Рахмет саған, Рио!
Рахмет саған, Рио!
Төрт жыл бойы төрткіл дүние халқы сағына, сарыла күткен Жазғы Олимпиада ойындары да мәресіне жетті. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласын дүбірге бөлеген бәсірелі дода жанкүйер біткеннің көңіліне бірде қуаныш, бірде өкініш сыйлады. Рио-де-Жанейро қаласындағы атақты «Маракана» футбол стадионында төртжылдықтың басты додасының жабылу салтанаты ресми түрде өтті. Бұл ресми шараға Олимпиада ойындарынан елдеріне қайтып үлгермеген спортшылардың бәрі де қатысты. Олардың қатарында қазақстандық спортшылар да болды. Сән-салтанатқа толы шара барысында Бразилия халқының ғасырлар бойы жалғасқан төл тарихы, салт-дәстүрі, сенім-нанымы сипатталды. Ән мен биге ұласқан театрландырылған көріністер жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Одан бөлек, Олимпиада ойындарының ең әсерлі сәттері назарға ұсынылды. Олардың арасына қазақстандық дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах пен әйелдер арасында еркін күресінен Екатерина Ларионованың жеңісті жұлып алған сәттері еніпті. Кейіннен Халықаралық Олимпиада комитетінің Президенті Томас Бах марафонның жеңімпазы кениялық Элиуд Кипчоге, жүлдегерлері Фейиса Лилеса (Эфиопия) мен Гален Рупке (АҚШ) медальдарын ресми түрде табыстады. Одан бөлек, Олимпиада комитеті спортшылар комиссиясының жаңа мүшелері кім екені анықталды. Грекия мемлекеті және Олимпиада Гимндері шырқалды. Олимпиаданың қасиетті байрағы Токио мэріне тапсырылып, Жапония астанасы таныстырылды. Енді спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер 2020 жылы 24 шілде – 9 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарын асыға күтеді. XXXI Олимпиадада 22-орын Бразилияға Қазақстаннан спорттың 26 түрі бойынша 104 спортшы қатысып, жүлделі орындардан көрінуге тырысты. Нәтижесінде Қазақстан құрама командасы 17 жүлде (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) иеленіп, жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл Олимпиада ойындарында қазақ елі ең көп жүлдеге қол жеткізіп, рекорд жаңалады. Иә, Лондон Олимпиадасында 13 медаль олжалаған болатынбыз. Алайда, осы он жеті медаль Лондондағы көрсеткішімізді қайталауымызға сеп болған жоқ. Лондонда жеті алтын жүлдені қоржынға салған қазақ спортшылары бұл жолы үш алтынмен шектелді. Ауыр атлет Нижат Рахимов, жүзу спортының шебері Дмитрий Баландин, боксшы Данияр Елеусінов мойнына ілген алтын жүлделер тіпті үздік жиырмалыққа енуімізге аздық етті. Рио Олимпиадасында есесіне тарихта тұңғыш рет үш бірдей қазақ қызы жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Олимпиада ойындарында алғаш рет мойнына күміс медаль ілген ауыр атлет Жазира Жапарқұл болса, әйелдер күресінде жеңіске деген барлық құштарлығын аңғарта білген, жанарынан жасын атқан Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шакимовалар қола жүлдеге қол жеткізіп, мәртебемізді асырды. Сонымен қатар, Рио Олимпиадасында үш бірдей қазақстандық спортшы екінші мәрте Олимпиада ойындарының жүлдесін қанжығаға байлады. Әйелдер күресінде Лондон Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген Гюзель Манюрова 38 жасында қазақ еліне күміс медаль алып берді (ол Афины Олимпиадасында Ресей Федерациясының сапында күміс жүлде иеленгенін есепке алмаймыз). Бокстан 81 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Әділбек Ниязымбетов екінші мәрте Олимпиада ойындарында екінші тұғырдан көрініп, Болат Жұмаділовтің жетістігін қайталады. Одан бөлек, қазақ спортшыларының қатары екі дүркін қола жүлде иегерімен толықты. Аса ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычко Лондон Олимпиадасындағы нәтижесінен әрі аса алмады. Иванға бұйырғаны – тағы да қола медаль. Жалпы, Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылар 13 жүлденің жартысынан көбісінде алтын жүлдеге (жетеу) қол жеткізсе, бұл жолы он жеті медальдің тоғызы қола болды. Яғни, сападан гөрі санға кетіп бара жатырмыз...
Аруларымыз – көкке, ерлеріміз – жерге...
