе бастайды. Депутат басқаратын кәсіптік-техникалық колледжге 2013 жылы республикалық қазынадан 77 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Үш қабатты ғимараттың іші-сырты жасарып, жайнап тұр. 50 орындық жабдықталған компьютер бөлмесі, 70 орындық мәжіліс залы, 75 орындық асхана, 60 орындық жатақхана заман талабына сай. Машина-трактор, тігінші мамандарын дайындауға арналған бөлмелерді, өндірістік оқыту шеберханасын, лабораторияны, кітапхана мен спорт залын аралап көрдік. Бүгінгі таңда бұл колледжде 60 адам еңбек етсе, 185 оқушы-білімгері бар. «Фермер шаруашылығы», «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі», «Дәнекерлеу ісі», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету», «Автокөліктерді жөндеу слесарі», «Электрмен және газбен жабдықтау» бағыттары бойынша маман дайындайды. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Тұрлықұлова, шеберхана меңгерушісі Бекболат Сәтібаев, арнайы пән оқытушылары Нұрбек Сапарбаев, Жетпіс Мехыбаев, өндірістік оқыту шеберлері Айтжан Майнашев, Нұрғазы Тұрлықұлов, Мадияр Түлкібаевтар – өз ісінің озаттары. Ардагерлер, кәсіптік білім беру саласының үздіктері Фатима Алтынбекова, Шынәлі Майнашев, Қадірхан Бейсенбеков бай тәжірибелерімен жас мамандарға үлгі болып жүр. Жас ұстаздар Айтбек Рысбеков, Бақтияр Сапарбаев сапалы жұмыстарымен көзге түсуде. Биыл колледжді Виталий Чижиков, Жансая Бекбосын сынды түлектер қызыл дипломмен аяқтапты. Ағайынды Жантөре, Байтөре Сәндібековтер де оқу озаттары. «Оқу жылы басталғанда 60 орындық жатақханамыз ә дегеннен-ақ толып қалады. Бізге басқа ауданнан келіп оқитындар да көп. Басқа колледждерде жоқ кейбір мамандықтар бізде бар. Материалдық-техникалық базамыз да талапқа сай», – дейді колледж директоры. Кітапханашы Нағима Етекбаева 8200 кітап қоры бар екенін, оқырмандар арасында түрлі байқаулар, семинарларды жиі өткізетінін алға тартты. Әсіресе, Ауған соғысы ардагерлерінің білімгер шәкірттермен кездесуі тұрақты ұйымдастырылып тұрады екен. Өрнектің өзінде 7 Ауған соғысының ардагері бар көрінеді. Мінеки, оқу-өндірістік базасы талапқа сай, күрделі жөндеуден өткен Өрнек ауылындағы кәсіптік-техникалық колледждің жұмысы көңілден шығады. Айналасындағы төрт ауылдың өзінде 5 мыңнан астам тұрғын бар екен. Оған өзге ауыл-аудандардан келетін білімгерлерді қосыңыз. «Бәрін айт та, бірін айт» кәсіптік-техникалық колледждерге бөлінетін грант иелеріне білім беруге, ауыл шаруашылығына қат мамандар даярлауға Өрнек ауылындағы №17 колледж сұранып-ақ тұр.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.