Жайшылықта қазақ «Балуан Шолақ пен Қажымұқандай бабалардың ізін жалғаған балуан халықпыз» деп мақтанғанда алдына жан салмайтыны аян. Рас, Жақсылық Үшкемпіров секілді Олимпиада чемпиондары шыққан қазақта сом білекті балуан жетеді. Бірақ, бабалар қанымен сіңетін балуандық өнер ерлерімізден гөрі қыздарымызға молырақ дарыған ба деген ойға шомдық. Еркін күрестен де, грек-рим күресінен де жігіттеріміз жүлдеге іліге алмай, жүйкемізді тоздырды. Ел мақтаған классиктеріміз Досжан Қартықов пен Алмат Кебісбаев алтынды былай қойғанда, қола жүлдені армандап кетті. Осы Олимпиадада мықтылық танытады деген Нұрмахан Тінәлиев те алысқа шаппады. Еркін күрес шеберлеріміз де жарытып өнер көрсете алмады. Тек Ғалымжан Өсербаев қана жартылай финалға шықты. Ғалымжанның жанарынан жеңіске деген құштарлықты байқағанымызбен, шешуші сәтте сәтсіздікке тап болды. Дәулет Шабанбай да ел үмітін ақтай алмады. Есесіне жоғарыда айтып өткеніміздей, аруларымыз жарады. Гюзель Манюрова күміспен күптелсе, Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықовалар қола жүлде иеленіп қайтты. Баландиннің ізбасарлары көбейсе... Қазақстанда шыны керек, бокс, ауыр атлетика секілді спорт түрлері қарыштап дамығаны анық. Тәуелсіздік алған жылдарда қатысқан Олимпиада ойындарында бір ғана бокстан біздің елдің құрамасы 7 алтын медаль иеленген. Оның төртеуі «төл» салмағымыз 69 келіде. Сөзсіз тамаша жетістік. Бұл Олимпиада ойындарында да біздің құрама бес медаль алды. Құрама капитаны Данияр Елеусінов алтынмен апталса, Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит күміс медаль иеленді. Иван Дычко мен Дариға Шакимова қола алғанын жоғарыда сөз еттік. Ауыр атлетикада да айтарлықтай үлесіміз бар екені рас. Дегенмен... Рио Олимпиадасында басты сенсацияға айналған жүзу спортының шебері Дмитрий Баландиннің ерлігін айтпасқа лаж жоқ. Букмекерлік кеңселер ақтық сынның анық аутсайдеріне балаған Баландин әлемді өз өнерімен тәнті етті. Жалпы, жүзу спортында ең көп медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Америка Құрама Штаттары бір ғана жүзу спортынан 16 алтын медальды еншілегенін айтсақ та, бұған көздеріңіз анық жетеді. Ол аз десеңіз, американдық «балық» Майкл Фелпс Риода бес алтын алып, жалпы Олимпиада ойындарының 23 дүркін чемпионы атанып отыр. Аңыз ба, аңыз. Бұдан шығатын қорытынды не? Иә, біздің елде де жүзу спортын дамыту керек. Оған қаржыны аямаған ләзім. Мәселен, бокста я болмаса күресте бір спортшы жалқы жүлдені иелене алатын болса, жүзуден бір ғана спортшының он шақты алтын медаль алатын мүмкіндігі баршылық. Командалық спорт түрлерімен қатар, біздің елде жүзу спорты да мықтап қолға алынса деуіміз де сондықтан. Баландиннің ізбасарлары көбейіп, алдағы Олимпиада ойындарында есімі беймәлім спортшымызды айталық Олимпиада ойындарының әлденеше дүркін чемпионы немесе жүлдегері деп айтқан өзімізге де тиімді емес пе? Ендеше, ойланатын сәт келген сияқты. Ендігі үміт Токиода Рио Олимпиадасында қазақ спортшылары жеңіспен қатар, жеңілістің де ащы дәмін татты. Ол аз десеңіз, спортшыларымыз әділетсіздіктің құрбанына да айналды. Айталық, 91 келідегі боксшымыз Василий Левит ресейлік Евгений Тищенконы жеңгенін күллі әлем көрсе де, төрешілер көрмеді. Жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаевтың да жолын төрешілер бөгеді. Шымкенттік былғары қолғап шебері Қайрат Ералиевке де «әділ» қазылар қырын қарады. Алайда, шаттықтан шалқыған сәттеріміз де аз емес. Енді төрт жылдан соң Токио төрінде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына үлкен үміт артамыз. Жапонияда жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарының бағдарламасына каратэ спорты енгізілді. Спорттың осы түрі бойынша бірнеше әлем чемпиондарын тәрбиелеген қазақ елінің қоржыны бос қайтпас деген үміт басым. Демек, Лондон Олимпиадасында жалпыкомандалық есепте қол жеткізген 12-орынға қайта оралатын мүмкіндік жетіп артылады. Ендеше, қош бол, Рио, құшағыңды аш, Токио, демекпіз. Жеңісті күндеріміз мол болғай!